Ерте, ерте, ертеде, есте жоқ ескі заманда бір ханның жалқау ұлы мен өте ерке қызы болыпты.  Жұрт ханға ұлы мен қызының ерке, шолжаң екендігін, бұлай жалғаса берсе болашақтарының бұлыңғыр болатынын айтса да тыңдамапты. Тіпті, «қатты айттың, мен хан емеспін бе?» деп ашуланып, басын шапқызатын болыпты. Арада жылжып ай мен талай жыл өтіпті. Бір күні ел ішінде «ханның ұлы мен қызы айықпас дертке ұшырапты. Кімде-кім ауруынан айықтырса, ат басындай алтын беретін көрінеді» деген әңгіме тарапты. Ат басындай алтынға қызығып жердің жеті бұрышынан тәуіппін, балгермін деп келмеген адам қалмапты. Алайда бәрінікі де жәй ғана  әурешілік еді. Хан шындап үмітін үзейін деді. Ұлы мен қызының мүлдем ас ішпестен сүлесоқ жата беретіні ханның жанына қатты батыпты. Ол бірде:

– «Неге жұрттың балалары асыр салып, қара жерді жалпағынан басып жүреді де, ал неге менің екі балам үйде ауырып жатуы керек? Екі құлыным ауырып төсек тартып жатқанда басқалардың ойнап – күлуіне болмайды. Ауылда той, мереке, болмасын! Алтыбақан құрылмасын! Ешкім өлең айтпасын! Әсіресе балалар үйден шықпасын! Кімде-кім осы менің айтқандарымды орындамаса, басын өзім шауып алатын боламын!» – деп қаһарланыпты.

Хан жарлығы орындалмай, екі кеткен кезі болған ба? Ханның бұл айтқанын естіген халық есеңгіреп қалды. Үкілі үмітіне балаған балаларының ханның қаһарына ілініп, өмірімен қош айтысқанын қаламады. Жағдайы бар шаһар тұрғындары түн уақытында жүктерін жинап ауылдан көшіп кетті. Жағдайы келмейтін, не болмаса ханның ашуынан шын қорқатындары жанын шүберекке түйіп қастарында қала берді. Шаһар  сүреңсіз күйге оранды. Адам адаммен күліп сөйлеспейді, әзілдеспейді. Тіпті бір-бірінің үйіне де бармайтын күйге түсті. Таң атады, күн батады. Шаһар сыртынан қараған адамға ханның ұлы мен қызы ғана емес, күллі ауыл тұрғындары ауруға шалдыққан деп ойлап қалары хақ. Ханға ұлы мен қызының ауруы жанына батса, халыққа ханның жарлығы жандарына аяздай батты. Дүниеге келгеннен бастап әр күні жиын мен тойға үйреніп қалған халық көпке дейін үйренісе алмады. Ханның малшысы өрісте жүріп өлең айтқаны үшін жазаланғаны халықты тіпті есеңгіретіп жіберді. «Обал-ай!, жап-жас жігіт еді!», «Бұ ханға не болғаны?», «Айдалада да үнсіз жүреміз бе сонда? Бұл тығырықтың да шығатын жері бар шығар?» дессе де ханға келіп айтуға ешқайсысының жүрегі дауаламады.

Ай өтті, жылдар өтті. Бір жылы «жығылғанға жұдырық» болып, жаз жаңбырсыз қуаң болып, еккен егін өнімін бермей, қыс ызғарлы болып қиналған қарапайым халықты тіпті әбіржітіп жіберді. Ауа райының бұлай қинағаны ханға да әсер етпей қоймады. Төрт түлік малы бірінен соң бірі қырыла берді, қырыла берді. Хан да қорқайын деді, десе де әрнәрсенің қайыры бар және бұл да Құдайдың қалауымен болып жатыр деп топшылады. Көрші елдің адамдары «Қолдан жасалған жұт» десті келеке қылып.

