Қай заманда да елдің дамуын айқындайтын басты өлшемнің бірі – еңбек өнімділігі. Жердің асты-үстіндегі байлық та, қазынаға құйылған қаржы да, халықтың тұрмыс сапасы да тікелей адамның қалай және қаншалықты тиімді жұмыс істейтініне байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, кейінгі жылдары Қазақстанда «еңбек өнімділігі» ұғымы жиі айтылғанымен, оның мазмұны мен іс жүзіндегі көрінісі арасында алшақтық бар екені жасырын емес. Бір жағынан, цифрландыру, онлайн жұмыс, фриланс, таргет, SMM сияқты жаңа бағыттар дамып келеді. Екінші жағынан, әлі күнге дейін жойылмай келе жатқан қағазбастылық, қажетсіз есеп-қисап, формальді талаптар мен тиімсіз еңбек ұйымдастыру жүйесі қоғамның жүйкесін жұқартып отыр.

Қазақстанда көптеген мемлекеттік мекеме мен білім беру ұйымында қағазбастылық мәселесі әлі күнге дейін толық шешімін таппаған. Әсіресе бұл жағдай мұғалімдер қауымына жақсы таныс. Сабақ беру – мұғалімнің негізгі міндеті бола тұра, олардың уақытының қомақты бөлігі есеп, жоспар, анықтама, мониторинг, түрлі кесте толтыруға кетеді, тіпті «Facebook»-ке пікір қалдыру да жұмыс екенін ескертейік. Бір құжат электронды форматта тапсырылса да, дәл сол ақпаратты қағаз түрінде қайта өткізуді талап ететін жүйе – еңбек өнімділігін арттыру емес, керісінше, оны төмендетудің айқын мысалы.

Қағазбастылықтың ең сорақы көріністерінің бірі – демалыс күндері мұғалімнің мектепте «кезекшілік» атқаруы. Көп жағдайда бұл кезекшіліктің нақты мазмұны да, қоғамға берер пайдасы да жоқ. Мектепке не оқушы жоқ, не ата-ана келмейді, көп жағдайда шұғыл мәселе де туындамайтыны рас. Бірақ мұғалім демалысын құрбан етіп, бос ғимаратта уақыт өткізуге мәжбүр. Бұл – баяғы кеңестік басқару стилінің сарқыншағы десек, артық айтқандық емес.

Нәтижесінде, адам физикалық тұрғыдан жұмыста болғанымен, моральдық және физикалық тұрғыда қажып шығады. Ал шаршаған, күйзелген адамнан жоғары өнімділік күту – бос үміт емес пе?

Кейінгі жылдары мемлекеттік секторда «көрсеткіш қуалау» үрдісі белең алды. Әр мекеме, әр бөлім жоғары жаққа «әдемі есеп» беру үшін жұмыс істейді. Құжаттағы сан өссе болды, нақты өмірдегі нәтиже екінші орынға ысырылады. Түсініктірек айтқанда, «для галочки» өткізілетін іс-шараның көптігіне тоқтайтын сәт келген секілді. Мұғалімнің, дәрігердің, мемлекеттік қызметкердің жұмысы санмен ғана өлшенбейді, атқарылған қызметтің қаншалықты халыққа пайда әкелгені де маңызды.

Онлайн жұмыс – қосымша табыс

Дегенмен қоғам бір орында тұрған жоқ. Өткенге көз тастасақ, он жылда еңбек нарығында түбегейлі өзгерістер болды. Онлайн жұмыс, фриланс, таргетолог, SMM маман, дизайнер, копирайтер, видеомонтажер, мобилограф секілді жаңа мамандықтар пайда болды. Мұны еңбек өнімділігін арттырудың балама жолы деп қарастырсақ болады.

Онлайн жұмыстың басты артықшылығы – уақыт пен кеңістікке тәуелсіздік. Адам таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін кеңседе отыруға міндетті емес. Өз уақытына өзі қожайын. Бұл, әсіресе, шығармашылық және интеллектуалдық еңбекте өнімділікті арттырады. Үйден отырып-ақ бір емес, бірнеше жобаны қатар алып жүруге болады. Декреттік демалыстағы ана болсаң да, жоғарғы оқу орнындағы студент болсаң да, қосымша табыстың бір көзі болады.

Сонымен қатар онлайн жұмыста нәтиже бірінші орынға шығады. Клиентке сенің қайда отырғаның емес, не істеп бергенің маңызды. Бұл – еңбекке деген жауапкершілікті арттырып, жалқаулық пен формализмге жол бермейтін орта.

Алайда онлайн жұмыстың да көлеңкелі тұстарын жасыруға болмайды. Ең басты мәселе – әлеуметтік кепілдіктің әлсіздігі. Көптеген фрилансер ресми түрде еш жерде тіркелмеген. Демек ай сайын зейнетақы қорына жарна аударылмайды. Бұл бүгін байқалмаса да, ертең зейнет жасына келгенде үлкен проблемаға айналуы ықтимал.

