Қазіргі жастардың жасағаны «хайп», жинағаны лайк. Арзан атаққа тура апарар жол деп, «хайп» жасауға құмар-ақ. Жұрт сынай қалса, «қара пиар да  пиар» дегенді алға тартады. Осылайша, тез танылу үшін «хайп» жасаушылар әлеуметтік желіге әдепсіз суретін жүктеп қана қоймай, түрлі образдар ойлап тауып, желіні шулатып жатады. Интернет пен әлеуметтік желілердің дамуы қоғамда «фейк», «хайп» секілді көптеген жаңа ұғымдардың қалыптасуына алып келді. Соның ішінде «хайп» деп отырғанымыз жалған атақ қуып, пиар немесе өзін-өзі жарнамалауда алдына жан салмайтын жандарға арналған жаңа неологизм. Біреудің қаңсығын таңсық көретін мінезіміз жастарға тағы бір жаман әдетті жұқтырып үлгерді. Ол қазіргі буын арасында кең таралып бара жатқан «хайп» термині.  Бұрынғылар «Тауықсыз да таң атқан» деуші еді, бірақ қазіргілер тіршілігін хайпсыз елестете алмайтын сияқты. Жалпы, хайп дегеніміз деген не? Осы бір оспадарсыз жолмен жұлдыз болудың ақыры қайда апарады? 

Американдық БАҚ-тың  жұмыс істеу әдісі осы хайп болып есептеледі. Бастапқыда бұл термин АҚШ-та 1920 жылдары кеңінен қолданылған. Түпкі мағынасы тері астындағы ине деген мағынаны береді екен. Демек, түп-төркіні нашақорлықпен тығыз байланысты.  Қазір бұл сөзді көпшілік өзіне жарнама жасауға пайдаланады. Қазақ айтқан «Атың шықпаса, жер өртенің» кері. Біздің елде дәл осы жолды таңдап, танымал болғысы келетіндер көп-ақ. Танымалдығын арттыру үшін жұлдыздарымыз жұдырыққа жүгініп, желіде оқырман санын көбейту үшін түрлі амалға барып жатыр. Бұл да хайп!

 Сондықтан хайптан сақтану үшін жоғары проценттер мен көлеңкелі жобалардан, әсіре жарнамалардан аулақ болған абзал. Әрине бұл ретте азаматтық қоғамның қалыптасуына әкелетін әлеуметтік хайптар да бар. Жалпы, хайптың азаматтық секторда белсенді болғаны әлдеқайда тиімді. Айталық, мемлекеттік тілді талап еткен шетелдік азаматтың хайпынан соң екінші деңгейлі банктер сервис саясатын қайта қарауға мәжбүр болғаны белгілі. Яғни тұтыну нарығына да талғам таразысы керек-ақ.

Әншілер де, вайнерлер де, жастар да, қарапайым желі қолданушылар да «хайп» жасауға қарсы емес. Біздің елдің блогерлері де адам ақылына қонымсыз дүние жасаудан тайынбайды. Үлкендерден гөрі жастарға NNN атымен танымал вайнер қымбат сағатын қарт Каспий жағалауына тығып, Ақтау жұртын бір шулатқан болатын. Карантин талаптарына қарамастан қол сағатты іздеушілердің қарасы көп болды. Психологтардың айтуынша, бұл құбылыстың алдын алмаса, ертең айықпас ауруға айналуы мүмкін екен. Себебі жастарға ғана емес, бүкіл қоғамға қауіп төндіріп тұрғаны рас. Адам өзін-өзі көрсетуі үшін, өзін жоғары бағалап, жұрттың назарына ілігуді қалауы әдетке айналады. Яғни оны қайталамаса, жұрт назары жетіспегеннен өзін өзгеден кем санай бастайды. Ал осындай дәрежеге жетпес үшін олар әркез «хайп» жасауға, ел назарын өзіне аударуға тырысумен жүреді. Бұл – кәдімгі ауру. Мұның жалғыз емі интернет пен ел назарынан тыс та өмір барын сезіну. Оның айтуынша, арзан атақ арқылы тез танылғанымен, желіге желімделген жастардың «хайпынан» қайыр жоқ. Себебі ұлттың ұлылығын емес, желінің жеңіл дүниелерін насихаттайтын мұндай әрекеттер өскелең ұрпақтың да санасын улайды. «Хайп» жасайтындар жұрттың назарын өзіне аударуға құштар. Алайда келер ұрпақтың алдында, ар-намыстың жолында бұл әрекетінің жауабын беру оңайға соқпасы анық. Халқымыздың ұл қыздары ұлы даланың жұлдыздары болғанға не жетсін? Әйтпесе, хайп ескексіз қайық сияқты қайда апарары белгісіз.

Ерхан АҚЫН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!