М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Патриот ұрпақ, рухты жастар, жарқын болашақ» тақырыбында ерлік сабағы өткізілді.
Ерлік сабағына ҚР Қарулы күштерінің Құрметті ардагері, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Мыңділда Ршауов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы подполковник Мақсат Бокаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің кіші сержанты Әскербек Абилов пен Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің археографы Айнұр Алиасқарова қатысты.
Биыл Жеңіс мерекесіне – 80 жыл. Жанқиярлықпен келген, бейбіт күнді сыйлаған бұл тарихи сәтті біз тек бір күн ғана айтып қоймай,мәңгі жадымызда сақтауымыз қажет. Қазақ халқында «Тарихын білмеген елдің болашағы бұлыңғыр» деген сөздің салмағы бар. Себебі ел ағаларымен жүздесіп, еркін ой-пікірлесу, өткен тарихты ашық аспан астында, бейбіт заманда тыңдап, білу сол батыр бабаларымыздың ерен еңбегі мен жігерлігінің арқасы.
Ұлан-ғайыр жерімізді аманат еткен батыр бабаларымыз ғасырлар бойы елдің тұтастығын қорғап, шекараны сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсінді. Олар елдің тыныштығы үшін жан аямай күресті. Осыған орай, қазіргі шекара қызметі бұл ерлікті құрметтеп, оны сақтап, қорғауды өз міндеті санайды.
Жастар кездесу барысында кең байтақ жеріміздің шебін қорғап жүрген шекарашылар туралы бейнероликті тамашалап, архив материалдарымен,құнды мәліметтермен танысты.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ерлік сабағында ел тарихындағы ең маңызды оқиға – Ұлы Отан соғысындағы ерлік пен батырлықты еске алды. Жеңіс – сол соғыста өмірін қиған барша жауынгерлер мен бейбіт тұрғындардың ауыр тағдыры мен ұлы еңбегінің нәтижесі.
Осындай тағылымды шаралар бізге тарихымызды тереңірек танып, бейбіт өмірдің қаншалықты құнды екенін түсінуге көмектеседі. Бүгінгі жастар батыр бабалардың ерлігін ұмытпай, олардың өнегелі ерлік жолын жалғастыруы керек. Осындай кездесулерді жиі ұйымдастыру жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде өте маңызды деп ойлаймын. Елін сүйетін, еліне қызмет ететін жалынды жастарымыз көп болсын!
Жанерке НҰРЛАНҚЫЗЫ,
М.Мәметова атындағы Қызылорда
педагогикалық жоғары колледжінің
«Филология» бөлімінің 1-курс студенті,
«Жас сарбаз» әскери-патриоттық
клубының мүшесі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!