Сонымен қатар онлайн табыстың тұрақсыздығы бұл жұмыстың басты минусы. Бір ай жақсы табыс түссе, келесі айда тапсырыс азаюы ғажап емес. Мұндай жағдайда адам қаржылық жоспар құруда қиындықтарға тап болады. Әсіресе несие немесе ипотека алу мәселесінде банктер ресми табысты талап етеді. Мәселен, фриланс арқылы тапқан табыс дәлелденбесе, мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй бағдарламаларына қатысу да қиындайды.

Қазір көптеген қазақстандық негізгі мемлекеттік қызметпен қатар қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр. Себебі бір ғана жалақы күнкөріске жетпейді. Осы тұста онлайн жұмыс үлкен мүмкіндікке айналып отыр. Мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметкер кешкі уақытта немесе демалыс күндері онлайн қызметтер арқылы қосымша табыс табуға тырысады. Алайда мұнда да құқықтық және этикалық шектеулер бар. Қазақстан заңнамасына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлердің кейбір санаттарына кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынған. Сонымен қатар негізгі жұмысқа кедергі келтірмеуі тиіс. Егер қосымша жұмыс негізгі міндеттің сапасына әсер етсе, бұл – еңбек тәртібін бұзумен пара-пар.

Дегенмен қазіргі шынайы өмірде мұндай шектеулер мен адамдардың экономикалық қажеттіліктері арасында қайшылық бар. Мемлекет бір жағынан адал әрі тиімді қызмет талап етеді, бірақ екінші жағынан, лайықты жалақы ұсына алмай отыр. Осы олқылықтың орнын халық өз бетінше толтыруға тырысуда.

Еңбек кодексіне сәйкес, азаматтың екі жерде жұмыс істеуіне тыйым салынбайды. Алайда негізгі жұмыс орны мен қосымша жұмыстың уақыты мен жүктемесі нақты реттелуі тиіс. Мәселен, бір ставка – толық жұмыс күні деп есептеледі. Егер адам негізгі жұмысында бір ставкада істесе, екінші жұмыста жарты ставка немесе азаматтық-құқықтық келісімшарт арқылы жұмыс істеуге құқылы.

Тәжірибеде, әсіресе білім беру саласында, мұғалімдер бір емес, екі-үш мектепте жұмыс істеп жүрген жағдайлар кездеседі. Бұл да еңбек өнімділігіне кері әсер етеді. Бір адам физикалық тұрғыдан бірнеше жерде жүргенімен, сапалы нәтиже көрсетуі қиындайды. Сондықтан мәселе тек рұқсатта емес, жұмыс көлемін ақылмен бөлуде.

Онлайн жұмысқа толықтай бет бұрған азаматтардың алдында бірқатар маңызды сұрақтар туындайды. Соның бірі – зейнетақы жарнасы. Егер адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысын ресми көрсетсе, зейнетақы қорына ай сайын жарна аудара алады.

Алайда мұны бәрі бірдей жасай бермейді. Салықтан, бюрократиядан қашқан адамдар уақытша пайда үшін ұзақ мерзімді қауіпсіздікті құрбан етеді.

Қазақстанда еңбек өнімділігін арттыру үшін ең алдымен басқару мәдениетін өзгерту қажет. Қағазбастылықты қысқарту, қажетсіз есеп-қисапты жою, нақты нәтиже мен сапаны бағалау жүйесіне көшу – жұмыс өнімділігін біршама арттырары анық. Мұғалім демалыс күнін мектепте емес, отбасымен өткізіп, шығармашылықпен айналысқанда ғана ертеңгі сабағына тың күшпен келеді.

Сонымен қатар онлайн жұмыс пен қосымша табыс табуды заңды, ашық әрі әлеуметтік кепілдігі бар салаға айналдыру қажет. Бұл – тек жеке адамның емес, мемлекеттің де мүддесіне сай. Себебі ресми тіркелген табыс – бюджетке салық, зейнетақы қорына жарна, экономиканың көлеңкеден шығуы деген сөз.

Еңбек өнімділігі – тек көп жұмыс істеу емес, ақылды жұмыс істеу. Ал цифрлық дәуір ұсынып отырған мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану, онлайн еңбек пен мемлекеттік жүйені үйлестіру – Қазақстан үшін жаңа сапалы кезеңнің бастауы бола алады.

Егер біз шынымен дамыған ел болғымыз келсе, ең алдымен адамның еңбегін қадірлеуді, уақытын бағалауды үйренуіміз керек. Сонда ғана еңбек өнімділігі нақты нәтиже ретінде көрінбек.

Н.НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!