Фото: Ашық дереккөзден алынды
Қазір әлеуметтік мәселеге назар аударудың ұнамсыз үрдісі қалыптасқандай. Жауапты сала мамандары мен институттар күнде кезігетін олқылыққа бейжай қарап, тек қоғамдық резонанс тудырғанда шешуге ұмтылатындай көрінеді. Оған дәлел – экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың өлімі. Байқасақ, атышулы оқиғадан соң ғана сең жүрді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құқықтық жауапкершілігі артып, аталған мәселе саяси алаңда көп талқылануда. Мұны айтудағы себеп, күйеуінен таяқ жеген келіншек, жігітінен зорлық көрген бойжеткен, ер зәбірінен қаза тапқан әйел тақырыбы бүгін пайда болған жоқ. Мәселен, Қазақстанда жыл сайын 80 мыңға жуық әйел сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, 300 мыңдайы түрлі зорлық-зомбылық көреді. Әділдік іздеп шарқ ұрып, араша сұрап есік жағалайды. Өкініштісі, қызды «жат жұрттық» деп тәриелеген кей отбасы теріс айналып, туысынан қолдау көрмеген нәзікжандылар мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр. Бұл орайда дағдарыс орталықтары – жәбірленушінің маңдай тіреп баратын жалғыз мекені.
«Жаман еркек қайдан шығады?»
Алдымен тұрмыстық қиянаттың себебін білу маңызды. «Ер адам неліктен қол көтереді?», «Жұбайының оқиғаны ушықтырмауға мүмкіндігі болды ма?» деген сауалдарға жауап іздеу түйінді тарқатуға әкеледі. Әрине, бұл орайда отбасындағы әйел мен ер рөлі туралы консервативті нотация мен жаттанды ұлттық ұран жауапқа жүрмейді. Сондықтан мәселенің объективті себебін бақылау үшін нақты қоғамдық әрі тұрмыстық аспектіні назарға алу жөн секілді. Мамандар пікірінше, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты тудыратын үш тетік бар. Ол – маскүнемдік, жұмыссыздық және қаржылық қиындық. Осы үштағанның айналасында болатын жанжал қол көтеру, айқай көзіне айналуда. Аталған мәселе туралы елордалық әлеуметтанушы Шаттық
Тайбекқызына хабарласып, пікірін білген едік.
– Тұрмыстық келіспеушілікке әкелетін фактор көп. Соның бірі – қаржылық ахуал. Отбасы құрғанға дейін өз еркімен ақша жұмсап үйренген жастар қалыптан айнығысы келмейді. Не киемін, не ішемін деп бас қатырмаған бойжеткен отбасылық үнемшілдікке үйрене алмай жатады. Тіпті, отасқандарына біршама жыл болған ерлі-зайыптылар да ақша мәселесіне келгенде әлсіздік танытады. Мысалы, той-томалақ кезінде кімге қанша апарамыздан басталған әңгіме «менің туысыма аз, өз туысыңа көп» деген жікке бөлінуге ұласады, – дейді маман.
Жұмыссыздық пен маскүнемдіктің «жыры» белгілі. Екеуіне ортақ олқылық – қаржылық шығын, шаңырақ берекесін алу. Тіпті соңғы уақытта мұндай әлеуметтік ахуалды жүйесіз жүргізілген мемлекеттік реформаларға телитіндер бар. Бірі мамандық бойынша жұмыс табылмауын сылтау етсе, енді бірі жалақы аздығын алға тартады. Салдарынан тұрмыстық дағдарыс туындап, әйелге қол көтеруге итермелейді-міс. Қайсыбірі болсын, озбырлықты ақтауға үйір. Әр тармаққа тартылғанымен, ортақ себеп түсінікті. Тек бір ғана тақырыптың басы ашық. «Әйел не үшін зәбірге шыдайды, үйде қалудың мәні неде?». Бұл дәстүрлі қоғамның қысымынан қаймығу ма, әлде қаржылық тәуелділіктің салдары ма? Аталған сұраққа әлеуметтанушы Шаттық Тайбекқызы толымды жауап ұсынды.
«Әйелге шешім қабылдау қиын. Зорлық-зомбылық көрген әйел кеткісі келгенімен ерінен қорқады.
