Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ОКҚ өткен брифингте Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаражат 100 млрд доллардан асуы мүмкін екенін айтты.

Қуантыров 30 жылда елден заңсыз шығарылған нақты соманы айту қиын екенін мәлімдеді. «Ондаған миллиард доллар шығарылған. Бірақ нақты соманы айту қиын. Бұл шамамен 100 млрд доллар немесе одан сәл көп болатын шығар», – дейді министр. Қуантыровтың сөзінше, бұл қаражатты қайтарудың түрлі тетіктері, атап айтқанда салықтық және салықтан тыс ынталандыру тетігі қарастырылып жатыр. «Салықтық бойынша екі бағытта жұмыс бастадық. Бірінші бағыт – қаражатты сыртқа заңсыз шығаруға тосқауыл қою. Осының бір мысалы – салықтық шаралар. Біз инвестор төлемеген дивидендттер бойынша жеңілдіктерді алып тастай аламыз… Сондай-ақ капиталды қайтаруға ынталандыру бойынша да шаралар қарастырылуда. Мұнда да біз оларға белгілі бір жеңілдіктер береміз. Біз бұл шараларды пысықтап жатырмыз және олар Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шұғыл заң жобасында бар», – дейді Ұлттық экономика министрі.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елімізге қайтару туралы тапсырма берген еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!