– Алло, сәлеметсіз бе! Қалыңыз қалай? Сізге «Ақмешіт жастары» басылымынан хабарласып тұр едік..

– Иә, қызым, тыңдап тұрмын, – дейді ана дауысы.

– Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында өзіңізбен тілдескіміз келген еді, – деймін мен.

–  Рас па?! Мәссаған! Бұл бір қызық болды-ау өзі!

Әңгімеміз ә дегеннен-ақ аналар таңданысымен қоса ана-көңілдің шынайы ықылас пейілін, балаларына деген қамқорлығын, аналық мақтанышын тудырғаны телефон тұтқасының ар жағында тұрса да бізге айқын сезілгендей. 

Әдетте елге танылған жастарды басылым беті жиі жазады. Бірақ олардың тілеуін тілеген анасының аты айтыла бермейді ғой. Осыны ескеріп, қоғамшыл жастардың анасымен арнайы әңгіме өрбіттік.

Роза ҚАРАТАЙҚЫЗЫ, «Сыр барысы», «Әлем барысының» қола жүлдегері Мақсат Исағабыловтың анасы:

Балам күрескен сәтті қарай алмаймын

Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін...

Қазақ күресін көргенде қаумалаған жұрттың делебесі қозып, айқайлап, пай-пайлап жан ұшыратыны бар. Бірақ боз кілемдегі балуандар бәсекесін көруге бір ғана адамның батылы жетпейді. Ол ‒ балуанның анасы.

«Сыр барысы», «Әлем барысының» қола жүлдегері Мақсат Исағабыловтың анасы Розамен тілдескенде біз мұны анық ұқтық. «Баласының топқа түскенін көріп отыру ананың нəзік жүрегіне оңай тимейді. Мен Аллаға сиынып, Мақсаттайым күресіп жатқан сәтті қарай алмаймын. Жарыс бітіп, жеңіске жеткен соң асықпай қайталап көремін, бірақ балам қатысатын жарыстардан қалмауға тырысамын» дейді ана көңіл.

‒ Алланың қалауымен жəне ата-ананың ақ тілеуімен дүние келген баланың əрқайсысы ерекше ыстық. Соның ішінде Мақсаттың дүниеге келуі өзгеше болды. Босанатын үйде жүргенімде сол перзентхананың меңгерушісі Алтынкүл тəте таңғы бес-алтының шамасында бөлмеге келді. Маған қарап “мені ұйықтатпадыңдар ғой, бүгін ер бала босанасың, ол бала алтын айдарлы ерекше бала болады, атын Марал деп қоясың” деді. Айтқанындай, дүниеге ер бала, үлкен ұлым Мұхтарыма серік болып Мақсатым келді. Есімін əкесі мақсатына жетсін деп ырымдап қойды. Марал əулиенің есімі ауыр болар деп осылай ұйғардық, ‒ деп бастады әңгімесін Роза Қаратайқызы.

Өмірге осындай аянмен келген Мақсат бала күннен спортқа жақын өсіпті. Ағасымен бірге қораға турник орнатып, футбол ойнап, күрес секциясына қатысып, ауылдың өзге қарадомалақтарындай желмен жарыса жүгіріпті. Балуанның сол кездегі алғашқы жеңісін де анасы қуана еске түсірді.

‒ Баламның алғашқы жүлдесі оқушы портфелі еді. Сонда бәріміз қуанып, қайта-қайта суретке түстік. Ол кезде Мақсат кішкентай, бесінші сыныпта оқитын. Ағасы сияқты тəртіпті болды, мас адам мен милициядан қатты қорқатын (күліп). Бүгінде ұлым Алланың қолдауымен жəне жаттығу еңбегінің нəтижесінде самбодан әлемнің қола жүлдегері, қазақ күресінен Азия чемпионы, бірнеше дүркін Қазақстан  чемпионы, Сыр барысы жəне Əлем барысының күміс жүлдегері атанды. Бұл жеңістің бәрі бапкері Болат Кенеевтің еңбегі мен жанкүйерлерінің, халық тілегінің арқасы ғой, ‒ дейді Мақсаттың анасы.

