Құрылыс алаңындағы қызу еңбек, машинистер, дрондар мен виртуалды әлем… Бұл – жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, болашақ шеберлерге бағыт-бағдар беретін «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің көрінісі.

15 ақпан. Фестивальдің соңғы күні. Біз де республикалық іс-шараның тыныс-тіршілігімен танысып, жаңа бастаманың ерекшелігін сезініп, тікелей ақпарат тарату үшін Expo алаңына жол тарттық. Адам толы ғимараттың алды көзге бірден түсті. Оқушыдан бастап кәсіпкерге дейін осында. Үкілеген үмітін арқалап келген жасөспірім секілді біз де таңырқап, тамсанып кірдік. Түрлі мамандықтар, сала мамандары…

Табалдырықтан аттаған бойда қарбаластың ішінен кішкентай баланы көрдік. Жанары лаулап тұр. Әңгімелесе келе, 2-сынып оқушысы екенін білдік. Жоғары сыныпта оқитын ағасынан қалмай, еріп келген. Бес күннің ішінде екінші рет келуі екен. Ағасы Саян Бердікеновтің айтуынша, інісі Ғалым осы фестивальден кейін өрт сөндіруші болуды армандап жүр. Тіпті түнде сурет салып, жастығының астына қойып қояды екен.

Еңбек адамының беделін арттырған фестиваль
Фото: Аkorda.kz

Оқушымен орнаған әңгімеден кейін павильондарды аралауға кірістік. «Жұмысшы мамандықтары қаласында» сегіз тақырыптық көше ашылған. Олардың қатарында тау-кен ісі және металлургия, машина жасау және көлік, энергетиктер мен мұнайшылар, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы мамандары, құрылысшылар, құтқарушылар, өрт сөндірушілер мен медицина көшелері бар. Мұнан бөлек, болашақ мамандықтарға да арнайы жол берілген. Жалпы алғанда кәсіби дамудың түрлі салалары мен бағыттарын көрсететін 40 креативті үй ұсынылған.

Алғаш болып «Құрылысшылар» көшесіне ат басын бұрдық. Астана қаласының Сервис және туризм колледжінің студенттері ландшафтық дизайн жобасын ұсынды. Ерекшелігі сол, абаттандырылған аумаққа виртуалды саяхаттай аласыз. Колледж студенті Артур Васильевтің айтуынша, бұл фестиваль кәсіби мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды алаң.

– Бұл жобамен жұмыс жасау бізге ерекше қызықты болды. Біз 3D моделдеу мен визуалдау бағдарламаларының қолданылуын меңгеріп, заманауи технологиялардың жобалау процесін қалай жақсартатынына көз жеткіздік. Жұмысшы мамандықтар фестивалі біздің жаңа кәсіби мүмкіндіктерімізге жол ашатын маңызды алаң, – деді ол.

Еңбек адамының беделін арттырған фестиваль
Фото: Аkorda.kz

Ал APEC Petrotechnic жоғары колледжі батыс өңірінде алғашқы жаңартылатын энергетика цехының іске қосылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ оқу орнының өкілі жұмыс барысымен таныстырды. APEC Petrotechnic жаңартылатын энергетика және мұнай-газ саласында мамандар даярлайды. Мұнай-газ саласында қолданылатын қондырғылардың шағын нұсқаларымен жабдықталған шеберхана цехы жұмыс істейді. Бұл студенттерге мұнай мен газды бұрғылау, пайдалану және өндіру технологияларын іс жүзінде үйренуге мүмкіндік береді. Колледж студенттері инновациялық жобаларда жиі бой көрсетеді екен.

– Біздің колледжде IWCF аккредитациялық орталығын ашу жоспарлануда, ол халықаралық мамандарды ұңғымаларды қауіпсіз басқару және бұрғылау бойынша даярлайтын болады. IWCF сертификаты бұрғылау процесіне қатысу үшін міндетті және тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де міндетті деп танылған. Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі, бұл түлектердің халықаралық компанияларда жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді, – деді колледж педагогы Айнұр Шакенова.

Бірнеше павильонды аралап жүріп-ақ уақыттың қалай өткенін байқамадық. Теміржолшылар, өрт сөндірушілер, дәрігерлер, құрылысшылар һәм түрлі жобалар. Әр бастамадан алатын құнды ақпарат көп.

