Фото: Sputnik / Руслан Кривобок

Ер қанаты – ежелден ат болса, төрт түліктің төресі болған жануардың орнын бүгінде темір тұлпар алмастырды. Алтынсаринше айтқанда «Мың шақырым жерлерге күн жарымда барғызған аты жоқ арба» осы күндері таусылмайтын тақырып, маңызды мәселелердің біріне айналып отыр.

Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың желтоқсан айындағы мәліметіне сүйенсек, еліміздегі жалпы автокөлік саны 5,3 млн-нан асқан. Бұл дегеніміз 2022 жылға қарағанда көлік санының 19,5% артқанының дәлелі. Атап айтқанда, жеңіл көлік – 4,6 млн, жүк көлігі – 518,9 мың, автобус – 110,4 мыңға жеткен. Жалпы алғанда 5,3 млн көліктің 4,8 миллионы жеке тұлғалардың меншігінде болса, 482,6 мыңы заңды тұлғаларға тиесілі. Еліміздегі автокөліктердің қолданатын отын түріне келетін болсақ, көліктердің басым бөлігі бензинмен жүретіні анықталды. Олардың жалпы саны 4,3 млн болса, 401,5 мың автокөлік аралас отынмен жүреді. Ал дизель отынын 374,5 мың көлік пайдаланса, электромобильдер саны 7,7 мыңға жеткен.

Ел аумағында жарамсыз көліктер әлі де қолданыста. Тозығы жеткен транспорт түрлері қалың жұрттың қалтасына тиімді болғанымен, олардың ауаға шығаратын зиянды қалдықтарының барын жоққа шығара алмаймыз. Елімізде 2015 жылдан бастап автокөлік құралдарын барынша жаңарту мақсатында арнайы жеңілдетілген несие бағдарламалары қабылданды. Дегенмен жуырда ғана арнайы зерттеу жүргізген Ұлттық банк бұл бағдарламалар отандық автокөлік нарығына айтарлықтай өзгеріс алып келмегенін мәлімдеді. Себебі елімізде жаңа көліктердің үлесі небәрі 6%-ды құраған. Темір тұлпар үшін несібесін несиеге төлеп отырғандар саны артып жатқанымен, жылы жаңа автөкөліктер жалпыға бірдей қолжетімді емес. Статистика бойынша елімізде қолданыста жүргеніне 20 жылдан асқан автокөлік саны – 2,4 млн, бұл ҚР көлік паркінің 46,5% құрайды. 10 жылдан 20 жылға дейінгі – 1,2 млн, 7 жылдан 10 жылға дейінгі – 683,2 мың, 3 жылдан 7 жылға дейінгі – 561,8 мың автокөлік тіркелген. Ал, зауыттан шыққанына 3 жыл толмаған су жаңа автокөліктер саны – небәрі 313,4 мыңды құраған. Бұл жоғарыда атап өткеніміздей еліміздегі барлық автокөліктердің 6%-ы ғана. Айта кететіні, Қазақстанда ең жаңа көліктердің көбі Астана қаласы мен Атырау облысының автопарктерінде тіркелген.

Мәселен, көрші Өзбекстан мемлекетінде министрлік тарапынан 2010 жылға дейін шығарылған барлық көліктердің жүруіне тыйым салу жайлы заң ұсынылды. Аталмыш ұсыныстың басты себебі экологиялық ахуалдың күрт нашарлауы. Олар ең әуелі АИ-80 маркалы жанармайды қолданыстан алып тастауға, кейін кезең-кезеңімен көлік құралдарын жаңартуға шешім қабылдаған. Жауапты мамандардың айтуынша, электромобильге көшкен азаматтарға түрлі жеңілдіктер қаралып, тіпті субсидия берілуі де мүмкін. Автоэксперт Сергей Зорин ерте ме, кеш пе, Үкімет мұндай шараларды қолға алатынын айтады.
– Бұл әлемдік тенденция. Ескі көлікті пайдалану тиімсіз бола береді. Мысалы, болашақта көлік салығын машинаның қозғалтқышының қуатына қарай емес, оның экологиялық класына, яғни қоршаған ортаны ластауына қарай есептеу туралы ұсыныстар айтылып жүр. Тиісінше, көлік неғұрлым жаңа, экологиялық таза болса, салығы да аз болар еді. Сонда жұрт та жаңасына ұмтылады. Бүгінде Еуропада парник газдарына да салық енгізілген. Бұл адамдарды барынша үнемді, шағын, экологиялық «темір тұлпарды» мінуге ынталандырады. Естуімше, Үкімет шығарынды газдарында ластаушы заттары нормативтен асатын көліктерді пайдалану үшін айыппұл көлемін еселеп арттырғалы жатыр, – дейді С.Зорин.

Тақырыбымызға арқау болып отырған бұл мәселе Қазақстанда қолға алына бастады. Алматыда экологияны ластап жүрген көліктер жаппай тексерілуде. Биылдан бастап «экосезгек» жүйесі іске қосылды. Ол зиянды қалдықтарды белгіленген межеден артық бөлген автокөліктерді тіркеп, заң өкілдеріне ақпарат беріп отырады. Осыған дейін сергек камерасын жасап шығарған. Sergek Technologies компаниясының кезекті өнімі Алматыда әзірге 29 жерге орнатылған. Авторлардың айтуынша, «экосезгек» лас көліктерді бірден анықтай алмайды. Деректерді талдап, нақты ақпрат шығару үшін құрылғыға кемінде бір апта уақыт керек. Қазіргі таңда тексерістен өтіп жатқан жаңа жоба тиімді болса еліміздің басқа өңірлеріне де орнатылады деген болжам бар.

Ірі мегаполистерде адамдардың көп шоғырлануы салдарынан көлік құралдарына қойылатын талаптар көбеймесе, азаймасы анық. Бұл халықтың денсаулығы мен табиғат ананың тазалығы үшін қабылданып жатқан шаралар екенін ескергеніміз абзал. Жаңа көлікті жаны қаласа да ескі көлікті еш амалсыз мініп жүрген ел үшін «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», дұрыс шешім қабылданады деп сенейік.


Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!