Алматыдан танысым елге оралды. Есімі Ербол. Жүзі сынық. Өңі қуарған. Баяғы қарымы, адуын арыны басылған. Балмұздақ зауытында жұмыс істейтін. 2 жыл бұрын зауыт қондырғысына қолы қысылып қалып, оны кесуге мәжбүр болған. Сол қолына протез орнатыпты. «Тәттіден табыс табамын деп жүріп, ащы тағдырға тап болдым» дейді ол.

Иә осы тұста еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталғанды жөн көрдік. Бұл салада өндірістік жарақат пен жазатайым оқиғалардың деңгейі өте жоғары. Оған себеп – жұмыс берушілердің жұмысшылардың денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелерін жақсартуға қаражат бөлгісі келмейтіндігі. Салғырттық сау адамды сал қылып, өрімдей жастарды өлімге итермелеуі мүмкін. Әсіресе жеке мекемелердің жабық есігінің артында арты дауға ұласатын небір дарақылық орын алып жатқанын іштей білеміз. Күнкөріс нәпақасын тауып жүрген жұмысшы ләм-мим демегесін, бақылаушы орындар батырып салық салмағасын, қадағалаушы орындар қадап тұрып айтпағаннан ажал құшатын, не кейін кесел қамытын киетін отандастарымыз аз болмайтұр.

– Қолымнан айырылғалы алатын көмек қаражаты сол күнгі қиналысымды ұмыттыра алмас. «Екі қолыңмен амандас» деп білместікпен айтып қалатын ағалардың сөзі одан да ауыр. Ол күні екі адамның жұмысын бір өзім істеп, маған көмек беретін адам болмай қалды. Өзімнің де айыбым бар. Дегенмен көмек уақытылы келіп, мекеме қолұшын бергенде қолымнан айырылмаушы едім.

Жалпы жағдайды өзгерту үшін бизнес олигархаттың не мемлекеттің қудалауы мен қысымынан қорықпай, адал жұмыс істеп, салық төлей алатындай қоғамды, бизнесті және мемлекетті тепе-теңдік күйіне қайтару қажет. Сонда ғана ірі компаниялар өздерінің байлығы мен мөлшері үшін жауап беріп, мемлекет болса, өз азаматтарына есеп береді, – дейді Ербол.

АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ АЙЫПТАУЫ

Жанын жалдап жұміс істеп, қаржы жолында құрбан болғандардың саны артқан соң мәселе мінберде қарала басталды. Мәселен мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов еңбек қауіпсіздігін өрескел бұзатындарға салынатын айыппұл мөлшері арттырылғанын айтты.

Депутаттың келтірген дерегі бойынша, 1 232 өндірістегі жазатайым оқиға бір жылда тіркелді. Оның 251-і адам өлімімен аяқталған.

– Сол оқиғалардың 24%-ы еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан болған. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл – біреудің өмірі. Біреудің отбасы әкесіз, анасыз, ұлсыз қалды. Мұның бәрі кездейсоқ емес, бұл – қауіпсіздік ережелеріне көз жұмып қарағанның салдары. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзғандардың жартысынан көбі тек ескерту алады. Ал егер бұл бұзушылық адамның өмірін қиып кетсе ше? Сол адамның отбасы алдында кім жауап береді? Біз осыны өзгерттік, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілген. Мәжілісмен енді бұл бұзушылықтар үшін ескерту емес, нақты және әділ жазалар болатынын айтады:

Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ескертулер мүлдем алынып тасталды. Айыппұлдар көлемі арттырылды:

алғашқы бұзушылық үшін – 20-дан 120 АЕК-ке дейін;

қайталанған бұзушылықтар үшін – 40-тан 240 АЕК-ке дейін.

– Неліктен бұл маңызды? Бұл «айыппұлмен ақша жинау» емес. Бұл – әділдік және адам өмірін қорғау. Адал жұмыс берушілерге алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл нормалар тек қауіпсіздікті елемейтіндерге қатысты. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу енді жазасыз қалмайды. Қызметкерлер қауіпсіз еңбек жағдайын алайық. Ал мұны түсінбейтіндер заң алдында жауап береді, – деді Мәжіліс депутаты.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАЛУЫ КЕРЕК

Жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – жұмыс берушінің негізгі міндетінің бірі. Бүгінде қоғам ішінде отандық өнеркәсіпте, өндіріс ошақтарында, жалпы, еңбек орындарында қауіпсіздік мәселесін арттырып, күшейту қажеттілігі төңірегінде әр түрлі пікір бар. Сарапшы мамандардың айтуынша, құқықтық сауат аясында алғанда, бұл оң талпыныс, бірақ қоғамдық санаға ықпал етуші негізгі фактор қайғылы оқиға екендігін де естен шығармаған жөн…

Жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы еңбек шартын жасасу барысында қандай мәселелерді ескеру керек, еңбек орындарында қызметкерді қорғаудың басты шарттары қандай? Бұл сауалға еңбек құқығы саласының маманы Бибігүл Нұрашева «Forbes» журналына кеңінен мәлімет бергенеді.

Сарапшының айтуынша, бүгінде отандық кәсіпкер қауымның, яғни еңбек нарығындағы әлеуетті жұмыс берушінің құқықтық білімін арттыруға түпкілікті мән берген дұрыс. «Заңда көзделген талаптарды білмеген кәсіпкер заң нормаларын аяққа басумен қатар, адамның еңбек құқығын бұзуға жол беріп, оның өмірі мен денсаулығына қауіп тигізеді», – дейді ол.

