фото: stan.kz

Қазақстанда енді жылдық кірісі 30 миллион теңгеден асатындар үшін жеке табыс салығы 15 пайызды құрауы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сараланған ставка есепті жыл ішіндегі кірісі 8 500 айлық есептік көрсеткіш, якни 33 миллион теңгеден жоғары тұлғаларға қолданылады. 

Жалпы, жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесін белгілеу мәселесі кейінгі бірнеше жылдан бері қызу талқыланып жатыр. Себебі, көпшілік жүктеме әділ бөлінгенін қалайды. Сәйкесінше, әр адам салықты табысына қарай төлеуі тиіс.

Мәселен, енді жылдық кірісі 30 миллион теңгеден асатын қазақстандықтар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі 15 пайыз болуы ықтимал. Бірақ бұл тәртіп жыл басынан  қолданылмайды. Жалақы 3 миллион теңгенің көлемінде делік, яғни кірісі 30 миллионға жетпейінше тұрғын жеке табыс салығы есебінде айлығының 10 пайызын төлейді. Шекті сомадан асқан соң ставка 15 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл ережені тұрғындар қолдайтынын айтып жатыр.

“Оны дұрыс деп есептеймін. Мемлекеттің салығы төленбесе, оның ішінде біздің зейнетақымы, жалақымыз бар. Бәрі соның есебінен құралатын ақша ғой”, – дейді Астана тұрғыны. 

Тағы бір тұрғын бәріне бірдей 10% болуы керек, деп есептейтінін жеткізді. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар бұдан былай зейнетақы жинақтарынан жеке табыс салығын төлемейтіні туралы хабарлаған едік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!