Роза Қаратайқызы жолдасымен  Алматы қаласында  білім алып жүрген кезде отау құрыпты. Биыл мерейлі отбасыға 40 жыл толады. Айта кетейік, дүниеге екі қыз (Динара, Əсел), екі ұл (Мұхтар, Мақсат) əкелген ананың ел таныған тағы бір баласы бар. 

‒ Нұрым Сəлімгерей ‒ қазақтың бағына біткен мықты палуанның бірі, Мақсаттың досы. Екі баланың тілеуін бірдей тілейміз. Кейде бір-бірін сағынса түн жарымында үйге келіп тұрады. Мен аналық жүрегіммен екеуін «егізім» деп атаймын. Бірде үйдегі қонақтарға «мынау егіз балам» деп таныстырсам, бір кісі “біреуі неге ақсары, біреуі неге қара торы?” деп сұрайды. Мен “Мақсатты күндіз, Нұрымды түнде босандым” деп сендірдім (күліп). Баласы достың ата-анасы да жақын болып кетеді ғой. Нұрымның ата-анасы Сəлімгерей, Лəззатпен бірге балаларымыздың əрдайым жеңіс тұғырынан көрінуін тілейміз, ‒ дейді жанашыр ана.

Жұмагүл ОҢҒАРБАЕВА, айтыскер, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың анасы:

Мұхтар керует астында кітап оқитын

Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін...

Бүгінде «Айтыстың ақтаңгері» атанған Мұхтар Ниязовтың о баста дәрігер болғысы келгенін екінің бірі біле бермейді. Биология пәнін таңдап, бірақ оқуға түсе алмай қалған ол дайындық курсына жазылған тұста Шиеліде облыстық айтыс ұйымдастырылыпты. Сонда ауылдағы мәдениет бөлімінің директоры Райкүл Карменова Мұхтарға «айтысқа қатыс» деп қолқа салған ғой. Қас қылғанда мектепті енді ғана бітірген бозбала келіспей қойыпты. Содан ол кісі Мұхтардың ата-анасына келіп «ұлыңызға айтыңызшы» деп өтінген соң,  «Балам, бағыңды сынап көр» деп қоярда қоймай Мұхтарды айтысқа апарған екен. Содан бастап Мұхтардың сөз аламанына деген көзқарасы өзгеріп, ерекше ынтамен дайындала бастапты…

Ақынның анасы Жұмагүл Оңғарбаева Жалағаш ауданы, бұрынғы Ақарық, қазіргі Есет батыр ауылындағы №124 орта мектепте  35 жыл қазақ тілі мен әдебиет   пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. Содан болар бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Ұстаздық қызметі үшін «Қазақстан оқу ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен және жоғары дәрежелі мұғалім ретінде зейнетке шыққан Жұмагүл апамен тілдескенімізде ақынның тұлға болып қалыптасуына отбасының ықпалы зор болғанын түсіндік.

