«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ
тарапынан жарияланған
байқауға»
«Ай, тентек, күйдірдің-ау. Сай тастты аралап, көшені жағалап жүріп тапқаның осы ма? Оқы деп едік оқымадың, жетпегір-ай, күйдірдің ғой, күйдірдің!» деп екі санын ұрып жылаған көрші әжейдің даусы әдеттегіден қатты шықты. Қолына түскенді лақтырып, төңірек тасыр-тұсыр болды. «Не болып қалды екен» деп жетіп бардық. «Барыңдар әрі!» деп бізді қуып жіберді. Артынша бір топ полицей үйінен жалғыз ұлының қолын қайыр алып шықты да, полицияның көлігіне атып ұрды. Тентек ұлы бірдеңе бүлдірген екен деп топшаладық. Анасы жылап еңіреп қалды. Әжейдің қасына бара алмадым. Ашуын бізден алар деп. Бірақ сол күні бүкіл ауыл шулады. «Сәрсенбектің ұлы сорлап қалыпты», «Ауыл сыртына есірткі егіпті», «Өзі де нашақор екен» деген гу-гу әңгіме шартарапты шарлады…
Баламыз, есірткі еккен деген не, шеккен деген не байыбына бармадық. Жақсы емес екенін білдік. Сол күннен бастап мектепте тәрбие сағаттары күшейді. «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты апталық өтті, «Мен есірткісіз өмірді таңдаймын!» деген тақырыпта эссе жаздық. Қызылорда облысы ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасынан адамдар келіп, мектепте үлкен акция өтті. Сағынада сөйлеген полицей «Біздің мақсатымыз есірткініӊ заӊсыз айналымына тосқауылды күшейту және нашақорлықтыӊ алдын алу. жастарды саламатты өмір салтына шақыру» деді. Апта бойы ашық сабақтар, акциялар өтті. Есірткі туралы, оның адам өміріне қаншалықты зиян екенін білдік. Қазір заман ағымына сай оның синтетикалық түрлері көбейгенін, жастардың жиі алданып қалып жатқанын білдік.
Бір күні шығарма жаздық. «Менің арманым − дәрігер болу. Сырқат жандардың дертіне шипа іздеп, емдеу» дедім. Сыныптасым Ыбырахым «Полиция қызметкері боламын. Тентек, бұзық балаларды тәртіпке шақырамын» десе, Ерасыл«Кәсіпкер болғым келеді» деді. АлНұрислам «менің арманым ұстаз болу» деп жазыпты. Бәріміз шығармаларымызды оқып бердік. Сонда мұғалым Ажар апай, бізге «Армандарың орындалғанын қалайсыңдар ма?» деп сұрады. Бәріміз «иә» деп жауап бердік. Сонда мұғалім «Балалар, армандарың асқақ! Мақсаттарың айқын. Армандарың орындалғанын қаласаңдар, тәртіпті болыңдар. «Жақсымен жүрсең жетесің мұратқа, жаманмен жүрсең қаласың ұятқа» деген. Жат қылықтан аулақ болып, игі істердің қасынан табылыңдар!» деді.
Иә, кім арманына жеткісі келмейді дейсіз? Асқақ арман жолымызда білім алып, еңбек етіп, табысқа жеткіміз келеді. Саламатты өмір салтын ұстанып, денсаулығымызды күту басты міндетіміз. Есірткі шегіп ессіз болмай, жат қылықтардан аулақ болуымыз қажет. Қазір әлеуметтік желіде де бейтаныс адаммен сөйлсепей, пайдасы жоқ топтарға қосылмаған жөн. Себебі есірткі сататындар балалар мен жас өспірімдерді желі арқылы арбауы мүмкін. Нашақорлық аты айтып тұрғандай, түбі қорлық. Арман жолында адаспайық!
…Көрші әжейдің жалғыз ұлы жазасын өтеп шыққаны мен қоғамға қайта қосыла алмады. Ұзақ жыл темір торда отырғаны, есірткі шеккеннің зардабын тартып, ауырып өлді.
#есірткігеқарсыбайқауы
Нұрамандос ЖАНӘЛІ,
М.Шоқай атындағы,
№41 орта мектептің 8 сынып оқушысы,
Шиелі ауданы, М.Шоқай ауылы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!