Еңбек адамының беделін арттырған фестиваль
Фото: Аkorda.kz

Түстен кейінгі уақыт. Кезек Астана жоғары политехникалық колледжіне келді. Шағын зауытқа ұқсас дүниені көзіміз шалды. Қателеспеппіз, расымен зауытқа арналған механизм екен. Колледж өкілінің айтуынша, бұл «мехатроника құзыреттілігі» жобасы. Ең қызығы, жасанды интелллект қосылған. Мақсаты – зауыттағы қойманың толып кетпеуін қадағалау.

– Мұндай автоматтандырылған жүйе шетелдік зауыттарда танымал. Біздің елде де кеңінен танылса дейміз. Жобаны зерттеуге 4 жыл, ал дайындауға 2 апта жұмсадық. Қыр-cырын толық меңгерген соң дайындауға көп уақыт жұмсалмады.

Біріншіден, қойманы бақылау үшін тиімді тәсіл, ал ең бастысы ауыр жүк көтеретін мамандардың жұмысы жеңілдейді. Батырманы басу арқылы бүкіл процесс автоматтандырылып, камера арқылы секунд сайын мониторинг жүргізіледі, – деді Ерасыл Нұрекенов.

Еңбек адамының беделін арттырған фестиваль
Фото: Аkorda.kz

Еңбек адамдарының жұмысын көрген оқушылардың да қуанышында шек жоқ. Бірі машинист рөлінде болса, бірі сала мамандарымен әңгімелесіп, көкейіндегі сауалға жауап алуда. Жоғарыда айтқандай, бұл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған алғашқы ауқымды іс-шара. Мұнда жастар өздерін әртүрлі кәсіпте сынап, кәсіби диагностикадан өтті. Іс-шараның тағы бір маңызды нәтижесі – оқушылар арасында кәсіптік бағдар берудің күшеюі. 30 мыңнан астам мектеп оқушысы кәсіби диагностикадан өтіп, өз дағдылары мен қабілеттерін анықтады. Бес күн ішінде фестивальға еліміздің барлық өңірінен 50 мыңнан астам адам келіп тамашалады. Ал жиын қонақтарына 200-ден астам жұмысшы мамандық ұсынылды. Бұл болашақта мамандық таңдау кезінде бағыт-бағдар беретін маңызды құрал болмақ.

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» – сұранысқа ие мамандықтар мен нақты мүмкіндіктер алаңы. Бұл жерде әрбір жас өз болашағын көруге, оны жоспарлауға мүмкіндік алды. Демек, елімізде техникалық және кәсіптік білім беруге деген көзқарас жаңа деңгейге көтерілді.

13 ақпанда фестивальдің жұмысы қыза түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар қаласына» барып, маман даярлау үдерісімен танысты. Сондай-ақ өңірлерден келген жастармен жүздесті. Президент кез келген еңбек қадірлі, құрметке лайық екеніне назар аударып, жастарды аянбай еңбек етуге шақырды.

Еңбек адамының беделін арттырған фестиваль
Фото: Аkorda.kz

250 ЖАҢА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Фестивальдің басты нәтижелерінің бірі – 250 жаңа ынтымақтастықтың құрылуы. Колледждер мен кәсіпорындар арасында меморандумдар жасалып, өндірістік тәжірибелерді ұйымдастыру мәселесі шешілді.

– «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі тек ауқымды шара ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуда маңызды өсу нүктесіне айналды. Негізгі нәтижелердің бірі – колледждер мен кәсіпорындар арасында 250-ге жуық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жұмыс берушілердің бұл процеске белсенді қатысуы қуантады. Біздің басты басымдығымыз – еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау. Бұл үшін біз бизнес-қоғамдастық және инвесторлармен өзара ынтымақтастықты арттырамыз. Осы бағытта 270-тен астам мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту, сондай-ақ колледждерге шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қорытынды жиында.

Министр сонымен қатар фестивальді ұйымдастыруға атсалысқан барлық тараптарға – министрліктерге, әкімдіктерге, ұлттық компанияларға, кәсіпорындарға және бұқаралық ақпарат құралдарына алғысын білдірді.

Еңбек адамының беделін арттырған фестиваль
Фото: Аkorda.kz

Елорда төрінде өткен республикалық іс-шараның барысы осындай болды. Еңбек адамдарына көрсетілген құрметтің нәтижесінде жұмысшы мамандықтардың да беделі артатыны сөзсіз. Мәселен, биыл қыркүйектен бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, ал болашақта олардың санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарлануда.

Әлия ТӘЖІБАЙ,
Астана

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!