Қолына табақтай, анау-мынау емес, қып-қызыл дипломды ұстаған жас мамандар жетерлік. Жас маман дейміз-ау, сол жас маман атана алмай жүрген үміткерлер десек жарасар. Көз майын тауысып, табаны күректей төрт жылын сарп етіп, алған білімі мен мамандығы кәдесіне аспай, көлік мініп, нәпақасын таксиден тауып жүргендері көп. Иә, тауы жоқ жерде альпинист, мұнайы жоқ жерде кенші мамандығын алғандарды айтпағанда, мұғалім, дәрігер, тағысын тағылар саусақпен санауға табылар. Осы ретте бізде еңбек нарығы зерттеле ме деген сауалдың туындауы заңдылық.

Алдымен абитуриенттен бастайық. Иә, бұл ретте «Алдымда тоқсан таңдау» деп, талаптың тұлпарын мінген түлектің ойы жарқын болашағында болады. Ойындағы мақсатымен, бойындағы қабілетімен үйлесім тапқан мамандыққа қол созады. Әйткенмен, перзентінің болашағын ойлаған ата-ана баласын жұмысқа тұра алатын салаға бағыттайды. Бір уақыттарда бұл кәдімгідей ерсі көрінетін, ал қазір ет өлген бе, бой үйренген бе, әйтеуір, заманның талабы тәрізді көрінеді. Өйткені, жұмыссыздық мәселесі жоқ емес. Сондықтан, қазіргі абитуриенттің ойы да осылай қалыптасуда.
– Менің алдымда үш бірдей бауырым бар. Үлкен ағам мамандығы бойынша заңгер, бірақ қазір жолаушы тасымалымен айналысады. Екінші ағам фельдшерлікті бітірді. Ол жеке жүк көлігін алып, сонымен нан тауып жүр. Мұғалімдікті бітірген әпкем жұмыс таппай жүр. Әрине, қазір мемлекеттік деңгейдегі түрлі бағдарламалар бар, бірақ бір жыл осындай бір бағдарлама негізінде жұмыс істеді де, содан уақыты біткен соң босап қалды. Енді сауда саласына ауыспақшы. Әкемнің құрдасы – мектеп директоры. Ата-анам ол кісі зейнетке шықпай жатып, бітіріп келіп, жұмысқа орналасасың деп, мұғалім болуға кеңес айтты. Әнші болуды қалаймын, талай жарыстан топ жарғанмын. Амал жоқ, ата-анамның ақылын алдым. Ал өнерім хоббиіма айналады, – дейді Гүлзат есімді кейіпкеріміз.
Айтпақшы, жұмыссыздыққа тіркелу арқылы жұмыс іздеуші ретінде ақыл сұрап барға­ны­мыз­да маман­дар тіркел­меуге кеңес берді. Өйткені, жұ­мыс­сыз­бын деп тіркелген адам­ға орта­лық­танды­рылған ба­задан үш жұмыс ұсынады екен. Ал үш жұ­мысқа бар­мадыңыз ба, сіз авто­матты түрде бір­шама уа­қытқа тір­кеуге қойыла алмайсыз. Бір қызығы, мейлі, сіз маман­дығыңыз бойынша дәрігер болып, сізге сол саладан жұмыс керек болса да, сізге инженер, электрик, мұғалім мамандығы бойынша да ұсыныс келе береді. Ал әлгі үш ұсыныс осы бағытта есептеледі. Әрине, бұл шалалық емей немене?! Еңбек нарығы дегенде ойға мемлекеттік грант оралады. Бірақ, грантта оқыған шәкірттердің жұмыс таппай, сенделіп жүруі мемлекеттік тегін оқу грантының қажет салаға бөлінбеуінен бе екен деген сұрақ ойда тұрады.
– Елімізде жылда оқу гранттарының саны артуда. Алайда, грант бөлінетін мамандықтар нарық сұра­нысына сәйкес кел­мейді. Жыл­дан жылға жаңа ма­ман­­дықтар түзеліп, біршама маман­дықтардың ескіргенін мойын­дауы­мыз керек. Мы­салы, өткен жылы орыс тілі, дене шынық­тыру пә­нінің мұға­лім­дерінің сағат­тары қыс­қарды. Бірақ, 2023 жылы дәл осы ма­ман­дық­тарға қайта грант бө­лінген. Оның ор­нына нағыз өзекті инженер, агро және су шаруа­шылығының мамандары, медицина қызмет­керлері гранттарының саны артса, 4-9 жылдың ішінде аталған сала сұранысын қанағаттандыруға болар еді, – дейді «Әділдік жолы» РҚБ-нің Қызылорда облыстық филиалы басшысы Ләззат Бақтыбаева.
Жұмыссыз жүрген жастар қол қусырып жүрген жоқ. Әйтеуір, қолы қимылдағанның аузы жыбырлайды деп түрлі бағытта өзін көрсетуде. Иә, олар еңбекқор. Бірақ, мамандық таңдауда жолы болмаған шығар?! Кім білсін?! Ертеректе оқу орындары арнайы жолдама беріп, қажет мамандықтарға түлектерді жөнелтіп отыратын. Қазір ондай іс артта қалған. Жұмыссыз жүруді қылмыс санаған өткеннен үйренеріміз көп екенін мойындау да керек.
«Ерді еңбек өсіретінін» дөп басып, айтып кеткен қазекемнің жастарға сенетіні анық. Мағжан айтқан «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайраттылар» ынталы. Бірақ оларға берілер мүмкіндік те шектеліп тұр. Екінші бір жағынан айталық, мәселен біздің өңірдегі медицина саласында орта буын медицина қызметкерлеріне тапшылық жоқ. Бірақ, соған қарамастан оқу орындары сала мамандарын көптеп даярлауда. Ал оларды Солтүстікке ерте келуге келген өкілдер таяуда жүздеген түлектің ішінен бар-жоғы 5-6 жастың ғана қызығушылығын байқады. Қателікті әркімнен іздеуге болады, бірақ өмір – өзіміздікі. Сондықтан, оны дұрыс сүру үшін дұрыс бағытта болу керек.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!