‒ Бала адамның бауыр еті ғой. Алладан сұрап алған аманатымыз. Ал аманатқа қиянат жасау ‒ күпірлік нәрсе. Ешкім баласының жаман болғанын қаламайды. Елін, жерін сүйетін абыройлы азамат болғанын тілейді. Біз де сондай ата-ананың біріміз. Мұхтар бала күннен елгезек, қарапайым, алғыр болды. Әкесі екеуміз оның ерекше қабілетін ерте байқадық. Үш жасында әліппені жаттап алды. Жолдасым екеуміз де жұмыста болған соң, Мұхтар атасының тәрбиесінде өсті. Атасы сөзге шешен, аузы дуалы кісі еді, ертегі-аңыздарды, дұғаларды жаттатты. Ақындық жолының алғашқы бастамасы осы болса керек, Мұхтар ата мектебінен өтті. «Жақсыдан шарапат» демекші, бірде мектебімізге Тұманбай Молдағалиев келді. Ол уақытта төртінші сыныпта оқитын Мұхтар ақынның «Туған жер» деген өлеңін нақышына келтіре оқығаны үшін Тұманбай Молдағалиев қаламсабын ұсынды. Мұның өзі баланың көңіліне үлкен із қалдырғандай болды. Мұхтар жетінші-сегізінші сынып оқып жүрген тұста ауданаралық оқушылар айтысына, мүшайраларға қатысып жүрді. Бала күннен кітапты көп оқыды. Ол кезде ауылда жарық жоқ болса да, Мұхтар керуеттің астына кіріп, шамды жағып, жан-жағын көрпешемен жауып, кітап оқитын. Солай Мұхтар Әуезовтың екінші томын аяқтады, ‒ дейді ана көңіл.

Жұмагүл апа жолдасы Мәулен Ниязовпен арман қала Алматыда танысыпты.

‒ Ол кезде жолдасым Мәулен ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетінде, ал мен Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетінде білім алдым. 1982 жылы екеуміз шаңырақ көтердік. Жолдасымның мамандығы агроном болса да, әдебиетке өте жақын. Бала күнінде Мұхтарға Абай өлеңін жаттатқызып, мүшайраларға өзі  апарып жүретін. Әрбір ата-ана баласының еліне елеулі азамат болғанын қалайды ғой, бізде балаларымыздың жақсы азамат болуына қолдан келгенше бар жағдайды жасадық. Баласы елдің мұң мұқтажын айта  білетін, ұлтын сүйетін азамат болып қалыптасу үшін ата-ана алдымен өзін тәрбиелеу керек сияқты. Себебі ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілесің дегендей, әкесі екеуміз халықтың салт-дәстүрін сақтап, асыл қасиеттерді бойымызға жинап, балаларымызды адамгершілік пен имандылыққа, сабырлы болуды үйретуге тырыстық. Мұсылманның парызын орындап, иман байлығын жинап жүрген жандармыз. Сондықтан балам айтысқа шыққанда дұғада боламыз. Жеңсе ‒ қуанамыз, орын алмаса да шүкірлік етеміз. Әрине пендеміз ғой, кейде толқимыз,  қорқыныш та болады. Бірақ әуелі Алла, содан кейін өзіне сеніп отырамыз, ‒ дейді ақынның анасы.

Жоғарыда Жұмагүл апаның талай жыл шәкірт тәрбиелегенін айттық. Кезінде оқушыларына сапалы білім беріп, биіктерден көрінуіне күш салған ұстаз қазір де бала тәрбиесінен алыстаған емес.  

‒ Қазіргі қызметім ‒ Құдай берген Мұхтардан алты немеремді, Мағжанымнан Рамиз есімді немеремді бағып, тәрбиелеудемін. Мектепте оқитын немерелерім Әбдуалим, Әбдурахим, Хадиша ‒ оқу озаты. Әбдуалим немерем ‒ каратэ до спорт түрінен Қазақстан Әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, спорт шеберлігіне үміткер. Осылардың келешегінен үлкен үміт күте отырып, қал-қадырымыз жеткенше тәлім-тәрбие берудеміз, ‒ дейді ақкөңіл ана.

Захара ОРНАЛИЕВА, суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Дәулетбек Ділдәбековтың анасы:

Кенже ұлдың орны бөлек

Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін...

Дәулетбек ‒ отбасында бес баланың сүт кенжесі. Анасы Захараның айтуынша, әкесі ұлын барынша еркелетіп өсіріпті. Бала күнінде Дәулетбек үйдің барлық қабырғасына, ағаларының сабақ дәптеріне, одан қалды өзінің аяғынан бастап бүкіл денесіне сурет салып шығады екен… Осы әдемі естелікпен әңгімесін бастаған Захара апай кенже ұлдың бала қылығы мен бүгінгі жетістігін мейірлене айтып берді.

