«Қарасора – 2022» жедел – профилактикалық іс-шарасы кезінде Қызылорда облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Қармақшы АПб-нің қызметкерлері бірлесіп жүргізген жедел іс-шара барысында 58 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол Қармақшы ауданында далалық жерде 766 түп сора өсімдігін еккені анықталды.
Сонымен қатар, полицейлер оқиға орнынан заң бұзушының жеке заттарын, азық – түлік, сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар: палатка, генератор, 20 метрлік шланга тәркіледі.
Сараптама қорытындысына сәйкес заттай дәлелдеме ретінде алынған зат жалпы салмағы 3 кг. 550 гр. сора өсімдігі болып шықты.
Күдікті Қармақшы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды.
«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300 – бабының 2 – бөлігімен (ірі мөлшерде құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде», – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Айта кетейік, жыл басынан бері қызылордалық полицейлер есірткі қылмысының 96 фактісін анықтаған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!