Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыздың «Күретамыр» кітабынан алынған мына естелік әңгімені назарларыңызға ұсынғымыз келеді.

Түс мезгілі. Дастарқан басында ас ішіп отырғанбыз. Осы кезде көрші апа балконнан немересін өз дағдысымен шақыра бастады. Бір сөздің салмағы бір сөзге түсіп құлақты түршіктірді:

– Абай! Ау, Абай! Әй, қаңғыбас Абай! Ой, жүгермек Абай! Үйге кір деймін! Ой…

Ата қолындағы қасығын үстел үстіне тарс еткізіп тастай салып, орнынан шұғыл көтерілді де:

– Мына идиоттың жағын қарыстыру керек, – деді тістерін шықырлатып.

Оқты көзімен бізді бір шолып, тамағын шала қалдырып асүйден шығып кетті. Ертесіне ата Жазушылар одағына бір жұмыспен бармақшы болып такси шақыртты. Әдеттегідей папкасын көтеріп қасына ілестім. Біз сыртқы есіктен шыққанда қалқадағы ұзын орындықта Ақыш әже мен әлгі апа отыр екен. Ата таяғын сілтей, ширақ басып барып Ақыш әжемен сәлемдесті де, ана апаға төніп келіп:

– Абай деген баланың әжесі сенсің бе? – деп зілдене зірк етті.

Әйел адамға «сен» деп сөйлемейтін әдеті бұл жолы жайына қалды.

– И-и-иә! – деп тұтығып зорға жауап қатты әлгі апа.

– Не немереңнің атын өзгерт, не былапыт тіліңді тый! Өйтпейді екенсің атып тастаймын! – деп салалы қолының сұқ саусағын тура көзіне безеді де, кілт бұрылып: «Жүр!» – деп маған бұйырды.

Кетіп бара жатып Ақыш әженің көзінен ризашылықты байқадым, ана әйелдің көгерген жүзін көрдім. Сол күннен кейін бақырауық апаның дымы өшті, пышақ кескендей тыйылды.

Бұл әңгімені мысал етуіміздің себебін түсініп отырған боларсыз… Сәби дүние есігін ашқаннан бастап әрбір отбасы оған жарасымды һәм мағыналы есім бергісі келеді. Себебі «адам есімі тағдырына айналады» деген сенімді былай қойғанда, ертеңгі күні бала өз атын айтқанда қысылмауы қажет екенін ескереді. Дегенмен біз бүгінде адамға берілетін есімнің мән-мағынасына үңіліп, байыбына барып жүрміз бе?

Қазақта жаңа туған сәбиге есімді жасы үлкен, аузы дуалы, сыйлы адам қоюы – ежелден қалыптасқан игі дәстүр. Бесікке салу тойында елге қадірлі азамат немесе ақсақал сәбиді қолына алып, азан шақырып, таңдалған есімді құлағына үш рет жария етеді. Ертеде ақсүйек әулетің балаларына есім қою рәсімін молдалар құран оқып, кітапқа қарап орындаған. Дәстүр бойынша, балаға есім үш күн ішінде берілуі тиіс.

Әрине, азан шақырып, ат қоярдың алдында шаңырақта өзара ақылдасу, кеңесу болады. «Көпті көргеннен сұра» деген бар. Сәбидің есімін бір кездері әулеттің үлкендері, ата-әжесі таңдайтын. Ата-ананың қалауы да, үлкендердің ақ батасы да ескерілетін. Ал бүгінде бұл дәстүр баланың әке-шешесінен артылмайтынын аңғарып жүрміз. Екінің бірі ең болмағанда «Өзім дүниеге әкелдім, өзім шешемін» ұстанымын іштей қайталайтын секілді. Біреу бұрыс дер, біреу дұрыс дер, бала тағдырына ата-анасы жауапты болғандықтан ат қоюды да өздеріне тапсырған жөн болар…

Қазақ балаға берілген есім оның болмысына, тіпті тағдырына әсер етеді деген сенімді берік ұстанған халық. Көркем, мағыналы есім – баланың мінез-құлқына, болмысына игі әсер етеді деген сенім бар. Ең қызығы XX ғасырдан бері ғалымдар да есімнің адам психологиясы мен өмір жолына ықпалы бар-жоғын зерттеп келеді. Осыдан «антропонимика» – есімдерді зерттейтін ғылым қалыптасты.