Соңынан қалмай, күн бермейтінін сезсе, жағдайды өзгертуге талпына бермейді. Баспана жағдайы да зорлыққа амалсыз шыдауға, полицияға хабарласпауға әкеледі. Оған қоса төркінінің тұрмыстық ахуалы мен күйеуінің кінәсі құқық қорғау органдары тарапынан «тұрмыстық жанжал» ретінде қабылданатыны да ушықтыруда», – дейді ол.
Міне, маман айтқан мәселе тақырыптың өзектілігін арттырып келеді. Мысалы, 2023 жылы облыста әйеліне әлімжеттік көрсету дерегі 2022 жылмен салыстырғанда 20% өскен. Аймақта өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 1886 адам зәбір көріп, отбасы берекесін қашырған 152 адам тәртіптік шараға тартылды. 175 адам жәбірленушіден кешірім алып, ескертумен құтылса, 19-ына айыппұл салыныпты.
«Қамқорлық» қорған болуда
Бүгінде елімізде 40-тан астам дағдарыс орталығы бар. Оның ішінде 14-і – мемлекеттікі. Мұнда отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Үйінен кетіп, ата- анасы қолдау білдірмеген, күйеуінен алшақтауды қалағандардың соңғы
үміті осында. Пана іздеп келгендерге жатар орын, құқықтық көмек, тіпті қиянаттан қашып, көйлекшең шыққандарға киім-кешек те беріледі. Өзге аймақ секілді Қызылорда облысында да дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Әсіресе, 2017 жылы ашылған «Қамқорлық» орталығының орны ерекше. Орталықты паналаушылар 6 ай бойына 8 түрлі мемлекеттік әлеуметтік көмек алуда.
Үш уақыт ыстық тамақ, медициналық көмекпен қамту мінсіз. Соққыға жығылып, жылай келген
әйелдерге жедел жәрдем көмегі де қарастырылған. Егер белгіленген мерзімде мәселесі шешілмесе, құзырлы орындар арқылы қосымша тағы 6 ай жатуға мүмкіндік бар.
«40 орынға негізделген дағдарыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Жәбірленушілер кез келген
уақытта келуіне болады. Орталықты паналаған азаматтардың жеке басына қатысты ақпарат құпия сақталады. Жалпы, бізге келетін әйел адамдардың көпшілігі 5 жыл көлемінде тұрмыс құрғандар. Әрқайсысының екі-үш баласы бар. Сондай-ақ екінші санатты 6-10 жыл аралығында отбасын құрған нәзікжандылар құрайды. Үшінші санат бойынша 15-20 жыл көлемінде отбасылық өмірдің ыстығы мен суығын көрген аналарымыз жиі келеді. Көп жағдайда жәбірленушілер күш көрсету және психологиялық қысым бойынша шағымданады. Бұған қоса, еркінен тыс жыныстық қатынасқа итермелеу бойынша зәбір көргендер де кездеседі. Тіпті қолында, құрсағында баласы бар әйелдер көп түседі. Бір жылда шамамен бес әйел осында келген соң босанып, баласын бақты. Тағдырдан теперіш көрген жандар өз үйінде жүргендей сезінуі үшін бізде барлық жағдай жасалған», – дейді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Түсмағанбетов.
