Өнер – адам бойындағы талантты танытатын құдіретті күш. Өнердің қай түрін алсаңыз да, шығармашылық қуат пен мәдениеттің биік өлшемін байқайсыз. Ал Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан топырақ. Киелі өңірде өрбіген өнерді дәріптеу – өнер жүгін арқалаған әр адамға артылған аманат.
Осы орайда Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 19 кітапхананың ұйымдастыруымен Сыр елінен шыққан талантты жастардың шығармашылығын насихаттау және өнер иелерін оқырмандармен, көрермендермен таныстыру мақсатында «Ерліктің бір нышаны – өнер» атты жергілікті ақын-сазгерлермен кездесу кеші өтті. Құрқылтайдың ұясындай құтханадағы әдеби-сазды кеш қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып жүрген талантты жастардың шығармашылығына арналды.
Атап айтар болсақ, дүйім жұрттың жүрегінен орын алған «Найзағай көңіл» әнінің сөзін, «Аппағым менің» әнінің әні мен сөзін жазған ақын, сазгер, ұстаз – Әл-Фараби Бекарысұлы, бастау бұлағы жыр-терме, оқығаны күйшілік, «Сен сүйген ару», «Найзағай көңіл», «Сүйемін» т.б. көптеген хит әндердің авторы – Үкітай Ерниязов, ақын, «Сыйлық», «Мөлдір өлең» жыр жинақтарының авторы – Мөлдір Айтбай және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ректорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,өнер мен өлең жанашыры – Жанар Бимұратқызы арнайы қатысты.
Кеш қонақтары көрермендермен танымал туындылардың шығу тарихымен бөлісті, сонымен бірге өнерге адал болуға және шығармашылық жолда жанкештілілік танытуға шақырды.
Кеш барысында Үкітай Ерниязов терме орындаса, Әл-Фараби Бекарысұлымен бірге өз шығармашылықтарынан бірнеше әсем әндер шырқады. Ақын қыздар жыр шумақтарынан шашу шашты. Шара соңында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері, жас ақындар Аружан Оралбай, Бексұлтан Санақұл, Жамбыл Бақытәлі, Әли Асқар жүрекжарды өлеңдерін оқыды.
Сәуле АҚБЕРГЕНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!