Қытайдың Гуандун провинциясындағы Шэньчжэнь қаласының тұрғыны бір жылдық ақылы демалыс ұтып алып, әріптестерінің қызғанышын туғызды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Today Online порталына сілтеме жасап. 

Аты белгісіз компания корпоративтік кеш өткізген. Оның барысында қызметкерлер арасында лотерея ойнатылған. Нәтижесінде жеңімпаздар әр түрлі сыйлықтар ие болды. Оның ішінде қосымша ақылы демалыс күндері де бар. Ал бас жүлде ретінде жылдық ақылы демалыс ойнатылған. 

Компанияда лауазымды қызмет атқаратын ер адам жеңімпаз атанды. Басында ол бірден сене алмай, кеш жүргізушісінен қайта-қайта анықтап сұрай берген. 

Қызметкер демалысты толық пайдалана ма әлде оның орнына тиісті қаржыны ала ма, бұл жағын компания басшылығы қызметкермен өзара талқылап, шешетінін хабарлады.

Компанияның қызметкері Чен бұл үш жылда алғаш рет өткізілген ұжымдық кездесу екенін айтты. Өйткені алдыңғылары COVID-19-ға байланысты тоқтатылған. Оның бөлімі қызметкердің жұмыста күйзеліске бой алдырмау мақсатында лотерея ұйымдастырумен айналысқан. Ұтыс ойыны барысында қызметкерлер жүлделермен қатар күлкілі ойындар ұйымдастырған. Мәселен, лотореяның ішінде үйде дайындалған арнайы сусынды ішу немесе даяшы рөлін сомдау секілді тапсырмалар болған. 

Чен лотереяны ұйымдастырушы қызметкерлердің ешқайсысы бас жүлдені жеңіп алады деп күтпегенін атап өтті. «Бастық таң қалды», – деді ол.

Асығы оңынан түскен қызметкер туралы жаңалық қытайлық әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қызу пікірталас туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары “қызметкер жұмыста болмаған кезде компаниямен байланысын жоғалтады, ал басшылық оны ауыстыру үшін біреуді жалдауға мәжбүр болады” деген пікірлерін қалдырды.

Көптеген әлеуметтік желі қолданушылары жеңімпазға қызыға қарайтындықтарын  да айтты. Тіпті кейбіреулері осы компаниядан бос жұмыс орындары туралы сұрастыра бастады. Сондай-ақ, пікір жазушылар ер адам демалысқа кеткенде оның орнына басқа адамды алуы мүмкін екенін де айтып жатты.

«Демалыстан оралғанда, бұл жұмыс енді сіздікі болмайды», — деді бір қолданушы.

Басқа пікірлерде қызметкер демалыс кезінде жалақысын көтеру мүмкіндігінен, ықтимал бонустардан айырылып қалатынын және мансап тұрғысынан артта қалатынын айтты.

Тағы бір желі қолданушысы қызметкерге осындай ұзақ ақылы демалыс мерзімін беруді оны жұмыстан босату үшін сылтау ретінде ұсынған деп болжады. «Тіпті демалыс кезеңі де түйіндемеде жалдамалы жұмыс кезеңі болып саналады», — деп жазды біреуі.

Сондай-ақ берілген уақытты өз бизнесін ұйымдастыруға жұмсауға болады деген ұсыныстар да айтылды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!