Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды. Осыған орай барлық өңірде ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспары әзірленді.

Ел Президенті «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деді.

– Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр елімізде еңбекке қабілетті адам саны шамамен 9,6 млн болған. Соның ішінде 2 миллион 300 мың адам жұмысшы мамандықтар бойынша қызмет етеді.

Еңбек адамының мәртебесін көтеру сан түрлі саланың жұмысына серпін беретіні анық. Нағыз еңбекте шыңдалып, қажыр-қайраты мен қабілетін, білімін ел игілігі жолында жұмсайтын мамандарға деген ел ықыласы қашанда ерекше. Себебі дастархандағы нан мен дәмді астың дайындалуынан бастап жылы, жарық үйде тұруымыздың өзі жұмысшы мамандардың еселі еңбегінің нәтижесі. Бір түйір дәннің артында ала жаздай егін еккен диханшының маңдай тері тұрғанын естен шығарып алатынымыз да рас. Ал өзіне берілген нығметтің қадірін білетін әрбір жас өзі де адал еңбек етуге, мерейлі маман болуға ұмтылатыны белгілі.

Сондықтан басылымда еңбек адамдарын елге таныстыратын жаңа айдар бастауды қолға алдық.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!