Фото: zakon.kz

Қоғамның кемелдігін сөзбен емес, төзім, түсінік пен парасат арқылы өлшеуге болады. Адамзат дамып, ақпарат тасқынына қаныққан сайын моральдық өлшем де күрделене түсті. Бірі еркіндікті ту етсе, енді бірі құндылықтан айырылып қалудан қауіптенеді.

Осындай рухани иірім мен көзқарас қайшылығының ортасында бүгінгі қоғамда ерекше дау тудырған мәселе – ЛГБТ тақырыбы тұр. Иә, әркімнің өз шындығы бар. Дегенмен, еркіндік пен қаймағы бұзылмаған қазақылық бүгінде қылдай көпірдің екі жағында тұрғандай. Теңгерім таппасақ, біреуі жоғалуы мүмкін.

Бұл мәселені сөз етуімізге себеп көп: әлеуметтік желідегі түрлі контент, әлемдік ұйымдар ұйымдастыратын бейбіт митингілер мен мәжіліс депутаттарының ұсынысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында: «Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы күшпен танылып, соның желеуімен халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен қорлар арқылы мемлекеттердің ішкі ісіне ашық араласу белең алды. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен», − деп айтқан сөзінің өзі мәселенің зілі мен астарын айқындап берген еді.

29 қазанға көз жүгіртсек, дәл осы күні Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы «ЛГБТ пропагандасына тыйым салу» жөніндегі нормаларды талқылады. Бір жақты пікірлер ғана айтылмай, депутаттардан бөлек үкіметтік емес ұйым өкілдері, осы бағыттағы белсенділер мен құқық қорғаушылар қатысты.

Жиында «Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қоры» ұйымының жетекшісі Үсен Сүлеймен сөз алып, арнайы жүргізген зерттеу жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, әлеуметтік желі жасөспірімдердің көзқарасын, оның ішінде сексуалдық бағдарын қалыптастыруға ықпал етеді.

– Балаларға арналған мультфильмдер мен контент арқылы дәстүрлі емес қатынастарды көрсету олардың тұрақтылық сезімін бұзуы мүмкін. Зерттеу мәліметінше, қазақстандық әлеуметтік желілерде ЛГБТ тақырыбындағы 1559 материал жарияланған, – деді ол.

Жиында айтылған пікірлерді жинақтасақ, республикалық психикалық денсаулық орталығының өкілі Нәби Есімов: «Ашық немесе жасырын болсын, кез келген насихат – баланың дамып келе жатқан психикасына тікелей әсер етеді. Себебі бұл жаста оның сыни ойлауы әлі толық қалыптаспаған. Баланың миы белсенді әрі жаңа дүниені қабылдауға бейім. Мысалы, көрнекі-бейнелі ойлау шамамен 6-7 жаста ғана қалыптасады. Егер дәл осы кезеңде балаға дәстүрден тыс құндылықтар көрсетілсе, олар оның өмірлік ұстанымына сіңіп кетуі мүмкін», − деп пікір білдірсе, «Феминита» ұйымының жетекшісі Жанар Секербаева: «Конституция бәріне бірдей құқық берген, сондықтан жыныстық ерекшелігі үшін оның ашық ақпарат таратуына, ақпарат алуына тыйым салу заңсыз. Кез келген заңнамалық бастама эмоцияға емес, дәлелдерге сүйенуге тиіс. ЛГБТ қоғамда зорлық-зомбылықтың немесе әлеуметтік қауіптердің өсуіне әкеледі деген дерек жоқ. Керісінше, бұл мәселені елемеу және жабық қалдыру жастар арасында стигматизация мен психологиялық жарақаттарға себеп болады», – дейді.

Қатысушылардың пікірі сан алуан болғанымен, ортақ сұрақ біреу: депутаттар нақты не ұсынды? Мәжілісмендер кейінгі жылдары бұл тақырыпқа қатысты насихатты шектеу туралы нормаларды заң аясында қарауды ұсынуда. Яғни олар мұндай контент пен іс-шараларға, митингілерге құқықтық тұрғыдан тыйым салу керек екенін айтып жүр. Бұл мінберде жақында ғана қозғалып бастаған мәселе емес екені анық. Ендеше жылдар тізбегіне көз салсақ, 2023 жылы депутат Ардақ Назаровтың: «Біз экономиканы реттейміз, саясатпен айналысамыз деп жүріп, идеология мәселесін естен шығармауымыз керек. Мемлекет іргесінің берік болуы, халықтың баянды өмір сүруі үшін ең алдымен, дәл осы идеология саласын реттеуіміз қажет. Өрімдей балалар, арасында оқушылар да бар, ЛГБТ жалауын жамылып жүр. Жалпы, кейінгі кезде еліміздің ақпарат кеңістігінде біржыныстық неке, гомосексуализм, жынысты ауыстыру секілді мәселелер еркін насихатталып жатыр. Мұндай идеология қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын тоз-тозын шығаруды көздейді деп білемін. Ал, дәстүрі мен руханиятынан айрылған ұлттың болашағы жоқ екені айдан анық. Ұлт құрыса – мемлекет құлайды», – дегені есімізде.

Былтыр сәуірде Жанарбек Әшімжан мен Асхат Аймағамбетов «Масс-медиа туралы» заңға өзеріс енгізуді, нақтыласақ ЛГБТ өкілдері туралы БАҚ-та жазуға тыйым салуды ұсынды. Ал одан кейін қазан айында Ринат Зайытов та бұл мәселеге назар аударды. Сол уақытта жолдаған сауалын ол шегіне жеткен шыдамның, тапталудан төзімі таусылған намыстың ащы дауысы деп түсіндірген еді.

– Қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен «Феминита» қауымдастығы. Аз ғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» №31 заңының 1-бабына сәйкес, «Феминита» қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуларыңызды талап етеміз, − деді Ринат Зайытов Олжас Бектенов пен Берік Асыловтың атына жолдаған сауалында.

Осы мәселеге нүкте қоюды мақсат еткеннің бірі − Мәжіліс депутаты, «Aманат» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин. Оның айтуынша, E-petition.kz мемлекеттік платформасында жарияланған ЛГБТ насихатына қарсы петиция небәрі 2 аптада 50 мың қол жинаған.

− Бұл ұлттық болмысымызға жат ағымға халықтың қарсы екенін көрсетті. Ал Парламент бірінші кезекте халықтың мүддесін ескеріп, оны нақты заңнамамен іске асыруы тиіс. Олай болса, Үкімет тез арада келесі шараларды қолға алуы қажет. Бірінші, жоғарыда аталған петиция талаптарын толық қанағаттандыру керек. Екінші, барлық платформаларда, әлеуметтік желілерде ЛГБТ-ны насихаттайтын заң нормаларын ұсынамыз. Оған Үкімет оң қорытындысын беруі тиіс. Үшінші, ЛГБТ-ны қолдап, Мәжіліс депутаттарына ақпараттық шабуылдарды ұйымдастырған тұлғаларды тауып, жазалауы қажет, – деді Жаңбыршин.

Сонымен қатар ол сөзінде насихаттың басым бөлігі, яғни 73%-ы әлеуметтік желілердегі контенттен келетінін айтады.

 − Екінші орында бұқаралық ақпарат құралдарында 1550 материал шыққан, бұл өте көп. Бұны ақпараттық шабуыл деп айтуға болады. Үшінші жайт, былтыр комиссия отырысында бұл адамның құқығы деген мәселе айтылды. Женева конвенциясының отбасылық құндылық, әйелдердің денсаулығына қатысты декларациясы бар. АҚШ сол құжатқа сүйеніп, ЛГБТ-ға тыйым салу жөнінде заң қабылдады. Адамдардың құқығы қорғалуы керек, неге біз көпшіліктің емес азшылықтың құқығын қорғауымыз керек? Тағы бір жайт, бұл өте жеке мәселе, оны жарияға жар салудың қажеті жоқ, − дейді ол.

Міне, бірнеше жыл қатарынан ұсыныс ұсынылған. Нәтижесі қандай? Әлқиссада жазған 29 қазанға қайта оралсақ. Бірнеше сағатқа созылған талқыда депуттар нормаларды мақұлдады. Оған сәйкес, ЛГБТ-ны насихаттады деп танылғандарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер біл жыл ішінде қайталанса айыппұл екі есе өсіп, заң бұзушы 40 АЕК төлейді немесе 10 тәулікке қамалады. Сонымен қатар фильмдер мен кітаптарда біржыныстылықты үгіттеу де заңсыз деп танылмақ. Қоғамдық орындарда мұндай тақырыпта іс-шаралар өткізуге тыйым салу көзделген. Депутаттардың сөзінше, дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды мультфильмдер мен сериалдар арқылы қалыпты құбылыс ретінде көрсету жасөспірімдер арасында күйзеліс пен суицид қаупін арттырады.

Талқы соңында Еділ Жаңбыршин БАҚ өкілдеріне: «Ұлттық және әлемдік мәдениетке баулу» деген 34-бап бар. Соның ішінде айтылған порнографияны, зорлық-зомбылықты немесе қорлауды, адам психикасына әсер ететін, әсіресе балаларды құқық бұзушылыққа итермелейтін мәдени, әдеби және басқа да шараларды пайдалану заңмен қудаланады деп көрсетілген. Соның ішінде біз теріс, дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауды қосып отырмыз», − деп пікір білдірді.

Құқық қорғаушы Үсен Сүлейменнің айтуынша, қазіргі таңда ғаламдық парадигманың өзгеруі мен жаңа коммуникациялық арналардың қарқынды дамуы дәстүрлі құндылықтарға елеулі әсер етіп отыр. Оның сөзінше, соңғы зерттеулер адам уақытының үштен екі бөлігі интернетте өтетінін көрсеткен.

 − Өз кезегінде, дүниетанымы енді қалыптасып жатқан балалар ақпарат пен құндылықтарға ерекше сезімтал келеді. Интернет пен әлеуметтік медианы тұтыну барысында олар жыныстық идентификация мен әлеуметтік мінезқұлық модельдерін қозғайтын контентке тап болып, шынайылықты және этика қағидаттарын бұрмаланған түрде қабылдауға бейімделеді. Зерттеуде респонденттердің 63,7% ы ЛГБТ туралы ақпаратты тікелей әлеуметтік желілер арқылы алатыны белгілі болды. Ал 29 жасқа дейінгі респонденттердің 73,2%-ы интернетті негізгі ақпарат көзі деп санайды, − дейді Үсен Сүлеймен.

 Даулы мәселеге қатысты ұсынатын дерек пен пікірлер легі осындай. Бұл сын сағат тек бір топқа ғана емес, толық қоғамға қатысты екенін көрсетеді. Еркіндіктің де шегі бар, ал құндылық сынға түскен кезде әр пікір маңызды.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!