Құрметті қала тұрғындары!
Қазақстан Республикасының Президентімен қол қойылған «Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңы» 2025 жылғы 3 наурызынан бастап күшіне енеді.
Осыған байланысты оның құқықтық салдарын түсіндіріп кетейін.
Есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылар мен есірткі таратушыларға, оның ішінде «есірткі курьерлеріне» (закладчик) қатысты қылмыстық жауапкершілік сараланды.
Енді, алғашқы рет заңды бұзған есірткі таратушылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша төмендетілген санкциялармен жауапкершілікке тартылатын болады. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 297-бабы:
- 1 бөлігі бойынша егер адам аз мөлшерде есірткіні өткізгені үшін ұсталса, енді 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болған.
- 2 бөлігі бойынша егер адам ірі көлемдегі есірткіні өткізгені үшін ұсталса, енді 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін болатын.
- 3 бөлігі бойынша егер адам аса ірі мөлшердегі есірткіні өткізгені үшін ұсталған болса, енді 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген, бұрын ол 10 жылдан 15 жылға дейін болатын.
Алайда, есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылар мен есірткі өндірушілерге, сондай-ақ лауазымды тұлғаларға жазаны қатайтатын Қылмыстық кодекстің 297-1 бабы енгізілді.
Олар 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады.
Сонымен қатар, күшті әсер ететін заттар мен есірткіні өндіруде, әзірлеу және қайта өңдеуде қолданылатын прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуде.
Бұған дейін қылмыстық жауапкершілік тек прекурсорлардың контрабандасы үшін көзделген болатын.
Осы өзгерістер прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың айналымын бақылауды күшейтеді.
Енгізілген өзгерістер қылмыстық жауапкершіліктің әділ жүйесін қалыптастырады, сондай-ақ қоғамды есірткінің заңсыз айналымының зардаптарынан қорғау шараларын күшейтеді деп ойлаймыз.
Біржан Бағысов Қызылорда облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!