‒ Отағасыммен студенттік жылдары танысып, отбасын құрдық. Ол құрылыс мен білім беру саласының маманы болып, қызмет еттік. Бес ұлымызды бағып қақтық, әрқайсысының тұлға болып қалыптасуына көңіл бөлдік. Әрдайым адал болуын, өзге кісінің ала жібін аттамауын құлағына құйып өсірдік. Балаларымның әрқайсысы бір төбе, дегенмен кенже ұлдың орны бөлек, ‒ дейді Захара апай.

Жүзі мейірімді, жүрегі жылы ананың бала тәрбиесіндегі еңбегі еш кеткен емес. Бүгінде бес ұлы әрқайсысы өз саласында абыройлы қызмет етуде. Осы орайда жақсылыққа жаны жақын Захара апайдың бала бойындағы қабілетін танып, қолдау көрсетуі көпке үлгі боларлықтай.

‒ Дәулетім бала күнінде сөзге де шебер болды. Кішкентай баладан күтпеген мағыналы сөздерді айтып отыратын. Бастапқыда оның сурет салуын  балаға тән қызығушылық деп ойладық. Ұлымның бойындағы бұл қабілеттің ерекше дарын екенін бес жасқа толған шағында байқадым. Отбасымызбен кешкі ас ішіп отырған бір күні Дәулет қолына қағазы мен қаламын алып, әкесіне жүгіріп келді. «Папа, сіз қозғалмай отырыңыз, мен қазір сіздің суретіңізді саламын» деп жұмысына кірісіп кетті. Бәріміз аңтарыла қарап отырмыз. Балам беріле сурет салып жатыр, әкесі мен ағалары Дәулеттің бұл қылығына күліп қояды. Бес жасар баладан қарапайым ғана нәтиже күтесің ғой. Біраздан соң Дәулет сурет салған қағазын бізге берді де, өзі ойнап кетті. Бәріміз суретке қараймыз. Өз көзімізге өзіміз сенбей қайта қараймыз… Қағаздағы бейне әкесінен аумайды. Сол сәттен бастап әкесі Дәулетке сурет салатын қағазы мен түрлі-түсті бояуын әкеліп беруді әдетке айналдырды. Балам мектеп жасында да түрлі сурет байқауларына қатысып жүрді. Алғаш қызығушылықпен салған Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі бейнеленген суретті байқауда көрген бір көрермен арнайы іздеп келіп, ақысын төлеп алып кетті, ‒ дейді Захара апай.

Бүгінде суретші Дәулетбектің қолтаңбасын көпшілік жазбай таниды. Сыр өңіріндегі сурет өнерінің елге танылуына еңбек еткен оның әр туындысынан анасының кенже ұлға деген мейірімі сезіліп тұратын тәрізді…

Қадиша АБЗАЛҚЫЗЫ, журналист, Qazaqstan ұлттық арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділ Жахановтың анасы:

Су жаңа шапкасын беріп жіберіпті…

Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін...

«Баламның мектепке барған жылдары өте қиын кезге тура келді. Қызметте айлап жалақы бермейтін кез. Жұмыста қысқарту жиілеген  тұста Әділдің киімдерін зорға түгендеп жіберуші едік. Сол жылдары мектептен балалар үйіне көмек жіберетін. Содан мұғалім оқушылардан артық қалам, дәптер болса берулерін сұраған ғой. Сөйтсем балам басындағы кеше ғана әперген шапкасын беріп жіберіпті. Оны өзі білдіргісі келмейді, мен іздей берген соң амал жоқ айтты. Кішкентайынан осылай жұртқа жаны ашып, қамқор болғысы келіп тұратын…» Бір қызығы, осы жып-жылы естеліктегі кішкентай кейіпкер де, оның қамқор анасы да әлі  күнге еш өзгермеген.

