Фото: Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы
Қызылорда облысының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткіге қарсы анимациялық роликтер байқауын ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – халықтың назарын салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігіне аудару, бос уақытты тиымды пайдалану және жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту.
Балалар жаңа қосымшалардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өз жұмыстарында есірткінің зияны, нашақорлыққа тарту тәсілдері, кепілгер жұмысы мен нашақорлықтың салдары туралы мультфильмдер жасаған.
Байқауға жалпы орта білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары мен оқу орындарының студенттері қатысты.
Байқаудың бірінші кезеңін білім бөлімдері өткізді, үздіктері екінші турға жіберілді. Байқау финалына қатысу үшін 43 жұмыс келіп түсті.
Құрамына полиция қызметкерлері, «Қызылорда еріктілері» қорының, «Жастар спорттық туризмі және туристік көпсайыс» жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері кірген сайыстық комиссия 12 жұмысты атап өтіп, оның 3-ін үздік деп таныды, олар: Қосанов Еркебұлан – Арал ауданы N14 мектеп-лицей, Бахи Гаухар – Қазалы ауданы N17 орта мектеп оқушылары мен Мұратұлы Азиз – М.Маметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледж студенті.
Сайыста жеңіске жеткен жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады және есірткіге қарсы іс-шараларды өткізу кезінде үгіт материалы ретінде пайдаланылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!