SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, мектеп оқушылары қысқы демалыста 10 күн демалады. Екінші тоқсан аяқталғаннан кейін қысқы каникул 2025 жылғы 29 желтоқсаннан 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін жалғасады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Министрлік оқушылардың демалыс кезеңіндегі уақытын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыруға ерекше мән беріп отыр. Осы мақсатта «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында тәрбиелік, мәдени және танымдық бағыттағы іс-шаралар өткізу көзделген.

Оқушыларға демалыс уақытында кітап оқу, музейлер мен көрме залдарына, ғылыми орталықтар мен тарихи нысандарға экскурсия жасау, спорттық ойындарға қатысу, коньки мен шаңғы тебу, сондай-ақ қайырымдылық акцияларына араласу ұсынылады.

Сонымен қатар мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарында білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастыруға кеңес берілген.

Басты басымдық — балалардың қауіпсіздігі. Осыған байланысты ата-аналармен бірлесіп жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрмыстық өрт қауіпсіздігі мен киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді.

Министрлік бұл ұсыныстардың білім беру ұйымдарына әдістемелік нұсқаулық ретінде жолданатынын хабарлады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!