Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев “әйелін ұрып өлтірді” деген айыппен екі айға қамалды. Экс-министрдің әрекеті қоғамды дүр сілкіндірді. Өнер жұлдыздары да экс-министрдің әрекетін “асқан жауыздыққа” балап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Белгілі әнші Меруерт Түсіпбаева оқиғаға қатысы бар адамдардың бетін жасырып жазба жариялаған болатын. 

Белгілі продюсер, актриса Баян Алагөзова ең алғашқылардың бірі болып пікір білдірді. Себебі продюсер де тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, алғашқы некесіндегі күйеуімен ажырасқан еді.

“Еркектің айтқаны дұрыс” дейтін қоғам ешқашан түзелмейді. 90 пайызын ерлер құрайтын парламентте ешқашан әйелдерге қатысты әділдік болмайды. Біз патриархалдық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Оның мағынасын бәріңіз білесіздер: Еркектікі – дұрыс, әйелдікі – қате”, – дейді продюсер.

Айта кетейік, өткен жылы продюсер тұрмыстық зорлық-зомбылықты сипаттайтын “Бақыт” фильмін түсірген болатын. 

“Біздің «БАҚЫТ» фильміндегі эпизод – көптеген отбасының жан-айқайы. Кешіру, шыдау, бәрі өзгеретініне сену – аңыз. Қоғамды кезіп жүрген сұмдық оқиға – сөзіміздің дәлелі. Өзгермеңіз, өзіңізді сақтаңыз. Ешбір тиран адам сенің өміріңді қорламауы керек. Балаларың үшін де, басқалардың пікірі үшін де шыдауға міндетті емессің. Өміріңнің күл-талқанын шығаратын еркектен қашыңыз!”, – деп кеңес айтты продюсер.

Баян Алагөзованың әріптесі, әнші Қарақат Әбілдина да экс-министрді жауызға теңеп жатыр. 

"Еркек емес – ез": "Әйелін ұрып өлтірген" экс-министрдің әрекетіне өнер жұлдыздары шүйлікті

“Адамдар, не болып барамыз?!. Әлеуметтік желіні ашуға қорқып қалдық. Жантүршігеді… Әйелін ішіндегі баласымен қорлап өлтірген. Сұмдық-ай! Еркек емес – ез. Адам емес, айуан ғой барып тұрған…. Обалы жібермегір-ай…! Ана мен бала заңы қорғалмайтын, тирандар тайраңдаған мемлекетте өмір сүріп жатқанымыз қандай өкінішті?!”, – деп күйінеді әнші. 

Еске салайық, экс-министр Қуандық Бишімбаев “әйелін ұрып өлтірді” деген күдікпен екі айға қамауға алынған болатын.

Марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары тергеудің әділ өтуін талап еткенін жазған болатынбыз.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!