Отандық шоу-бизнесте тағы да шу шықты. Ескендір Хасанғалиевтің әнін рұқсатсыз орындаған Qanay-ды композитордың ұлы заң жүзінде жазалатпақ, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы zhulduz_tv-ге сілтеме жасап. Отандық шоу-бизнесте Qanay лақап атымен танылған Нұрболат Қанай осыдан бір ай бұрын Ескендір Хасанғалиевтің «Бозторғайым» әніне түсірген бейнебаянын жарыққа шығарған еді. Бірақ аталған туындыны орындау үшін композитордың отбасынан рұқсат сұрамапты. Жас әншінің бұл әрекетіне Біржан Хасанғалиев қатты ашулы. «Ол әнді Qanay-дың орындағанын бір жолдасымнан естідім. «Мынау сенің әкеңнің әні ғой. Сенен рұқсат сұрады ма?» деді. Ешқандай рұқсат сұраған жоқ. Олай әрбір әнді рұқсатсыз орындай беруге болмайды. Егер барлығы дәл осылай әр әнді орындап, клип түсіріп, ойына келгенін істесе мен қандай мұрагермін? Олардың бұл ісі дұрыс емес. Хабарласып, келіп, осындай бір тақырыпқа клип түсіргім келеді деген сияқты ештеңе болған жоқ. Біз заңды мемлекетте тұрып жатырмыз. Соған қоса қазір «Жаңа Қазақстан» құрылып жатыр. Әнді рұқсатсыз орындағандарға неге заң болмауы керек? Бұл — менің тікелей құқығым, яғни біздің жанұяның тікелей құқығы бұзылды деген сөз», — дейді Хасанғалиевтің ұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!