Мұнай – «қара алтын» ғана емес, елдің еңсесін көтеріп тұрған күретамыр. Қара алтын жер қойнауынан шыққан сәттен бастап, оны халық игілігіне жаратуға дейінгі аралықта мыңдаған адамның маңдай тері сіңеді. Қарапайым жұмысшыдан бастап инженер мен технологқа дейінгі әрбір маманның үлесі бар. Бірақ солардың ішінде ауыр еңбек пен төзімділікті ең әуелі мұнайшылар көтереді.

Жаздың аптап ыстығында да, қыстың қақаған аязында да өндірістің қатаң тәртібінде шыдамдықпен қызмет етіп жүрген әр мұнайшы – тек еңбек адамы емес, қайсарлықтың символы. Күн сайын кеңседе компьютер алдында отыратын есепші үшін жайлы орындық пен қағаз-қалам қаншалықты үйреншікті болса, ал кен орнындағы мұнайшы үшін темір құрсаулы цех пен жер астынан атқылаған қысым – сондай қалыпты дүние. Осы сала мамандарымен уақыттың тығыздығына қарамастан әңгімелесіп қайттық.

ШИРЕК ҒАСЫРЛЫҚ ШЫДАМ МЕКТЕБІ

Берік Қасымханұлы – Ақтөбе облысындағы «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауытында ұзақ жылдар еңбек етіп жүрген тәжірибелі маман. Оның әңгімесінен байқағанымыз, бұл салаға келген әрбір жанның тағдыры төзім мен табандылыққа байланады.

– Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Зауыттағы ең ауыр сәттердің бірі – күрделі жөндеу басталған уақыт. Қызметкерлердің барлығы күн-түн демей еңбектенеді. Бірақ мамандығымды шын сүйгендіктен, осындай кезеңді еш мойымай өтемін, – дейді ол.

Берік ағайдың тағы бір күрделі тұсы – вахталық жұмыс. Әр ауысым сайын он бес күн бойы отбасы мен туған-туыстан жырақта болу оңай емес. Мерекелерден қалып, ұзақ уақыт отбасыдан жырақта болу кез келген жан үшін қиын екені рас.

Еңбектің ерен ерлері

– Басында «бес жыл істеп, басқа салаға ауысамын» деп ойлағанмын. Бірақ өмірдің өз жоспары бар екен. Сөйтіп жүріп, мұнай саласында ширек ғасырдан астам уақыт еңбек етіппін, – дейді кейіпкер.

Берік Қасымханұлы үшін мұнай тек табыс көзі емес, өмірлік мектеп. Ол жас буынға әрқашан «барды бағалаңдар» деп өсиет айтады.

– Мұнай сарқылады, бірақ еңбектің қадірі сарқылмайды. Ысырапшылдыққа жол бермей, табиғатты қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Әр ұрпақтың қолында тек байлық емес, жауапкершілік бар, – дейді ол.

Оның айтуынша, мұнайшы болу – тағдырдың таңдауы.

– Бұл сала мені шыдамдылыққа үйретті. Еңбектің дәмін татып, маңдай тердің бағасын түсіну – адамды биікке жетелейтін ең үлкен сабақ, – дейді тәжірибелі мұнайшы.

Арман туралы сөз қозғалғанда Берік ағайдың ойы ерекше әсер қалдырды.

– Арман – материалдық тұрғыда баю ғана емес, ол – өзіңді шыңдау, рухани өсу. Мен үшін ең басты мақсат – елге пайда әкеліп, кейінгі ұрпаққа адал еңбектің үлгісін қалдыру кісінің мал-мүлкі емес, жасаған жақсылығы мен игі ісі мұра болады, – деп түйіндеді ол.

ҚАРА АЛТЫНҒА АДАЛ ҒҰМЫР

Мұнай саласының тағы бір майталманы – Баходир Ходжалипесов. Оның еңбек жолы 1987 жылы бұрғылаушының көмекшісі болып басталған. Алғашқы қадамдары қиындыққа толы болғанымен, ол мойымай, шыңдалу жолында аянбай тер төккен еңбексүйгіш жан.

– Ол кезде тәжірибем аз еді. Жиі қателесетінмін. Бірақ әр қателік маған сабақ болды. Ашық даладағы еңбек оңай емес. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязы төзімділікті талап етті. Сол жолда шынықтым, өмірлік тәжірибе жинадым, – дейді ол.

Баходир Сейсенбайұлының ерекшелігі – білімге деген құштарлығы. Ол уақыт өте Қытай мемлекетінде біліктілігін арттырып, алған білімін туған жерінде кәдеге жаратқан.

– Болашақ мұнайшыларға айтарым – өз кәсібінің нағыз маманы болуға ұмтылсын. Ол үшін тек тәжірибе жеткіліксіз, әлемдік деңгейде білім алуға да талпыну керек, – дейді кейіпкеріміз.

Еңбектің ерен ерлері

Баходир ағай да бұл саланы өз таңдауы деп біледі. Оның айтуынша, мұнай өндірісі – елге қызмет етудің үлкен жолы.

– Егер қайтадан мүмкіндік берілсе, ойланбастан осы жолды таңдар едім, – дейді ол сенімді үнмен.

Әңгіме арман жайына келгенде, кейіпкеріміздің сөзі жүрекке жетті.

– Менің ең үлкен арманым – балаларымның дұрыс жол таңдап, қателеспеуі. Жастарымыз білімді болса, еліміз де алдыңғы қатарға шығады. Мен сол күнді көрсем деймін, – дейді ардагер мұнайшы.

Берік Демжанов пен Баходир Ходжалипесовтың өмір жолы – бүгінгі жасқа бағыт-бағдар боларлық тағылым. Бірі зауыттың қақыраған ыстығында маңдай терін төксе, бірі даладағы қақаған аязбен бетпе-бет келіп шыңдалды. Екеуінің жүрген жолы екі бөлек болғанымен, жүрек түбіндегі ортақ қасиеті бір – еңбегіне деген адалдық пен төзім. Сол адалдық оларды биікке көтеріп, төзімділік оларды қайсарлыққа жетеледі.

Жұмысшы мамандықтар жылы – осы еңбек адамдарының ерен еңбегін айшықтай түсті. Қара алтынды қазып, елге қызмет еткен жандардың әрбір күні – құрметке лайық.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!