Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Дөненов Ардақ Әбішұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.

Брифинг барысында есірткі қылмысына қарсы күрес шаралары туралы айтылды.

1 маусым – 31 қазан аралығында республика аумағында «Қарасора-2024» кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Операция құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру фактілерін анықтауға, жасырын егістіктер және плантацияларды жоюға бағытталған.

Іс-шара кезеңінде 207 есірткі құқық бұзушылықтары анықталса, оның ішінде 67 дерегі есірткі өсіру, 9 өткізу, 6 есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау, 17 жарнамалау, 1 есірткіні тұтынуға көндіру және 172 қылмыстық теріс қылықтар.

Заңсыз айналымнан барлығы 1 тонна 208 кг. 186 гр. «каннабис» өсімдігі, 13 кг. 848 гр. «көкнәр», 30 кг. 864 гр. «марихуана», 1 кг. 14 гр. «гашиш», 57,4 гр. «синтетика» тәркіленді.

Жалпы 11 мың 970 түп сора өсімдігі анықталып, қыркүйек, қазан айларына дейін пісіп-жетілгенінде әр түптен шамамен 500гр.-нан есептегенде 3 тоннаға жуық марихуананың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.

Далалық аймақтардан 19 ірі есірткі алқаптары, үй, бау-бақша, саяжайлардан 48 дерегі анықталды.

Есірткі өсірумен айналысқан 55 адам құрықталып, оның 14-і қамаққа алынды.

Айта кету керек операцияға Департаменттің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ғана емес, сондай-ақ Бүркіт АЖ, Жылдам қыймылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері, ІІМ-нің Ұлттық ұланының тік ұшағымен пилотсыз ұшу аппараттары жұмылдырылды.

Әскери тік ұшақ техникасының көмегімен 30 мәрте әуеден шолу жүргізіліп, есірткі өсірудің 11 дерегі, Жаңақорған ауданы – 4 дерегі анықталып, іздеудегі қылмыскер ұсталды. Ішкі істер органдарында тіркелмеген 5 заңсыз қару алынды.

Мобильді бекеттерде қызметтік іздестіру иттерінің көмегімен есірткі тасымалдаудың 39 дерегі, оның ішінде аса ірі мөлшерде тасымалдаудың 3 дерегі анықталды.

Ұйымдасқан қылмыстық топ іс-әрекеттерін әшкерелеу, қылмыстық жолмен алынған қаражаттарды заңдастыру, есірткі тұтыну үшін притон ұйымдастыру деректерін анықтау мақсатында әзірлеме жұмыстары жүргізілуде. Іс-шара аяқталғанымен бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда.

Сонымен қатар Қызылорда облысының Полиция департаментімен ағымдағы жылдың қараша айының 04-08 күндері аралығында Республика көлемінде «Дәрмек» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Іс-шара кезінде 15 денсаулық сақтау мекемесіне, 7 кәсіпкерлік субьектілерінің қызметіне Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің «ЕРСОП» жүйесіне тіркеліп, тексеру жүргізілді. Іс-шара кезінде 15 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Оның ішінде:

Есірткі құралдары сақталатын үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзудың 5 дерегі;
фармацевтика қызметінің қағидаларын бұзудың 8 дерегі;
Заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет 2 дерегі анықталды.

Әкімшілік жауапкершілікке 10 адам тартылса, оның ішінде 5-і медицина саласының қызметкері.

«Дәрмек» жедел профилактикалық іс-шарасының нәтижесінде 155 дана таблетка және 715 ампула психотроптық заттар алынды.

«Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндеті». Жастар – біздің болашағымыз! Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барлығымыз үшін ең бірінші орында екенін ұмытпайық.

Полиция Департаментінің жеке құрамы өз кезегінде нашақорлықтың алдын алуда қойылған міндеттерді орындау үшін қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдаланып, әрдайым бірлесіп есірткіні түбегейлі жоюға жұмыстар жасауда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!