Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі 3 млн-нан астам бала жазғы сауықтыру орталықтарында демалатынын жариялады.

«Мемлекет басшысының балаларды сауықтыруға арналған 50 орталықты іске қосу жөніндегі тапсырмасы аясында осы жылы Абай, Атырау, Қостанай, Жетісу облыстарында және Астана қаласында жалпы 5 жаңа орталықты ашу жоспарланған. Жазғы маусымда 10 мыңнан астам сауықтыру орталығы жұмыс істейді, оларда 92% немесе 3 млн-нан астам оқушы жазғы сауықтырумен, демалыспен қамтылмақ», – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство мәліметінде, осы мақсатта министрлік демалыс орталықтарының әрбір түріне қатысты бірыңғай талаптарды қамтитын әдістемелік ұсынымдар жинағы әзірленіп, әкімдіктерге жолдады. Жинақта жазғы демалысты сапалы ұйымдастыруға қажет барлық нормативтік-құқықтық акті қамтылған. Жазғы сауықтыру лагерьлері өңірдегі қажет деңгейге сәйкес жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.

«Қазір жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша 3 млн-нан астам (тегін, ақылы негізде) бала жазғы сауықтыру орталықтарында демалатын болады. Тегін лагерьлермен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен әрі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардағы оқушылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасыларда тұратын балалар және өзге де санаттары қамтылады», – деп аталып өткен Оқу-ағарту министрлігі ақпаратында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!