Үкімет басында кредиті бар азаматтарды жекелеген санаттарға бөлмек. Ақшаны уақытынан кешіктіріп төлейтіндер немесе мүлдем қарызын ұмытып кеткендерге несие берілмейтін болады, – деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Жалақыға дейін қарыз беретін микроқаржы ұйымдарының да жұмысы шектеледі. Шенеуніктер шамадан тыс кредит алатындардың мәселесін сәл де болса шешеміз деп отыр.

Жалпы орта есеппен әрбір қазақстандықтың басында 1 миллион теңгедей кредиті бар екен. Соңғы кезде тіпті несиесін жаңа несиемен жауып отырғандардың саны артқан.

Премьер-министр Әлихан Смайылов халықтың қаржылық сауатын ертеректен арттыру үшін мектептің оқу бағдарламасына арнайы сабақ енгізуді құптайды. Оқу-ағарту министрлігі бұл тапсырманы қазір пысықтап жатыр. 

Сабақта оқушыларға қаржы мүмкіндіктерін дұрыс есептеу тетіктері түсіндіріледі.

«Шамадан тыс кредит алу проблемасын түбегейлі шешу үшін банктерде және кредит алушылардың санатына қарай шектеу енгізу қажет. Микроқаржы ұйымдардың, әсіресе «жалақыға дейін» қарыз беретін ұйымдардың шекті кредиттеу мөлшерлемелерін, сомасы мен мерзімін қайта қарау қажет», – дейді премьер-министр Әлихан Смайылов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!