Өткен демалыс күндері елімізде 80-нен астам жол-көлік оқиғасы болып, 20-дан астам адам қаза тапты. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұраталиев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жол жағдайын ескеріп, еліміздегі жолдарда адамдардың қаза болуы, жарақат алуы, мүгедек болып қалуы салдарынан Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы қауіпсіздігі айлығын өткізуді ұйғарды. Жол-патрульдік қызметтің барлық экипаждары осы шараны өткізуге барынша жұмылдырылған. Бірінші кезекте жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын көлік құралдары тексеріледі. Яғни, автобустар, микроавтобустар, минивэндер, такси жүргізушілері. Осы жол апаттарын талдау нәтижесінде көргеніміздей, мысалы, бес орын қарастырылған жеңіл автокөлікте – жеті-сегіз адам, бес ересек және екі-үш бала қаза тапқан», – деді Жандос Мұратәлиев Ішкі істер министрлігінің онлайн брифингінде.
Оның айтуынша, жол-патруль полициясының түнгі уақыттағы жұмысы күшейтілген, себебі жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі қараңғы түскенде жиілейді. Сондай-ақ, демалыс кезінде автокөлік жолдарында қозғалыс көбейеді. Қызметкерлер түрлі себептер бойынша автокөліктерді тоқтатқанда жүргізушілердің әсіресе түнгі уақытта мұқият болуы үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Сонымен бірге, Ж. Мұратәлиев бірқатар жол апатын тексергенде тежегіш ізінің жоқтығы анықталғанын, бұл жүргізушілердің көлікте ұйықтап кеткенін білдіретінін айтты. Осы себепті соңғы уақытта 8 адам қаза тауып, 9 адам жарақат алған. Сондықтан, көлікті тоқтатқан полиция қызметкерлері жүргізушінің жай-күйіне – сапарды жалғастыра алатынына, көліктің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне, жолаушылар санына және басқа да мәселелерге назар аударады
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!