Фото: Ru.freepik.com
Үкімет коучинг қызметін реттеуге мүмкіндік беретін кәсіби стандарттарды бекіткелі отыр. Бұл кәсіби коучтар мен ”инфосығандарды” ажыратуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро”бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет халықаралық коучинг федерациясымен бірлесіп, кәсіби стандартын да әзірледі. Соған сәйкес, тек ресми рұқсаты бар мамандар ғана халықпен тығыз жұмыс істеуге құқылы болмақ. Бастысы, сертификатталған коучтардың тізімі жасалып, enbek.kz порталында жарияланбақ.
Психолог Жаннұр Дәуренбекованың айтуынша, кеңес алатын маманды толық зерттеу керек. Шешімді де азамат өзі қабылдайды. Сәйкесінше, жауапкершілік те өзінде.
“Көшеде қолыңызға ұстатып кеткен кез келген нәрсені ауызыңызға салып, жей бермейсіз ғой. Сол сияқты адамдар беріліп жатқан ақпаратты ол қандай коуч болсын, білімі бар, жоқ болсын, ол берілген ақпаратты саралап, сүзгіден өткізіп, қажет пе, қажет емес пе немесе екі қолын төбесіне көтеріп, ажырас деді мен ажырасуым керек деп, бала-шағасын тастап, күйеуін тастап кетпеу керек”, – дейді психолог Жаннұр Дәуренбекова.
Үкімет басшысы, коучинг қызметі кәсіби стандарттар жүйесі арқылы реттелетінін жеткізді. Демек, оларды оқыту, сертификаттау халықаралық федерацияға жүктеледі. Тізілімге де енгізетін осы ұйым.
“Кәсіптік стандарт 9 қызметті қамтиды: бизнес-коуч, мансаптық коуч, лайф-коуч, командалық коуч, көшбасшылық коуч, денсаулық және сауықтыру коучі, кәсіпкерлерге арналған коуч, білім беру коучі, спорттық дайындық коучі. Кәсіптік стандарттың негізінде Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында сертификатталған коуч-жаттықтырушылар тізілімі жасақталады”, – дейді премьер-министр Олжас Бектенов парламент сенатының депутаттарына берген жаубында.
Айтуынша, тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған заңға да коучтарға қатысты өзгертулер енгізіліп жатыр. Яғни, олар алдымен біліктілігін дәлелдейтін сертификат алуы тиіс әрі құжатты тұтынушыға көрсетуге міндетті. Егер кісіні жаңылыстырып, не жалған жарнама таратса, жазаланады. Ал, біліктілігі болмаса, жұмыс істеуіне тыйым салынбақ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!