фото: baq.kz

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іссапар аясында ол өңір халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік және мәдени нысандардың ашылуына қатысты.

Сапар барысында Қызылорда қаласындағы жаңартылған Қалалық мәдениет және демалыс саябағының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты рәсімде Ермек Көшербаев бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтіп, саябақтың ашылуының дәл балалар күнімен тұспа-тұс келуі – Үкіметтің өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау және олар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған саясатының айқын көрінісі екенін айтты.

Балалар – еліміздің басты байлығы және стратегиялық ресурсы. Салынып жатқан мектептер, саябақтар, спорттық және мәдени нысандардың барлығы жас буынның қауіпсіз, дені сау және үйлесімді ортада өсуіне бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырылуда. Бұл – жай ғана экологиялық акция емес, бұл – азаматтардың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеретін жүйелі өзгеріс. Қаланың сәулетті келбетін жаңартқан жаңа саябақ соның нақты дәлелі, — деді Ермек Көшербаев.

Сондай-ақ сапар аясында еліміздің 17 өңірінен келген оқушыларға арналған физика-математика бағытындағы жаңа лицей-интернаттың ашылуы өтті. Бұл заманауи білім ордасы – талантты жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды орталық болмақ.

Сапалы білім – табыстың кепілі әрі экономикалық өсудің басты негізі. Біздің мақсатымыз – жан-жақты дамыған, ғылым мен технологияны ілгерілететін жас буынды тәрбиелеу. Қызылорда өңірінде жастардың қабілетін ашуға барлық жағдай жасалып жатыр. Жаңа лицей – соның жарқын мысалы, — деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.

Аталған әлеуметтік нысандар еліміз үшін тарихи мәні зор — «Қазақ» атауының қайтарылуы мен Қызылорданың Алаш астанасы атануының 100 жылдығына арналған мерекелік шаралардың бір бөлігі ретінде ашылды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Ермек Көшербаев Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң баға беріп, өңірдің мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша тұрақты және нәтижелі өсім көрсетіп отырғанын атап өтті.

Үкімет халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Білім беру, демалыс және жеке даму бағыттарында жүзеге асырылып жатқан жобалар – қоғамда белсенді, сауатты әрі дені сау ұрпақты қалыптастыруға негіз болады. Мемлекеттік органдар, бизнес және жергілікті қауымдастықтардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде Қызылорда облысы жоғары қарқынмен дамып келеді. Мұндай бастамалар еліміздің орнықты дамуы мен жарқын болашағының берік іргетасы болары анық.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!