2025 жылғы 8–11 қыркүйек күндері «Облысқа республикалық ақпараттық түсіндірме топ мүшелерін немесе теолог, дінтанушы және басқа да діни салаға қажетті мамандарды шақыру» әлеуметтік жобасы аясында ауқымды ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылды.

Аталған іс-шаралар аясында елімізге белгілі исламтанушы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Елдос Қуандықұлы аймақтың бірқатар мешіттерінде, оқу орындарында, мекемелерінде кездесулер өткізді. Ол өз сөзінде жастардың Отанға қызметі, сүйіспеншілігі, өз білімін өз болашағы үшін арттыру керектігі, қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту және теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтанудың маңыздылығына тоқталды.

Жұмаділда Елдос Қуандықұлының қатысуымен «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде құптан намазы аясында жамағатқа уағыз-насихат жүргізілді. Сондай-ақ, Қызылорда медициналық жоғары колледжі мен «Болашақ» университетінде студент жастармен кездесулер өтіп, олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берілді. Бұдан бөлек, Теннис орталығында спорт саласының мамандары мен бапкерлерімен жүздесу ұйымдастырылып, жас спортсмендерге тек денесін емес, рухын да мықтап шынықтыру кезінде ұлттық құндылықтарды көбірек шындау туралы мәселелері қозғалды. Әскери-техникалық сарбаздармен өткізілген кездесуде патриотизм, рухани тәрбие және діни білімнің өзара байланысы кеңінен талқыланды.

Өткізілген шаралар аймақ тұрғындары арасында ұлттық құндылықтарымызды кеңінен түсіндіріп, діни сауаттылықты арттыруға, деструктивті діни идеологияның ықпалынан сақтануға, алдын алуға бағытталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!