Фото: Kazinform
Қазақстанда көктемге қарай мұз жұқарып, су айдындарындағы қауіп күшейіп отыр. Осыған байланысты ел бойынша алдын алу жұмыстары күшейтілді, – деп хабарлайды KAZINFORM.
Бұл туралы ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті басқармасының бастығы Магомет Ахриев мәлім етті.
Оның айтуынша, құтқарушылар мен жергілікті бөлімшелер өзен-көлдерде тұрақты бақылау жүргізіп жатыр.
– Республика бойынша 30 мыңға жуық рейд ұйымдастырылды. 105 мыңнан астам азаматқа қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Оның ішінде 50 мыңға жуық балықшы арнайы нұсқама алды, – деді ол.
Дегенмен, қауіпсіздік талаптарын елемейтін жағдайлар әлі де тіркеліп отыр.
– Жыл басынан бері 40 адам құтқарылды. Оның ішінде 15-і – балалар. Көп жағдайда адамдар жұқа мұзға шығып, өз өміріне қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, қараша айынан бері мұз қату кезеңінде елімізде 8 адам қаза болды, – деді Магомет Ахриев.
Оның мәліметінше, қазіргі уақытта оңтүстік өңірлерден басқа аймақтардың басым бөлігінде өзен-көлдер әлі мұз құрсауында. Алайда мұздың беріктігі әлсіреп, қауіпті кезең басталған.
– Осыған байланысты ірі өзендерге ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, Есіл, Ертіс және Жайық өзендері маңында бақылау күшейтілді. Бұл жерлерде адамдар жиі жиналатындықтан, қауіп те жоғары, – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!