Бірде Ақтөбе қаласына жол түсіп, іссапармен сонда бардық. Әр аймақтан жиналған достар дастархан басында бас қостық. Арамызда қарапайым ауыл баласы болса да орыс есімін алған ақын ініміз бар. Бірнеше жылдан бері жақсы танысақ та оның ерекше есімі жайлы ақпараттан мүлде бейхабар едік. Кенет әңгіменің ауаны ат қоюға тірелгенде ол біздің сауалымызға «Менің алдымда үш ағам шетінеп кеткен. Содан мен дүниеге келгенде есімімді Александр қойған екен» деп жауап қатты.

Иә, қазақ отбасында бала тұрақтамай, шетіней берсе өзге ұлт өкілінің есімін қоятын да дәстүр бар. Бұл да көз бен сөзден сақтанудың бір амалы болса керек. Бала тоқтамай шетіней берсе, дәстүр бойынша Тұрар, Тоқтасын, Тұрсын сияқты есімдер де таңдалады. Қазақ – өте ырымшыл халық. Әсіресе, атап өткен жайт отбасында жиі қайталана берсе, олар өмірге келген шақалақтың ұзақ өмір сүруін қалай да қамтамасыз ету үшін қолдан келер барлық амалды жасап баққан. Мәселен Сатыбалды есімі бала шетіней берген жағдайда қолданылған көне дәстүрдің айғағы. Сәби дүниеге келгеннен кейін оны көпбалалы отбасыға асырап алуға береді. Арада бес-алты ай өткен соң арнайы диалог арқылы қайтадан «сатып алу» рәсімі өтеді. Содан бастап балаға «Сатыбалды» есімін берген деседі.

– Сатыбалды мен Төлеген қарапайым етістік болып көрінуі мүмкін, алайда астарында этномәдени ақпарат, халықтар білімінің жүйесі жатыр. Халықтың рухани, мәдени коды бар. Сатыбалды өзім алған жоқпын, Құдайдан сатып алдым деген астарлы мағынада қойылады. Төлеген есімінде бұл баланың құны төленген деген жасырын ақпарат бар, – дейді филолог Қыздархан Рысберген.

Сәбиді көзден, тілден сақтасын деген ниетпен кейде оғаштау, тұрпайы есімдер де берілген. Мәселен оның қатарында Итбай, Көтібар, Жаман, Шоқпыт, Тұтқыш, Сасық, Қисық және басқалары да бар. Мұндай үрдіс бүгінде тозған ырымдардың қатарына жатады. Алайда психологтар бұл дәстүрді қатаң сынға алды. «Қожа» фильміндегі «Атымды айта бастасам тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады» деп басталатын сөздер бәрімізге таныс. Дәл осы секілді адам өзіне қойылған есімді қабылдай алмаса, өзін де қабылдауы қиынға соғатынын ескергеніміз жөн. Ал өзіңді қабылдай білу – өмірге құштар болудың ең басты ережесі.

