Шымкентте адам өліміне күдікті азамат «ізін суытпай» қолға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Kozachkov offside
12 қыркүйекте сағат 12:30 шамасында полицияның «102» арнасына көпқабатты үйдің кіреберісінде жергілікті тұрғынды соққыға жыққаны туралы хабарлама түскен.
«Шақырту түскен мекенжайға Тұран ауданының полицейлері мен жедел жәрдем барды. Медицина қызметкерлері 35 жастағы азаматтың көз жұмғанын мәлімдеді. Жедел тергеу тобы жәбірленушіні оның бірге тұратын әйелінің бұрынғы сүйіктісі қызғаныш үстінде ұрып-соққанын анықтады. Қарсыласының есінен танып қалғанын байқаған қаскүнем дереу оқиға орнынан қашып кеткен», – делінген хабарламада.
Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің сырт келбеті мен жеке деректері көрсетілген бағдарды алып, оны шұғыл іздеуге кірісті. Жедел уәкіл Арман Арипжанов қылмыскерлерді іздестіру бойынша өзінің тәжірибесіне сүйене отырып, қашып кеткен адам бірінші кезекте жеке заттары мен құжаттарын алу үшін үйіне барады деп болжады.
«Күдіктінің Түркістан облысы Ленгер қаласының тұрғыны екендігі және оның автокөлігінің жоқтығын білген жедел уәкіл бірден такси жүргізушілерінің тұрағына барды. Жүргізушілердің бірі іздеудегі ер адам ұқсас тұлға жаңа ғана Alphard көлігіне мініп кеткенін хабарлады. Полиция қызметкері дереу оның ізіне түсіп, көлікті Тоғыс елді-мекенінде тоқтатып, ер адамды ұстады», – делінген хабарламада.
Журналист Михаил Козачков Telegram арнасында күдіктінің бұдан бұрын бұрынғы енесін сабап тастағанын, сол үшін түрмеге отырғанын жазды. Алайда бұрынғы енесі екеуі татуласқан соң судья оны қамаудан босатып жіберген. Түрмеден кейін сүйіктісінің үйіне барған кезде ол ер адамды өлтірген.
Ол Кристина Тюлюковамен азаматтық некеге тұрды. Жұмыс істемей диванда жата берген соң Кристинаның анасы Вероника Тюлюкова наразылық білдірген. Бір күні ол шыдамаған соң қайын енесін ұрып-соққан. Сот-медициналық сараптама әйелдің денсаулығына ауыр зиян келтіргенін анықтады. Оның жағы сынып, мұрын және бетіндегі барлық нәрсе зақымдалған.
“Сергей Слабжин Кристинаның анасымен татуласып, оған материалдық шығын өтеп беруге келіскен. Сондықтан судья Сәбит Төреханов жігітті темір торға жібермей, тек 3,5 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. 106-баптың санкция бойынша сотталушыны қоғамнан 8 жылға шеттелуі керек еді. Үкім 11 қыркүйекте, яғни екі күн бұрын жарияланды. Осы жерде сұрақ туындайды. Біздің судьялардың қай уақытқа дейін қылмыскерлерге бүйрегі бұрып тұрады? Түрмелер экономикалық баптар бойынша сотталғандар мен есірткі тасымалдаушыларға толы. Оларға 10-14 жыл беріледі. Ал адамды өлгенше сабайтындар бостандықта жүреді”, – деп жазды журналист.
Полиция мәліметенше, ұсталған адам полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі (Аайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!