Шаһар шетінде екі ешкісі мен қотыр сиырынан басқа малы жоқ, Құдайдан  жылай-жылай бала сұрап, қос жанары шала көретін шал мен кемпір бар-тын. Сол шалдың да екі ешкісі төлдерімен бірге жұттан қырылып, жай-күйлері тіптен нашарлап кеткен еді. Бір күні сол шал кемпірімен ақылдасып, хан сарайына бармақшы болады. Кемпірі:

– Алжыған-ау, ханның сарайына сені қай ажал айдап барады? Ажалыңа барасың ғой сен. Мен жалғыз қалам ғой. Құдай бала бермесе де, сенен айырмасын мені! – деп зар жылағанда шалы түк  деместен шығып кете береді. Сол жүрумен тұп-тура хан сарайының алдына барып ханмен кездесуге рұқсат сұрап, ішке кіреді. Зәулім сарай қанша жерден әдемі болып ажарымен көздің жауын алатын сәулеті болса да, шерге толы сарай секілді болып көрінді шалға. Келе ханға сәлем берді:

– Хан ием, мен бір жүрген тұяқсыз жаралған пендемін. Сіздің перзенттері­ңіздің ауырып қалғандығын естіп арнайы келдім. Хан:

– Емші ме едің?,- деп гүрр етті. Сонда шал:

– Емшімін деп алдамаймын. Арғы атамда емшілік болмаған. Алайда сіздің балаларыңызды қалай емдеп жазуға болатынын білемін.

– Ол үшін не керек, айт, жетіқ ат жердің атындағы дүние болса да тауып беремін. Балаларым жазылып кетсе болды! – деп қуанды хан.

– Ештеңе керек емес, балаларыңызды екі-үш күнге маған ертіп жіберіңіз. Бұл балалардың ауруының емі – еңбек, ауруының аты – жалқаулық. Жалқаулық дендеп кеткені сонша ішіп-жеуге де, ойнап-күлуге де ерінеді. Ұйқымен ғана дос болып алған. Ал оны сен ауру деп ойладың! – деді де шал ханның ұлы мен қызын өз лашығына ертіп кетеді.

 Жолда жүруге ерініп жүрмейміз деп қырсыққанда, шал қолындағы алты өрім қамшымен осып-осып жіберді. Тұщы етіне ащы таяқ тиген кезде ханның ұлы мен қызы адымдап жүре бастады. Шал лашығына барған күннен бастап ханның ұлы мен қызын құлша жұмсады. Ханның ұлы егін егіп, қолмен су тасып суарса, ханның қызы сиыр сауып, айран шайқап, құрт қайнатты. Кешке жұмыстан әбден қарны ашып келгенде кемпірдің қара көжесін ұл мен қыз терлеп-тепшіп ішіп алатын болды. Үшінші күн дегенде тіпті шал мен кемпірдің қолын да қимылдатпады. Бар шаруаны өздері жасайтын болды.  Үш күнді үш жылдай зарыға күткен хан таң сәріден келіп шалдың лашығын торуылдады. Балаларының күліп-ойнап, әндетіп жүріп жұмыс істеп жүргендеріне қарап таң-тамаша болды да, кезінде өзім екен ғой балаларымды асыра еркелетіп, қолдан ауру қылған деп өткеніне қапаланды. 

Хан шалға риза болып «Балаларымның өмірін сақтап қалған әулие» деп құрметтеп, ауылына ұлан-асыр той жасап, шал мен кемпірді өз сарайына алдырыпты. Еңбекпен достасқан ханның ұлы мен қызы шалдың арқасында ақылды, зерек, еңбекқор болыпты. Хан бірнеше жыл бұрын жиылған алтыбақанды қайта құрғызып, ауылға күнде той жасатып, бақытты ғұмыр кешіпті.

Рамазан ҚОЛАНОВ,

Қазалы ауданы, Шилі ауылы № 259 мектептің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!