KAZINFORM — ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов концерттерде фонограммаға тыйым салу нормасына қатысты түсінік берді.
Дауыстық (вокалдық) фонограммаларға шектеу қою жоспарланған. Жалпы, фонограмманың ауқымы үлкен. Бұл заңды Парламентте пысықтау барысында тек дауыстық (вокалдық) фонограммаларға тыйым салуды қарастырдық. Атап айтқанда, осы норма концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысты, яғни 200 көрерменнен астам іс-шараларда фонограмма пайдалануға тыйым салынады, – деді А.Сыдықов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге бейімделмеген орындар бар екенін айтты. Осы орайда көшелер мен алаңдарда, ипподром сияқты нысандарда фонограммаға тыйым салынбайды. Бірақ, осыған қатысты ұйымдастырушылар тиісті хабарлама жасауға міндеттеледі.
Мұнымен қоса, телевизиялық жазбалар кезінде фонограммаға рұқсат беріледі. Атап айтқанда, бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенаторлар құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды. Бұл тұрғыда Мәжіліс депутаттары ұсынған нормаларға редакциялық сипаттағы толықтыру енгізілді, – деді вице-министр.
Айта кетейік, Сенаттың жалпы отырысында А.Сыдықов фонограммаға тыйым салу мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жаңа норма енгізіліп жатқанын мәлім етті. Бұл ретте, 1 мың АЕК-ке дейін айыппұл салу ескерілмек. Осы тыйымды жүзеге асыруды жергілікті атқарушы органдар қадағалайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
