“Сен де кеттің,
Мен де кеттім,
Ол да кетті ауылдан.
Осынымыз ұят болды-ау,
Ұят болды-ау, қауым­нан!
Ұят болды-ау,
Ұят болды-ау,
Ұят болды-ау, бауырлар!”
Бұл күнде Мұқаңша жырлап, ара-тұра ауылға мойнын созып, қарап қойып, ат ізін сала алмай жүргендер көп. Тіршіліктің қамытын киіп, әркім өз бағытына салып, өзінің арбасын сүйрей кетеді. Бұл – өмірдің заңы. Десек те, «ат айналып, қазығын табардың» бұлтартпас мысалына айналғандар да көп. Елдегі тірліктен берекесін тауып, кіндігінің қаны тамып жүрген жерге маңдайының терін төгіп жүр талай жас. Әлбетте, көңілге медет болып, қуанта­тын да, мерейді үстем етіп, мәртебені өсіретін де осы жай.

«Қалада да дәл осындай тіршілік»

Рүстем Сматов – қаладан таяқ тастам жердегі Шаған ауылының тұрғыны. Жалынды жас бүгінде елді мекендегі іргелі шаруа қожалық – «Шаған Жер» ЖШС мекемесінің беделді қызметкері. Әуел баста агроном болып бастаған ол бүгінде бас экономист. Мамандығына байланысты терең зерттеп, зерделей жүріп, агрономияның магистратурасын да тәмамдады. Ал осыншалық жоғары біліммен елге келіп еңбек етуін ол перзенттік парыз санайды. Қазақ мұндайда «Туған жерге туыңды тік» деген емес пе?!
– Адам баласының мына өмірге келгендегі мақсаты дүниенің кетігін тауып, кірпіші болып қалану керек. Мен ауылға келгенде көптеген қатарластарым «Болашағың алда ғой, жүрсей бізбен» деп талай ұсыныс айтты. Былғары орындыққа қонжиып жайғасып, қалада мейлі, басқа жерде отыруға қызығып кетіп қалсақ, ауылды кім көтереді? Елге еңбек етуіміз керек шығар?! Мейлі, талай ғылымды тауысып, ғұлама данышпан атанып, биікті еңсере бер, бірақ туған жеріңнің алдында, сені өсіріп, осы күнге жеткізген үлкендердің алдында сен бәрібір баяғы перзентсің. Кішкентай баласың. Ауылды тастап, бәріміз қалаға кетсек, жасы жер ортаға келген ата-анаңның не жазығы бар? Бар жазығы бізді өмірге әкелгені ме? Міне, елді көтеруге қалдық. Өйткені, туған жердің топырағында еңбек ету – кез-келген шаһардың төрінде көркемдік пен сұлулыққа тәмсана өмір сүргеннен әлдеқайда артық. Әкемнің жолын қуып, бақытымды еңбектен таптым, еңбекпен ер жеттім. Өйткені, «Еңбектің наны тәтті». Халықтың ырзашылығы мен батасынан асқан жетістік жоқ. Мен сол үшін осы саланы таңдадым. Әр күнімді ізденіспен өткізіп, жаңа технологияларды өндіріске енгізуді, елде жоқ нәрсені елде қалыптастыруды қалаймын. Өткен жылдары қолға алған жылыжай – осы ынта мен ықыластың жемісі. Ал мен секілді жас маманның әрбір бастамасын қолдап, демеу көрсетіп жүрген ел ағаларына алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Рүстем Нұржанұлы.
Иә, ел осындай ерлерімен биіктей түспек.

«Елді дамытуға ат салысу – перзент парызы»

