«Есті ұрпақ» – бұл тіркес бір қарағанда мақтау сияқты көрінеді. Бірақ оның арғы жағында қоғамның ескі көзқарасы мен жаңаша ойлайтын буынның арасындағы күрделі қарым-қатынас, көрінбейтін шекара мен ашық емес әңгімелер жатыр. Біреулер «есті» деген сөзге үміт артады. Біреулер оның астарына сенімсіздік қосып, «бәрібір біз көргенді көрмеген» деп сыни қабақ танытады. Бұл – жай сөз емес. Бұл ұрпақтар арасындағы үнсіз қақтығыстың көрінісі.
Біз бұрынғыдай «бастық не дейді, соны істейміз» деген қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бүгінгі жастар – шешім қабылдайтын, сұрақ қоятын, өзін табуға тырысатын, ішкі дауысына құлақ асатын буын. Оларға бұйыру емес, түсіндіру керек. Түсіндіру үшін алдымен тыңдау керек. Ал тыңдай алмаған қоғам ешқашан түсіне алмайды. Есті ұрпақ ең алдымен – тыңдауды талап ететін ұрпақ.
Мен жақында бір жас жігітпен жолықтым. Ол университеттің екінші курсында оқиды. Түрінен нұр шашып тұрмаса да, жанарында тереңдік бар. Әңгіме арасында:
– Аға, кейде мен ата-анама ішімдегіні айтқым келмейді. Себебі олар мені тыңдауға емес, өз ойларын айтып, мені «түзетуге» дайын тұрады, – деді. Мен үнсіз қалдым. Бұл сөз – жалғыз оның емес, мыңдаған жастың жүрегінде жатқан үнсіз жанайқай. Біз олардың не сезінетінін емес, неге біздей емес екенін көбірек ойлаймыз. Сол себепті де олар кейде өзімізден алыстап бара жатқандай көрінеді.
Ескі түсінік – ақылды үнсіздіктен таниды. Есті ұрпақ – ақылды сұрақтан табады. Ескі түсінік – тәртіптілікті иіліп тұрудан көреді. Есті ұрпақ – тәртіптілікті шекарасын сақтай отырып еркін сөйлеуден іздейді. Ескі көзқарас үшін үндемеу – тәрбие, ал жаңа сана үшін үндемеу – тұншығу. Осы қарама-қайшылықтың түйіні тарқатылмаған сайын, ұрпақтар арасындағы алшақтық кеңейе береді.
Мәселе тек жас пен кәрінің диалогында емес. Мәселе – ұғымдардың тіршілігінде. Ескі түсінік – өз тәжірибесін жалғыз ақиқат санайды. «Біз кезінде он шақырым жаяу мектепке бардық», «біз аш жүрсек те оқыдық» деген естеліктер өмір шындығы. Бірақ олар бүгінгі күннің өлшемі емес. Өмірдің контексті өзгергенде, әдісі де, тәсілі де өзгеруі заңдылық. Қоғам да, тәрбие де, талап та трансформациядан өтуі керек. Өйткені бұл – даму заңы.
Есті ұрпақ – бүгіннің емес, ертеңнің адамы. Олар бүгін не көрсе де, ертең соны басқаша жасағысы келеді. Олар ескіге қарсы емес, бірақ соған ғана тәуелді болуға қарсы. Олар естен танбайды. Олар есті болуды – тек ақылды болу емес, сезімді, сергектікті, ізденісті қатар ұстау деп біледі.
Кейде үлкендер жағы бүгінгі ұрпақты «өте әлсіз», «тез ренжиді», «тез шаршайды», «ынжық» деп сипаттайды. Бұл да белгілі бір деңгейде рас шығар. Бірақ біз олардың сезімін ашық айтуын әлсіздік деп қана қабылдай берсек, қоғамның психологиялық саулығын кеш қалдырамыз. Себебі бұл ұрпақ – эмоцияны жасыру емес, оны сауатты басқару, тану, түсіндіру дәуірінде өсіп келеді. Бұл – прогресс. Бұл – ішкі мәдениеттің көрінісі.
Олар медитация жасайды, психотерапевтке барады, ішкі күйі туралы ашық жазады. Бұл бұрынғы буын үшін оғаш көрінер, бірақ бұл – өз-өзіне жанашыр болудың белгісі. Жаңа ұрпақ өмірдің тек сыртқы жетістігіне емес, ішкі үйлесіміне мән береді. «Көп ақша табу», «атаққа ие болу» секілді критерийлердің орнына, олар үшін «өзін табу», «мағына сезіну», «еркін өмір сүру» секілді ұғымдар маңыздырақ.
Бүгінгі ұрпақ – бір ғана мамандықпен шектелгісі келмейді. Олар бір уақытта бірнеше істі қатар алып жүргісі келеді. Білімді өмірдің кез келген саласында қолдануға тырысады. Бұл ұшқалақтық емес, бұл – кешенді ойлаудың нәтижесі. Ал ескі түсінік «бір маман – бір жол» десе, есті ұрпақ «бір адам сан қырлы бола алады» дейді.
Бүгінде ұрпақтар арасындағы диалог болмаса, даму жүрмейтін-ді. Диалог – тек тыңдау мен сөйлеу ғана емес. Ол – түсіну, қабылдау, өзгеруге ниет білдіру. Қоғам тек қарттар мен жастардан тұрмайды. Ол – арадағы көпірлерден, диалог алаңдарынан, екі буынның бірін-бірі көре алатын кеңістіктерінен тұрады.
Меніңше, есті ұрпақ – қоғамды жаңартады. Бірақ олар ескі түсінікті түгелдей ысырып тастап емес, оның ішіндегі құнды дүниелерді сақтап, жаңаша мән беріп, жаңа жүйеге қосуды қалайды. Олар өз жолын іздейді, бірақ ешкімнің жолына тас қойғысы келмейді. Бұл өзара қарсыластық емес. Бұл ұрпақ арасындағы өзіндік ойы бар серіктес деуге болады.
Жалпы, ескі түсінік пен есті ұрпақтың арасында дау емес, диалог орнаса ұлт ұтады. Бұл екі ұғым бір-біріне жау емес. Олар – бір кеменің жолаушылары. Кеме алға жылжу үшін дауылды да, дабыраны да емес, бағытты қажет етеді. Ал бағытты бірге табу – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, баршамыздың міндетіміз.
АҚСҰҢҚАР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!