Қоғамдағы қай мәселеге де бей-жай қарамайтын журналист Әділбек Жахановтың анасы Қадиша Абзалқызымен тілдескенімізде ананың бәрі баласы үшін шыр-пыр болатынын жанымызбен түсіндік. Анығында, жоғарыда айтқан шағын ғана естелік сол тұстағы барлық ананың ойындағы уайым, «балама болсыншы» деген ақ тілеуі еді. Талай жыл Жаңадария каналдар басқармасында, қалалық прокуратурада қызмет еткен Қадиша апай қазір зейнетке шыққан.

‒ Ешбір ана баласын жаман демейтін шығар. Сонда да менің балам ‒ өзіме ең керемет ұл. Біз баламыздың заңгер болғанын қаладық, бірақ өзі футболшы болғысы келді. Кішкентайынан соның соңында жүрді де, ойламаған жерден тілші атанды. Балам Әділ деген атына лайық деп ойлаймын, өте мейірімді, достарына адал, жақсы жар, жақсы әке. Балам болған соң мақтап отырғаным жоқ, шындығы  солай, ‒ дейді журналистің анасы. Қадиша апаның бұл сөзіне ешкімнің таласы болмасы анық. Қай тұста халық мәселе көтерсе, жанынан табылатын Qazaqstan ұлттық арнасының аймақтағы тілшісін жаңалық сүйер жұрт жақсы көреді.

Бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты әже баласы Әділ үшін әлі күнге алаңдайтынын да жеткізді.

‒ Ұлым ақ қар, көк мұзда сұхбатқа не жиынға кеткенде, қайта оралғанша уайымдап отырамын. «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады» деген даналық бекер айтылмаған, ‒ дейді Қадиша апай.

Базаркүл ЗӘКІРҚЫЗЫ, Нағи Ілиясов ауылының әкімі Сағдат Нұрмағамбетұлының анасы:

Ұлымның алысқа кеткенін қаламадым

Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін...

Облыстағы ең жас әкім Сағдат Нұрмағамбетұлының әр істе бастамашыл екенін Нағи Ілиясов ауылының тұрғындары жақсы біледі. Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын азаматтың анасына хабарласқанымызда, телефонның ар жағынан қарапайым да қамқор үн естілді. Келе жатқан мерейлі мерекемен құттықтаған біздің әңгімеміз келесідей өрбіді…

‒ Мамандығым медбике, денсаулық саласында қырық жылдай еңбек еттім. Ал жолдасым Алматы қаласындағы КазГу-де оқыған. Беріге дейін мектеп директоры, Нағи Ілиясов ауылының әкімі қызметін атқарды. Екеуміз 1974 жылы шаңырақ көтеріп, төрт бала тәрбиеледік. Қазір 12 немере мен 2 шөберенің ата-әжесіміз, ‒ деп сөз бастады Базаркүл Зәкірқызы.

Кезінде ана көңілі сүт кенжесі Сағдаттың алысқа кетіп, шет жерде білім алғанын қаламапты. «Хабар алмасуға жақын жер ғой, Қызылордадағы университетке оқуға тапсыр» дегенде тәрбие көрген ұл шеше сөзін жерге тастамаған екен.

‒ Сағдат  мектепте жақсы оқыды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Содан болар балам әкесінің атына кір келтірер сөз ерткен емес. Ең алғаш мемлекеттік қызметті Шаған ауылдық округі әкімі аппаратында жетекші маман болып бастады. Өз қызметін дұрыс, адал атқарғаннан болар, жаман аты шыққан жоқ. Барлық ата-ана баласы есейіп кетсе де, тілеуін тілеп отырады ғой. Мен де Сағдаттың әрбір күнінің сәтті өтуін тілеп, алаңдап жүремін, ‒ дейді Базаркүл апа.