Шиелі ауданына қарасты Ақмая ауылында Абай Ташкенбаев есімді азамат тұрады. Ол – туған жердің алдындағы перзенттік парызын орындауға білек сыбана кіріскен жас. Кіндік қаны тамған қасиетті топырақты түлеткісі келеді. Иә, арман қуып, Астана мен Алматыға аттанған талай жастың арасында ол да өз биігін іздегісі келді. Бірақ, «Табал­дырықтан биік тау жоқ» деген қазақы ұста­ным­мен жалынды жас бұл ғаламда туған жерден биік еш жер жоқ екенін ұғынған.
– Көп жастар арман қуып, жан-жаққа кетіп жатыр. Мен де Қызыл­орда қаласында оқыдым. Маман­дығым – темір­жолшы. Қалада қалғым келді. Бірақ сол ойымды ауылға деген махаббат, туған жерімнің алдындағы парызым өсіп-өнген топырағыма магнит күші тәрізді тартып отырды. Елде егін шаруашылығына атсалысып, өзімнің кәсібімді аштым. Құдайға шүкір, жаман болып жатқан жоқпыз. Қазір 3-4 жылдың көлемі болды шаруашылықтың ісін жүргізіп, жолға қойып келеміз. Әуелі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында еңбек еттік. Қазір де техниканың рулінен түскен жоқпын. Тіршіліктің қамытын киіп, ісімді өрге бастырып келемін, – дейді Абай Исабекұлы.
Қазақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген. Осы игі бастама қай уақытта да өзінің жемісін беріп келеді. Қанатты сөзді қаперге алған Абай кәсіпте көрген қиындықтардан сабақ алып, өзін шыңдаған үстіне шыңдап келеді. Еңбек майданында бес қаруын асынған жауынгердей білектің күшімен, жүректің батылдығымен алға қадам басып жүр.
– Кәсіпте кедергі көп болады. Бірақ, тығырықтан шығар жол іздеп, дұрыс шешім қабылдай алғанда ғана жемісті нәтиже күтесің. Мысалы, Жер-Ананың бауыры жібіп, тіршілік ояна бастағаннан-ақ біз де қарбалас тірлікке көшеміз. Әрбір күн, әрбір сағат санаулы, барлық іс өз уақытында болып, егілген дәніңізді дер кезінде су басуы керек. Әйтпесе, ала жаздайғы еңбек еш болады. Міне, осындай жауапты кезеңде талаптың тұлпарын мінеміз, – дейді жас кәсіпкер.
Ел экономикасын алға сүйрейтін бірден-бір нәрсе елдегі өндірістің, егін мен мал шаруашылығының алға басуы. Мұның барлығын ойға алған озат жастар қай кезде де тәуелсіз елдің еңсесін көтеріп, тұғырын нықтауды мақсат еткен. Оның үстіне елде қалып, жерге терін төгіп жүрген Абай тәрізді жастар алда жүруге лайықты.
– Еліміздің қайраткері, спортта қазақтың даңқын асырып, абыройын асқақтаған алып адам Жақсылық Үшкемпіровтің көзі тірісінде айтқан мына сөзі әрбіріміздің бойымызға бұла күш сыйлап, алға қарай ынта-ықыласымызды арттырады. Ол «Қазақстанда 5 мың ауыл бар. Елден 5 мың азамат шығып, бір-бір ауылдың жағдайын жасайық» деген еді. Осы сөздің астарында туған жердің алдындағы перзенттік парыз, борыш жатыр. Әрбіріміз осы сөздің байыбына барып, ел үшін игі істер жасауымыз керек. Сонда ғана төртеу түгел болып, төбедегіні аламыз, – дейді жалынды жас арман-мақсатымен бөлісіп.

«Бейімің болса, зейінің де ашылады»

Кішкентайынан техника рулін тізгіндеген Ерасыл Думан бұғанасы қатпай жатып, талай көлікті басқарып үлгерді. Баласының икемін байқаған қоғалыкөлдік Ализат Думанұлы осы салаға баулыды. Нәтижесінде, Ерасыл қандай көлікті де игеріп кете алатын деңгейге жеткен. Бүгінде ел-елде бірлі-жарым кездесетін Т-16, Т-25 дегендерді былай қойғанда МТЗ-80, МТЗ-82 маркалы тракторларды мектептегі кезінен бастап, ұршыша иірген. Бүгінде ол туған жердің төрінде «Қоғалыкөл» шаруа қожалығында механизатор болып жұмыс істейді. Екі жылдан бері алқапта ерсілі-қарсылы көлікпен шапқылап жүрген жас маман «Тауықты да қасапшы сойсын» деген сөзге тойтарыс беріп келеді.
– Егер бейімің болса, соған сай зейінің де ашылады. Үйренемін дегеннің қолынан қаққан қоғам көріп тұрғаным жоқ. Адамдардың алдында барлық мүмкіндік бар. Биыл екінші жыл жергілікті шаруашылықтан нәпақамды айырып келемін. Жұмыс жоқ деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Адал еңбек етсең, қай кезеңде де несібең мол. Мен осыдан екі жыл бұрын оқу бітіріп келдім де, дереу техника руліне отырдым. Рас, оған дейін де бала күнімнен айдап жүрген техникам болған соң маған аса бір қиынға соққан жоқ. Ауылдың жайы бөлек. Байқап қарасаңыз, көпшілігі қалаға қоныс тебеді. Не болмаса, қаладан қатынап жұмыс істейді. Ал менің ұстанымымда үйден кіріп-шығып, туған жеріңде тер төккеннен артығы жоқ. Өйткені, туған жерің, ол – сенің анаң да, әкең де, – дейді Ерасыл Ализатұлы ойын білдіріп.
Иә, бүгінде Ерасыл тәрізді еңбектің нанын жеп жүрген жастар жетерлік. Ауылдың хал-ахуалын жақсартуға, елмен бірге еңбек етіп, өзін дамыту мен қалыптастыруға мән беретіндер көп. Олардың ортасында абырой мен беделге ие жалынды жас Ерасыл дүниенің кетігін тауып, кірпіші болып қаланғандай сезінеді. Өйткені, адам өз ортасын тауып, өзінің сүйген мамандығы бойынша еңбек еткенде ғана бақытты. Сонда ғана өзін-өзі тапты деуге болады.
Ауыл – қазақтың қарашаңырағы. Қастерлі мекеннің ел үшін ең игі бастамалардың ұясындай болғаны қуантады. Бүгінде ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға байланысты байыпты бастамалар қолға алынып, елді мекендердің дамуы басты назарға түсті. Елдің бәрі қалаға үдере көшкен жоқ. Өйткені, кіндігі ауылға байланған азаматтар бүгінде тірліктің көзін туған мекеннен тауып, ел дамуына қомақты үлесін қосып келеді. Әлбетте, қуанарлық жағдай. Ал чемпион Үшкемпіров айтқан үдеден шығуды арман еткен жастардың әрбірінің қанатының қатайып, қадамының қарқын алуына тілектеспіз.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!