Қоршаған ортаға қамқорлықпен қарап, жасыл же­лекті көбейту, тазалық мәдениетін қалыптастыру қашанда өзекті. Қуантатыны, бізде бұл түйткілді шешу­ге талпыныс жоғары. Қаладағы көпқабатты үйлердің маңынан өтсеңіз, көңіл жайлана түседі. Ауласын түрлі ағаш пен хош иісті гүлге көмкеруге асық жандардың қатарында Сырдария мөлтек ауданы №8 үйдің тұр­ғындары бар. Соның ішінде 14 жасар Ерсейіт Сұлтанның еңбекқорлығы қатарластарына үлгі. Бүгінде ол Қала күніне орай ұйымдастырылған «Үздік аула – 2022» байқауының ең жас қатысушысы атанып отыр.

Ерсейіттің отбасы он жыл бұрын осы шағын ауданға көшіп келген. Өзі мектеп оқушысы, бос уақытында игі іспен айналысып, қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыруға күш салады.
– Үйдің айналасы таза шеге құм. Сәл қазсаң, құрылыс қоқыстары шығады. «Бұл жерге не өседі?» деп ешкімнің тал егумен ісі болмады. 2 жыл бұрын карантинде ұлым Ерсейіт екеуміз подъезд алдына қоршау жасап, оны бояп, қораны тастардан тазарттық, қоқыстарды қазып алып тастап, көшет ектік. Жүк көлікпен көң алдырып, аудардық, тыңайтқыш сатып алып құйдық. Арматура алып, есіктің алдына иіп, жаппа жасап, шырмауық ектік. Қазір ол қалыңдап, бойы да өсіп, керемет сая болып тұр. Ерсейіт арықтан суды шелектеп тасып, күн ара суарады. Ұлым үйдің сыртқы бетіне де өткен жылы 20 шақты тал екті. Бірер жылда өсіп, жайқалады деп үміттеніп отырмын. Алдағы уақытта үйдің көше бетін толық көгалдандыруды жоспарлап отырмыз. Осының барлығын күтіп-баптайтын – ұлым. Мен тек көмектесемін, – дейді жас бағбанның әкесі.

Ерсейттің еңбекқорлығы

Егілген ағаштың, әрбір өсімдіктің пайдасы шаш етектен. Жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микро­климат қалыптасады, шу деңгейі төмендейді. Сондықтан көршілер де ізгі іске үлес қосуды және ауланы одан әрі абаттан­дыра түсуді парыз деп біледі екен. Бастысы, олардың балаларды осылайша тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеуі, «тазалықтың табалдырықтан басталатынын» ұғындырып өсіруі көңіл қуантады. Тазалық болған жерде денсаулық болады. Ал жасыл-желек болса, денсаулық екі есе күшейеді дей беріңіз. Әрі бұл өзгелерге де ой саларлық әрекет. «Менің аулам одан да керемет болады» деп әрбір тұрғын талаптанса, нұр үстіне нұр емес пе?
«Бір тал ексең, еліңе орман салғаның» деген сөздерді мәйек етіп, қаланы көркейтуге үлес қосып жүрген осындай жандарға құрмет бөлек. Алдағы уақытта абзал істерімен өнеге болған әуесқой бағбан – Ерсейіттің еңбегі ескерусіз қалмайды деген ойдамыз.

Ерсейттің еңбекқорлығы

Мөлдір СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!