Ақ тілеулі ананың ниетінен болар баласы ортасында сыйлы, абыройлы қызмет атқарып келеді. «Қазақстанның барлық ауылы Нағидай болсын» деп Елбасы жоғары бағалаған ауыл да жыл сайын жаңара түсуде…

Гүлсім ЖҮНІСОВА, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, журналист Рауан Мыңбаевтың анасы:

Бізді ерекше құрметтейді

Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін...

«Ұлым үшін ерекше толқыған мына сәт есімнен кетпейді. 7 сыныпта ұстаздары Желтоқсан оқиғасына байланысты ұйымдастырған іс-шараға Рауанды да қатыстырды. Бұл оның көпшілік алдына алғаш шығуы еді. Қайрат Рысқұлбековтің рөлін сомдайтын ұлым «айтар сөзін ұмытып қалып, ұстаздарын ұятқа қалдырмас па екен?» деген қорқынышпен жүрдім. Бірақ Рауан сахнадағы рөлін бір деммен жоғары деңгейде орындап шықты. Ұстаздары дән риза. Содан кейін Рауан қоғамдық жұмыстарға жиі араласа бастады. Қазір де телеарнадан тікелей эфирге шыққанда алаңдап отырамыз. Әр қадамына, жақсылығына балаша қуанамыз»… Осы әдемі естелікті бізге Рауанның анасы Гүлсім айтып берген еді. 

  Тәулік бойы үздіксіз ақпарат тарататын «Хабар 24» телернасының журналисі Рауан Ерұзақұлы ‒ отбасында ортаншы бала. Алдында әпкесі, өзінен кейін қарындасы бар. Содан болар бұл отбасы ұлынан үлкен үміт күтеді. 

‒ Рауан бала кезінен әдебиетке, өнерге құштар болды. Мектепте түрлі іс-шараларға қатысып, жүргізушілік қырынан танылды. Үлкен сахнаға шығып, өнер саласындағы ұстаздарының өнегесін алды. Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрында, облыстық филармония, қалалық мәдениет үйінде конферансье қызметін атқарды. 17 жасында қарашаңырақ «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасына жұмысқа орналасты. Осылайша біржола тележурналистика әлеміне ауысты. Біз оның жақсылығына тек себепкерміз. Негізінен баламның болашағына Сыр өңірінің мәдениет және тележурналистика саласындағы аға-әпкелері, әріптестерінің көп көмегі тиді. Олар ұлымның мүмкіндігіне сеніп, үміт артты, ‒ дейді Гүлсім Жүнісова.

Гүлсім апай жолдасы Ерұзақпен Семейде білім алып жүрген тұста танысып, отау құрыпты. Біраз уақыт жұмыс бабымен Алматы облысында тұрған соң, Рауан Ұзынағаш ауылында дүниеге келіпті. Ал атұстарлары екі  жасқа толғанда жас отбасы туған жерге оралған екен.

‒ Әкесі екеуміз Рауанның заң саласында қызмет еткенін қаладық. Бірақ оның таңдауы журналистикаға түсті. Ұлым бізді ерекше құрметтейді. Бұл мінезі  әкесіне тартқан. Жолдасым да ата-анасының қас-қабағына қарап, қолынан келгенше сый көрсететін. Сол тәрбиені көріп өскен ұлым үлкенге ізет көрсетіп, жолынан жаңылмай келеді. Әке мен ана үшін ең жақсы сый осы ғой. Бұл қасиетін баламыздың тәрбиелі, үлгілі, өнегелі азамат болғаны деп білемін. Алақанға салып, мәпелеп өсірген ұлымыз болған соң, алған бағытынан таймаса екен дейміз. Мен үшін ұлымның ортасына сыйлы, абыройлы болып, аман жүруі қашанда маңызды, ‒ дейді ана көңіл.

Бетті дайындаған Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!