– Еңбек кодексінің 1 бабының 23 тармағына сәйкес еңбек қауіпсіздігі дегеніміз – еңбек қызметі аясында жұмыскерге қатысты зиянды және қауіпті өндірістік факторларға жол берілмейтін, осындай факторлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешені мен қамтамасыз етілген жұмыскердің қорғалу жағдайының жай-күйі.

Еңбек кодексінің 23 бабына сәйкес жұмыс беруші әр қызметкерге еңбек жағдайын жасап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Яғни, жұмыскер еңбек міндеттерін орындаған кезде, ол үшін еңбек процесі мен өндірістік орта қауіпсіз» болып, еңбекті қорғау талаптары толығымен ескерілуі тиіс.

Былайша айтқанда, еңбек қатынасына түскен әр адам қандай жағдайда жұмыс істейтінін және бұл жұмыс оның денсаулығына қалай әсер ететінін алдын ала білуге құқылы.

Еңбек шартын жасасқан кезде жұмыскер өз еңбек функциясын қандай еңбек жағдайында атқаратыны және бұл жұмыс оның денсаулығына, өміріне қандай зиян тигізетіні туралы толық мәлімет алып, жұмыс орнында қауіпсіздік талаптарына қатысты жүргізілген аттестация қорытындысымен толық танысуға құқылы. Ал жұмыс беруші болса – адамның өмірі мен денсаулығын басты позицияға қойып, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға міндетті. Ауыр, қауіпті, зиянды салдары бар жұмыс атқарғаны үшін соған сәйкес жалақы төлеп, жыл сайынғы қосымша демалыс ұсынып, жұмыскерді сақтандыруға міндетті, – дейді Б.Нұрашева

Жұмыскердің құқықтары мен міндеттері Еңбек кодесінің 22 бабында ескерілген. Еңбек қатынастарына түскен әр адам осы заңды мұқият оқып шықса, өзіне жақсы. Сол сияқты, жұмыс берушімен арадағы еңбек шартын оқып, оның мазмұнын түсіну өте маңызды. Әдетте жұмыс берушінің жұмыс барысына қатысты қандай да бір өзіндік талабы дәл осы шартта ескеріледі. Өйткені осы шарттың негізінде өзара құқықтар мен міндеттер көрсетіліп, бекітіледі. Алдағы уақытта, айталық, еңбек дауы туындап жатса, осы шарттағы талаптардың орындалғанынн емесе орындалмағанын тиісті органдар дәл осы құжатқа қарап, нақты шешім шығара алады.

Біздің елдегі Еңбек кодексі айтарлықтай жетілдірілген, ендігі мәселе сол заңның дұрыс әрі толыққанды орындалуында. Заңды қасақана немесе абайсызда бұзуға жол беріліп жатса, Қылмыстық кодексте, Әкімшілік кодексінде көзделген жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту керек.

– Еңбек қауіпсіздігі барлық деңгейдегі бизнес өкілдері үшін өзекті де маңызды болуы тиіс. Мәселен, менің тәжірибемде шағын бизнеске қатысты мынадай оқиға болған. Шымкентте тамақтану орындарының бірінде кәсіпкер еңбек заңнамасын білмегендіктен, 18 жасқа толмаған қыз баланы материалдық жауапкершілікті көздейтін кассир қызметіне жұмысқа қабылдаған. Сол бірғана әрекет арқылы жұмыс беруші ҚР Еңбек кодексін бірнеше рет бұзған. Біріншіден, Қазақстанда 18 жасқа толмаған жасөспірімді, жалпы, материалдық жауапкершілікті көздейтін жұмысқа қабылдауға тыйым салынған.

Екінші мәселе – кәсіпкер кәмелетке толмаған жұмыскермен арада еңбек шартын жасамаған. Заңға сай, жұмыс беруші 16 жасқа толмаған баланы жұмысқа қабылдаған кезде оның ата-анасының біреуінен жазбаша келісім алуға міндетті. Мұндай рұқсат болмаған. Бұл оқиға отандық БАҚ- та кеңінен талқыланды. Естеріңізде болса, 15 жастағы жасөспірім қыз бала жұмыс орнында еден сүртіп жүріп, қайтыс болды…

Шағын, орта және ірі бизнес болсын әрқашан ойда ұстайтын маңызды мәселе – жұмыс беруші өз жұмыскерін еңбек қауіпсіздігі шараларымен толыққанды таныстырып, осы шарттардың орындалуын қадағалауға міндетті. Себебі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жұмыс берушінің негізгі міндетінің бірі. Ал бұл міндетті ескермеу – адам өміріне, денсаулығына әсер ететін қауіпті салдарларға әкеп соғуы ықтимал, – дейді маман.

ТҮЙІН. Мезетінде шахтадағы шырғалаң, мұнайдағы мұң, көмірден келген кесел, құрылыстағы қайғылар талай тағдырды жан тәсілім етті. Зауыттардың зауалы табыс тапсам деген тағдырларды жалмады. Сайып келгенде адамның қанмен тері тапқан қаржы олардың өмірін қорғай алмады. Ендігі кезек өмір мен өлімнің арасында жүрген еңбек адамдарын үкімет жерге қаратпауға сөз берді. Сонда да еңбек қауіпсіздігін сақтай жүріңіздер!

Замира ҚОНЫСЖАН, журналист

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!