Дінге бетбұрыс үдеген сайын ислам мәдениетінен алынған есімдердің де саны өсіп келе жатқаны жасырын емес. Араб және парсы халықтарында кең тараған пайғамбарлардың есімін қою үрдісі бізге де жетті. Қазақ халқында мұндай есімдер толыққанды аталмай, көбіне жеңілдетілген нұсқада айтылады. Себебі бала жас кезінде пайғамбар, батыр, қолбасшылардың атын көтере алмай ауырып қалады деген ежелден келе жатқан сенім бар. Сондықтан мұндай есім қойылса да, есейгенше еркелетіп басқа атпен атаған. Мысалы мұзбалақ ақын Мұқағалидың азан шақырып қойылған аты – Мұхамедқали, бірақ әжесі қысқартып Мұқағали деп атаған. Бүгінде қазақ атын әлемге танытып жүрген Димаштың да шын есімі Дінмұхаммед екені баршамызға мәлім. Аталған наным-сенімнің маңызы тереңде екенін осыдан-ақ байқауға болады. Тіпті аурушаң немесе өмірі қиын басталған балалардың тағдырынөзгертсін деп атын алмастыратын жағдайлар да кездеседі.

Аты тарихта алтын әріппен жазылған тұлғалардың есімін алған соң, соған сай болу да парыз іспетті. Кісінің атына іс-әрекеті немесе мінезі үйлеспесе «жаман иттің атын бөрібасар қояды» деп қыжыртатыны тағы бар. Мектеп жасындағы балалар арасындағы буллингтің де көп себебі бала есіміне байланысты орын алатын көрінеді. Айналасындағы өзі құралпы балалардың мағынасын жете түсінбей мазақ етуінің әсерінен өз есіміне өкпе айтып жүрген жеткіншектер де баршылық.

Ата-бабамыз ат қоюды «адам маңдайына жазылатын тағдыры» деп есептеп, балаға мағыналы, тәрбиелік мәні бар есім қоюға тырысқан. Алайда заман өзгерген сайын ат қою үрдісі де жаңарып, қоғамда бұрын-соңды сирек кездесетін ерекше есімдер пайда бола бастады. Мұндай ерекше есімдер жиілеп, жұртшылықтың назарын аударып жүр.

Мәселен қазақтың белгілі ақыны, композиторы Кенен Әзірбаевтың қызының есімі ел арасында көпке дейін қызығушылық тудырып келеді. Ол – Төрт кемпір бір шал. Қазақтың көне дәстүрінде сәбидің өмірін ұзақ, ғұмырын берекелі болсын деген игі ниетпен түрлі ырым-жоралғылар жасалған. Солардың бірі – жаңа туған сәбиді үлкен кісілердің, әсіресе көп жасаған ақ жаулықты аналардың аяғының арасынан өткізу рәсімі. Мұндай ғұрыптың мәні – баланың жолы ашық, ғұмыры ұзақ болсын деген тілек. Дәстүр бойынша нәрестені үш немесе жеті кемпірдің арасынан өткізген соң, ата-аналар осы рәсімге байланысты баласына Үшкемпір, Жетікемпір сияқты аттар қойған. Кейін Кенен ақынның қызы бесінші сыныпқа барған кезінде атасы немересінің есімін күнделікті өмірде айтуға ыңғайласын деп «Төртін» және «Кененнің кенін» алып, Төрткен деп қысқартып береді. Бұл – қазақ қоғамындағы бірегей мысалдардың бірі ғана.

Бүгінде екінің бірі мұндай ат қоймаса да, халқымыздың шығармашылық қиялының, сөзге жүйріктігінің көрсеткіші ретінде есте қалған ерекшелік.

Бірнеше жыл бұрын елімізде ерекше ұзын есімімен танымал болған тағы бір азамат қоғам назарын аударған еді. Оның есімі – Ақпантоқпантұрарқожа. Әлеуметтік желі қолданушылары 20 әріптен тұратын бұл атты ұзақ уақыт талқылап, бірі таңғалып, бірі әзілге айналдырған. Мұндай есімнің пайда болуына ата-ананың өзіндік себептері болғаны анық. Алайда қоғамда мұндай күрделі және ұзақ есімдердің бала өмірінде қиындық тудыруы мүмкін екендігі де айтылып келеді.

Танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі өз балаларына ерекше есімдер қойып, елдің назарын аударған еді. Оның балалары Шәмшіқалдаяқ, Бекзатсаттархан, Мұхтаршахан, Иманғалитасмағамбет есімдерін алған. Сазгер бұл есімдерді қазақ халқының көрнекті тұлғаларына деген құрметтің белгісі ретінде қойғанын айтқан. Әр есім – бір-бір дәуірдің, бір-бір дарын иесінің ізі. Бәлкім бұл үрдіс ұлттық рухани жалғастықты қалыптастырудың өзіндік жолы болар.

Таң қалатын несі бар? Бүгінде ата-аналар балаларына қоғамдағы түрлі саяси, мәдени не спорттық оқиғаларға байланысты есімдерді де қойып жатады. Мысалы қыз балаға да, ұл балаға да берілген Азиада есімін атап өтуге болады. Сондай-ақ Саммитхан, Саммитбек, Нұрсаммит – халықаралық саммиттер мен саяси шаралармен байланысты туған есімдер болса, ең қызығы елімізде Дипломбек есімін де алған азамат өмір сүреді екен. Мүмкін ата-ананың сол кездегі отбасындағы маңызды оқиғаға қатысын көрсететін ерекше есім болар. Тіпті EXPO көрмесі қарсаңында қойылған сирек кездесетін аттардың бірі Бәйдібекспо есімін де екінің бірі естімеген болар…

Ерекше есімдер – қоғамның өзгеруінің, заман тынысының айғағы. Олар кейде ұлттық болмысты айқындаса, кейде ата-ананың шығармашылығын, көңіл-күйін немесе белгілі бір оқиғаға деген эмоциялық көзқарасын көрсетеді. Дегенмен мамандар кез келген ата-анаға болашақта баланың есімі оның қарым-қатынасына, құжаттандыру жүйесіне, қоғамдық ортадағы қабылдануына әсер ететінін ескеруді ұсынады.

Есімнің тарихы бар, тағдыры бар

Осы ретте 2025 жылы Қазақстанда дүниеге келген сәбилерге ең жиі қойылған есімдер тізімін назарларыңызға ұсынғымыз келеді. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, биыл жыл басынан бері дүние есігін ашқан ұл балалар арасында ең танымал есім – Айсұлтан, ал қыздар арасында – Айлин есімі бірінші орынға шыққан.

Танымал есімдердің жиі қойылуы, мысалы Мұхаммед немесе Айлин есімі көп қойылуы бұл болашақта есімдері бірдей балалардың көп болуы мүмкіндігін тудырады. Яки сарапшылар пікірінше, мектепте немесе жоғары оқу орындарында құжат рәсімдеу кезінде шатасу болуы мүмкіндігін алға тартады.

Есімнің тарихы бар, тағдыры бар

Қазақтың ат қою дәстүрі – халықтың мыңжылдық дүниетанымын, наным-сенімін, қалауын сақтап қалған ерекше мәдени қабат. Әр есімнің түбінде – тарих, әр атаудың артында – ырым, ал әрбір таңдауында – ата-ананың үміті жатыр.

Егер сәбиге қойылған ат ұнамай қалса, оны кейін өзгертуге болады. АХАЖ бөлімінде өтініш беріп, қажетті құжаттарды тапсыру арқылы жаңа есім 15 күнде беріледі. Аймақтық айырмашылықтар бойынша процесс 1,5 айға дейін созылуы мүмкін. Бірақ есімді бірнеше рет өзгертуге болмайтынын ескерген жөн.

Қазақстанда дүниеге келген әр сәби – тек бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің ертеңі. Сондықтан қазақ қоғамында балаға қойылатын есімге айрықша мән беру тиіс. Бүгінде бұл процесс бұрынғыдай тек әулет ақсақалының шешіміне ғана тәуелді емес – заман, қоғам, мәдени үрдістер мен жаңа құндылықтар да ықпал етіп отыр.

Қорытындылай келе айтарымыз, балаға есім таңдайтын кезде мағынасын, дыбысталуын, фамилиямен үйлесуін, сондай-ақ баланың болашақ өмірінде қандай әсер қалдыратынын барынша саралаған жөн.

А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!