Фото: pixabay.com

Қазақстан есірткімен жасанды интеллект арқылы күреспек. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, соңғы 5 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 10 келі 1 тоннаға дейін күрт өскен.

«Қазір есірткі қылмыстары толық кибер кеңістікке өтті. Бұл ретте «крипто-кошелек», мессенджер және басқа да инновация қолданылып жатыр. Күресу тәсілдері де үнемі жаңарып отырады. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы анықталған есірткі сайттары бұғатталады. Тыйым салынған контентті автоматты түрде іздеу арнайы бағдарламамен қамтамасыз етіледі», – деді Ержан Сәденов Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Министр есірткімен жасанды интеллект арқылы күресуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Есірткі тұтынушылар арасында Telegram мессенджері танымал. Есірткі таратушылар бір-бірін танымайды, барлық байланыс түрі «боттар» арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерімен соңғы отырыста осы жұмысқа жасанды интеллекті қосу бастамасы ұсынылды. Мәселені пысықтау үшін кеңестің ұсынысы бойынша ІІМ-нің есірткіге қарсы штабына IT-мамандар да қосылады», – деді ведомство басшысы.

Ержан Сәденов жыл басынан бері Қазақстанда чаттар, арналар, сайттар секілді 6 мыңнан аса ақпараттандыру объектісі бұғатталғанын, Telegram-да 1,3 мың интернет-дүкен жабылғанын атап өтті.
Бұған дейін елімізде жыл сайын есірткі қылмысы үшін 3 мыңнан аса адам сотталатынын хабарлаған еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!