Әйелдердің 30%-ы күйеуін кешіріп, үйіне оралады
Әлеуметтік көмектің әр қадамында жүйе бар. Бұл ұстаным «Қамқорлық» секілді дағдарыс орталықтарына да ортақ. Яғни, жәбірленуші орталықтан әлеуметтік көмек алу үшін алдымен өтініш жазуы шарт. Кейін заң органының арнайы шешімі негізінде ғана қабылданады. Бұл ретте екі тараптың жағдайы, құқықтық мүмкіндік, әлеуметтік ахуал секілді өлшемдер назарға алынбақ. Нәтижесінде мұқтаж жан қалағанынша орталықта болуға құқылы. Осы тәртіппен 200-ге жуық адам «Қамқорлық» дағдарыс орнының шарапатын көрген. Әрине, мұнда бас сұққандардың барлығы «тоңғаннан секіргендер». Отбасындағы кикілжің, айқай-шу, таяқтан құтылу үшін есік жағалауға бар. Көбі пәтер жалдаса, қалтасы көтермейтін қалған топ «Қамқорлыққа» келеді. Келуін келеді-ау, «елден ұят» деген қисынсыз сөз, қысыр әңгімеден қаймыққан көбі ұзамай үйге оралады екен. Орталық мамандарының сөзінше тағдыр тауқыметін тартқандардың 92%-ы отбасына қайтқан. Арасында қайта айналып есік қаққандар да кездесетін көрінеді. Мұны оңтүстік өңірдегі келіндік сипат, салт-санамен байланысты десек, қателесеміз. Мұндай статистика өзге облыста да басым. Әрине, шаңырақ шайқалмағаны дұрыс-ақ, алайда ерінің моральдық-психологиялық ахуалына көз жеткізбей, ұрда-жық, ожарға қайта оралу орыны толмас қайғыға әкелуі ықтимал. Сөзімізге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза болғандар дерегі дәлел бола алады.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің 30 пайызы күйеулерін кешіріп, үйлеріне оралады. Өкінішке қарай, сол келіншектердің тең жартысы дағдарыс орталығына қайтып келеді. Өйткені жолдасы жұдырық ала жүгіруін тоқтатпаған. Сондықтан депутаттар Қазақстанда
тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазалауды қатаңдататын заң жобасын мақұлдауын сұраймыз», – дейді «Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Зүлфия Байсақова.
Дағдарыс орталығы да дағдарады
Қазақстанда қоғамдық институттар, әлеуметтік жұмыс жүйесін жетілдіру әлі де кемшін. Бұл олқылық дағдарыс орталықтарына да қатысты. Мәселен, орталыққа уақытша орын алу үшін паналаушы өзіне қатысты зорлық-зомбылық жасалғанын дәлелдеп, жәбірленушінің мәртебесін анықтау рәсімінен өтуі тиісті. Оған қоса анасымен келген кәмелетке толмаған балаларға психотүзеу жұмысын жүргізу жүйеге қойылмаған. Бұған бюрократия мен қағазбастылықты қосыңыз. Жалпы елімізде уақытша пана ұсынатын қайырымдылық ұйымдар желісі дамымаған. Теміржол және автобус вокзалдарында, әуежайларда түнеп шығуға тыйым салынған. Содан жақын-жуығы болмаса, көршілері мейірімділік танытпаса, зардап шеккендердің әсіресе, ақырған боранда, үскірік аязда барар жер, басар тауы қалмайды. Ал дағдарыс орталықтарында орын саны шектеулі, артық адам қабылдай алмайды. Ол аздай үздіксіз жүргізу әрі мемлекеттік грантқа ілігуі үшін заң талаптарын сақтауға тиіс. Осы орайда ІІМ-нің inbusiness.kz сайтына берген мәлімдемесінде дағдарыс орталықтарының қаржылық қиындығы бүкпесіз баяндалған екен. Ресми мәліметке назар аударсақ, аталған олқылыққа тендердегі қателік себеп көрінеді.
«Қазіргі уақытта елде мемлекеттік және мемлекеттік емес дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Оларды қаржыландырудың қолданыстағы тәртібі зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді. Өйткені бұл орталықтар өз жұмысын жалғастыру үшін мемлекеттік грантты жеңіп алуы шарт. Ол гранттар саны, сомасы азайтылуы мүмкін. Кей жылдары тендер не кешіктіріліп өткізіледі немесе мүлдем өтпей қалады. Осыған байланысты сарапшылар қауымдастығының өкілдері мемлекет тарапынан тұрақты қаржыландыру қажеттігін атап өтуде», – деп хабарлады ІІМ мамандары.
P.S. Бүгінде дағдарыс орталығының жүктемесін азайту маңызды қадам қатарында. Бұл ретте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту – бірден-бір шешім жолы. Осы мақсатта жуырда Оңтүстік Кореяның үлгісіне негізделген «Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» әзірленіп, бірқатар заңға өзгеріс енді. Әсіресе бұдан кейін әйеліне немесе бала-шағасына қол көтеріп, денсаулығына жеңіл зиян келтіргендер әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал сотқа отбасының шырқын бұзатын азаматтарды тұрғын үйден уақытша шығарып, әлеуметтік бейімделу орталықтарына жіберу құқығы берілді. Мұның барлығы қауіпсіз ортаны қалыптастыру, әділдік пен теңдікке жетудің төте жолы болар деген үміт басым.
Ерсін ШАМШАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!