28 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны енесінің атынан 2,5 миллион теңге несие рәсімдеген, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Келіншек енесінің рұқсатынсыз оның атынан несие рәсімдеп, алаяқтық жасағаны үшін сот алдында жауап берді. Ол әлеуметтік жәрдемақыны сылтау етіп, банк қосымшасы арқылы енесінің бет-әлпетінің биометриясы мен жеке деректеріп пайдаланған. Осылайша, енесінің атынан бірнеше несие алған. Несиенің жалпы сомасы – 2,5 миллион теңге.

“Сотталушыға екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алайда пробация қызметінің есебінде тұрған айыпталушы өзіне қойылған талапты үнемі бұзып жүрген. Тіркеуге келмей, тексеріс кезінде тұрғылықты мекенжайында болмаған және электронды бақылау құралын тағудан бас тартқан. Осында құқықбұзушылықтарға байланысты тағайындалған жаза қатаңдатылып, айыпталушы 1 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды», – дейді арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Светлана Голикова.

Оның айтуынша, сотталушы жазасын өтеу үшін Абай облысындағы әйелдер колониясына жеткізілген. Қазір ол карантин бөлімінде.

“Әйел жасаған ісінің салдары қаншалықты ауыр екенін толық түсінбегенін мойындады. Ол бес баласына жақсы ана бола алмағанына өкініп, бір күні олар анасын кешіреді деп үміттенеді”, – деді Светлана Голикова.

Карантин мерзімі аяқталған соң, сотталушы тұшпара цехына жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Ол жерде оның жалақысынан сот үкімімен белгіленген талап-арыз бойынша төлемдер өндіріледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!