Фото: ашық дереккөзден
Дүниежүзінде алты мыңға жуық ұлт пен ұлыс бар. Солардың ішінде шамамен тек екі жүздей ұлт тәуелсіз мемлекет ретінде егемендікке қол жеткізген. Біздің де елдің терезесі тең халық ретінде көрінуі – біз үшін үлкен бақыт.
Бұл күні – ұлтымыз егемендікке қол жеткізіп, өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндік алды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Осы тұста әлем картасында жаңа мемлекет ретінде белгіленді. Бұл күн әр қазақстандық үшін ерекше мәнге ие. Сонымен қатар қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған еркіндік пен тәуелсіздікке қол жеткізуі салтанатпен еске алынады. Ата-бабаларымыздың күресі мен батылдығының арқасында бүгінгі ұрпақ бейбітшілікте өмір сүріп келеді.
Тәуелсіздікке жету жолында көп тарихи оқиға мен қиыншылық болған. Соның ішінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының маңызы ерекше. Бұл оқиға қазақ халқының еркіндік пен әділдікке деген ұмтылысының жарқын көрінісі болды. Алматыда өткен бұл көтерілісте жастар Кеңес Одағының әділетсіз шешімдеріне қарсы шығып, ұлттық намыс пен тәуелсіздікті талап етті. Желтоқсан оқиғасы көптеген жасты құрбан етті, бірақ ол халқымыздың рухын сындыра алмады. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сияқты жас батырлар өз өмірін тәуелсіздік жолына арнап, есімдері ел жады мен тарихында мәңгіге жазылды.
Тәуелсіздік – бұл өткенге құрмет көрсету ғана емес, сондай-ақ болашаққа деген сенімнің, бірлік пен ынтымақтың символы. Жас ұрпақ бұл күнді мақтанышпен атап өтіп, еліміздің жетістіктері мен дамуы үшін аянбай еңбек етуі тиіс. Осылайша Тәуелсіздік күні халқымыздың еркіндік жолындағы күресі мен рухының қуатын еске салып, еліміздің жаңа белеске жетуіне жігер береді.
Нұрай НҰРЛАН,
М.Дүйсенов атындағы
№15 мектеп-лицейінің 11сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!