Сырттан қонақ келгенде  үйді реттеп, «әртіс» киім киіп аламыз. Басты ой − жақсы көріну. Ал, алдымен  еденде жылтырап жатқан кілем көзге оттай басылады. Тіпті, оны аяғыңмен басқың  да келмей қалады. Ендігі кезекте осы мысалды  қала жағдайына қатысты пайымдасақ.  Қалаға зәулім арка қойылды. Баннерлер мен түнгі қаланың түрлі-түсті шамдары көз жауын алады. Әдемілігі сонша келген  адам кері қайтқысы жоқ. Ордамыздың шаңы мен желі ыстық,оның үстіне қолдан келгенше заманауи қалаға айналдырудамыз. Алайда, шешілмеген мәселе жоқтың қасы емес.  Бәрін айт та, бірін айт,  алдымен көзге жолдың  түсетіні анық. Жылтыраған күйімен емес, әрине. Сондықтан «Жол азабы – көр азабы» мақалы  бізге жақсы таныс.

Қызылорда қаласында халық саны жыл санап артуда. Жүретін аяқ та, дөңгелейтін дөңгелек те көп. Сәйкесінше жолдың «жыры» мықтап бекіген түйінді мәселеге айналды. «Өңірде автомобиль  жолдары қашанда өзекті. Биыл бұл бағытта аймақта қарқынды жұмысты байқауға болады. Атап айтсақ  Арал ауданының жол желісін дамытуға 1,9 млрд теңге, Қармақшы ауданына «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» автомобиль жолын күрделі жөндеуге және Жосалы кентінің 12 көшесін орташа жөндеуге  305 млн теңге, Жалағаш ауданының жол желісін дамытуға 576,7 млн теңге, Қазалы ауданының жолын жақсартуға барлығы 1,8 млрд теңге бөлінді» деп айтқан болатынбыз. Әлқиссасын айттық, енді саралап, тарқатайық.

Тұрғындардың кезекті уәжі –  жаяу жүргіншілер жолының аздығы. Діттеген жеріне екі аяқпен жетуді қалайтын тұрғындар кей кезде темір тұлпарларға арналып салынған асфальтта жағаласа жүреді. Жүргізушілердің бірі шамданса, бірі бұл жағдайға сабырмен қарайды. Мұндай жағдайда жаяу жүргінші асфальтпен немесе бұрқыраған шаңның арасымен өтеді. Себебі, жүргіншіге арналған арнайы жол жоқ. Барлығы емес, бірақ сын көтермейтін көшелер бар.  Осы мәселе бойынша Қызылорда қаласында орналасқан М.Сужиков көшесінің жағдайын барлап қайттық. Наразылық білдірген тұрғындардың сөзі расталды: жаяу жүргіншіге арналған арнайы жол жоқ,  жиі орын алатын көлік кептелісі, қауіпті бұрылыс, аяғын нық басып өтуге қорқатын оқушылар. Иә, дұрыс оқыдыңыз, оқушыларды айттық! Тәуелсіздік даңғылы көшесі тұрғындарының басты қорқынышы  9 ай  бойы балаларының мектепке қатынайтын көшесінің қауіпті болуы. Осы айтылған аумақтан Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейіне баратын жалғыз жол  – М.Сужиков көшесі. 

− Тәуелсіздік даңғылы мен Демесінов көшесінен Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейіне жүздеген оқушы барады. Алайда, білім ошағына қатынайтын жолдың жайы алаңдарлық. Себебі, М.Сужиков, Төле би көшелерінің қиылысы  өте қауіпті. Аумағы тар, екі жақтан көлік жүреді. Бала түгілі үлкендердің өзіне қиындық туады. Мектеп алдында, нақтырақ айтсақ, Әбілхайыр хан көшесінде барлығын жол плициясы бақылауда ұстайды. Ал, мектептің артында бала жүретін жер жоқ. Осыны биліктегілер назарға алса екен дейміз,− деді  көше тұрғыны Қуаныш Нұрмағанбетова.

− Көпбалалы анамын. Менің және көршілерімнің балапандары мектепке М.Сужиков көшесі арқылы қатынайды. Екі жақтан көлік қатар келгенде жанымызды шүберекке түйіп өтеміз. Тіпті, жаяу жүргіншілердің барына қарамастан жылдамдықты үдетіп өтетін жүргізушілер бар. Жақын арада оқу басталады, қыркүйек келе жатыр. Басшылар өз үлестерін қосып,  балаларымызға жағдай жасап берсе, − дейді ата-ана Әсел Тәңірбергенқызы.

− М.Сужиков көшесімен күніне кем дегенде 5-6 мәрте өтемін. Сабақ немесе жұмыс кезінде бұл жермен  жүру өте қиын. Жаяу жүргіншілер көп және бұрылыс өте қауіпті. Үлкен автокөліктер кезіксе, жаяу жүргіншілердің жиекке шыға алмай қалатынын өз көзімізбен көреміз,− деп жалғады пікірді «Yandex Go»  таксиінің қызметкері Әбен Төкешов.

Елдің үні естілсе...

− Осы аймақтың тұрақты тұрғыны ретінде М.Сужиков көшесінің жағдайына басшылықтың назар аударғанын қалаймын.  Жаяу жүргіншінің көздеген жеріне аман жетуі үшін тротуар салып берсе дейміз. Жоғары жылдам­дықпен келетін көліктерден шаршадық. Жер үйлерде үріп жатқан иттер, жолдың жиегі шаң мен қоқысқа толы. Ал, бұрылыстағы қараусыз қалған үйдің жанынан өту тіптен қорқынышты,− деді көпбалалы ана Маржан Батыржанқызы.

Айтылған уәждерді басты назарға ала отырып, «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің басшысы Ғалымжан Кайназаровпен кездестік. Нәтижесінде жақын арада біткен және алдағы уақытта тротуармен қамтамасыз етілетін көшелердің жобасымен таныстық. Жаяу жүргіншілер жолын орналастыру үшін  қаламыздағы 19 көшенің жоба-сметалық құжаты әзірленген. Жалпы  34,4 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілерге арналатын  жолдың  құны 780,6 млн теңгені  құрайды.

– Қаламыздағы М.Сужиков көшесіне жаяу жүргіншілер  жолын орналастыру үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленбеді. Себебі, аталған көшенің ені тар болуына орай жаяу жүргінші жолын салу мүмкіндігі жоқ. Дегенмен, оған дейінгі Демесінов көшесі, Есенов көшесінен Алтынсарин көшесіне дейін жаяу жүргіншілер  жолын орналастыру үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе, жұмыс басталады, − деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы Бердібек Шөкенов.

Елдің үні естілсе...

Жаяу жүргінші жолының салынбайтынын естіген тұрғындардың арасынан басшылыққа тағы да ұсыныстар түсті. Қала тұрғыны Гүлнәр Мейірбекова көшенің жаңбыр мен қар күндері мүлдем қолайсыз болатынын ескере отырып, М.Сужиков көшесін автомобильдер   үшін бір бағытта жүруге ауыстыруға ұсыныс айтты. Осы сауалды толық тарқату үшін  ҚПП әкімшілік полиция бөлімінің жол-техника инспекциясы тобының қызметкерлерімен тілдестік. Түсіндірме жұмысы барысында көшенің бағытын бір бағытты қылу үшін жасалатын іс-шаралар түсіндірілді.

Екі тарапқа ортақ автомобиль жолдары кездесетін басқа да көшелер бар. Біз соның бірін ғана айттық. Жол мен жаяу жүргіншілер жолы өз шешімін табады деген ойдамыз. 

Әлия Тәжібаева

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!