Қызылордадағы «Тағзым» алаңы – өткен тарихымыздағы қанқұйлы соғыстарға, төтенше оқиғалар мен алапат апаттардың зардабын жоюға қатысқан жауынгерлер рухына бас иетін орын. Мәңгілік алау мемориалы 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі қарсаңында гүл шоқтарына толып кетеді.

Осы мемориалдың артында мрамормен қапталған үлкен қабырға бар. Сол қабырғада «Ер есімі – ел есінде» деген жазу ерекше көзге түседі, оның әріптері алтын түстес түске боялған.

Бұл жазудың сол мрамор қабырғада қалай және қашан пайда болғандығы туралы әңгімелеп берейін.

1995 жыл еді. Мен ол кезде Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінде жұмыс істеп жүрдім. Наурыз айының басында қала әкімшілігінде Ұлы жеңістің 50 жылдығына орай жиын өтті. Жиында сол кездегі қала басшысы Ж.Шарипов Ұлы жеңістің мерейтойына байланысты, орталық тағзым алаңын қайта жаңғырту мен кеңейту туралы шешім шығарылғанын, оған қаражат бөлініп, сол жұмыстарды жүргізуге көптеген құрылыс компаниясы қатысатынын, ал жалпы жұмыстарды ұйымдастыру мен сапасын қадағалау қалалық коммуналдық шаруашылық бөліміне жүктелетінін атап өтті. Коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының бұйрығымен осы жұмыстарға тікелей жауапты болып мен бекітілдім.

Сонымен қызу жұмыс басталып кетті. 9 мамыр мерекесіне дейін осы жұмыстың барлығын аяқтау керек. Әрине, ол кезде бюджет қаражаты тапшы, десе де құрылыс компаниялар осы қасиетті мереке үшін қолдан келген бар мүмкіндігін аямай жұмыс істеді. Аптаның барлық күнінде жұмыс тоқтамады. Кейбір жұмыстар қас қарайғанша жалғаса берді. Жоба бойынша бұрынғы Мәңгілік алау стелласы мен Ленин атындағы скверді қосып, аумағын кеңейтіп, асфалт төсеп, жаңадан «Тағзым» алаңы деген атау берілуі көзделген болатын. Соның ішінде скверде тұрған Ленин ескерткішін алып тастап, оның орнына Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге арналған естелік тақта қою шарасы да қаралған.

Тағзым алаңында жұмыстар қарқынмен жүріп жатты. Сквердегі Лениннің ескерткішін алып тастау үшін мердігер компания іске кірісіп жатқан еді. Сол уақытта сол сквердің маңында тұратын байырғы коммунистер қанша уақыттан бері тұрған көсемнің ескерткішін, яғни Ленинді алдыртпаймыз деп, айқай­шу шығарып, қалалық әкімшілікке дейін барған еді.

Шу шығарушыларға кеңес үкіметінің дәурені өткенін, Ленин енді тек тарихи ескерткіш ретінде музейде тұру керек дегенді түсіндіру шараларына қарамастан, олар ескерткішті алдыруға қарсы болып, оны күзетуге шықты. Автокранмен барған жұмысшыларға сес көрсетіп, оларға бөгет жасай берді. Содан Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы маған шұғыл тапсырма берді. Демалыс күні түскі уақыт мезгілінде у­шусыз, 3­4 адам жасақтап, автокранмен тез арада ескерткішті демонтаж жасауды, самосвал машинаға тиеп, Облыстық Музей ауласына апарып тастауды бұйырды. Содан біз Ленинді «қарауылдаушылар» түскі тамаққа кеткен сәтін пайдаланып, тез арада ескерткіштің мойнына трос салдық та оны автокранмен ұстап тұрып, тұғырынан сваркамен ажыраттық. Сөйтіп самосвал көлігіне тиеп, алып кеттік. Осы жұмыстың барлығын тез бітіргеніміз сондай, Ленин атамыздың «сақшылары» біздің келіп­кеткенімізді тіпті білмей де қалды. Жарықтық, таза қоладан құйылған, Лениннің әжептәуір салмағы бар екен. 3­4 тоннадай бар ау деп топшыладым. Мүсінді тиеп болған соң, апар деген межелі жерге тыныш апарып тастадық.

Енді «Мәнгілік» алаудың артындағы мрамормен қапталған қабырғаға қандай сөз жазылу керек, соны күттік. Ол да талқыға салынған болу керек. Ақырғы шешімді күтіп жүргенде менің қолыма қалалық әкімдіктің бір шешімі шыққан қағаз түсті. Ол қағазда сол кездегі қала басшысы Жарылқасын Шариповтың өз қолымен жазған сөздері көзіме түсті.

«Ер есімі – ел есінде» деген сөздерді сиямен әдемі әріптермен жазып, оның астына қала басшысы өз қолын қойыпты. Сол бір парақ қағазды мен естелік ретінде сақтадым. Кейін сол сөздер дайындалып, қабырғаға ілінді.

Сонымен Жеңіс күні мерекесіне орай Тағзым алаңы толықтай жаңаланып, 9 мамыр мерекесі қарсаңында ашылды. 50 жылдық Жеңіс мерекесіне жиналған көпшілік, қала тұрғындары, соғыс ардагерлері алаңның жаңа келбетіне риза болып, ризашылық сезімдерін жеткізді.

Осы Тағзым алаңының осындай болып өзгеріп, жаңаруына менің де үлес қосқанымды әр 9 мамыр мерекесі сайын қуанышпен еске аламын.

Жеңіс күні мерекесі бәріңізге құтты болсын!

Ералы ЕСІМОВ,
Астана қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!