Еуропадан жұмыс істеген қазақстандықтар алаяққа алданып қалғандарын мәлімдеді. Сөздерінше, алаяқтар өздерін шетелге жұмысқа орналастыру орталығының қызметкерлері ретінде таныстырып, 30 адамды құрықтарына түсірген. Шетелдегі тегін баспана мен жоғары жалақы туралы уәдеге сенгендер 300 мың теңгеден беріпті. Ал ақшаны алған соң алаяқтар байланысқа шығуды доғарған деп хабарлайды Stan.kz.

Шымкентте дәрігер болып қызмет ететін Айнұр Медарова қызметінен кетіп, Венгрияға аттанбақшы болыпты. Бұл үшін әйел шетелде жұмысқа орналастыратын жекеменшік орталықтың өкілімен сөйлесіпті. Айтуынша, орталық өкілі Будапешттегі зауытта жұмыс орны бар екенін және жоғары жалақы, тегін тамақ пен жатын орынмен қамтылатынын айтыпты. Айнұр бұл сөздерге сеніп, несиеге алған 300 мың теңгесін компанияның есепшотына аударған.

«Бастапқыда олармен ағам сөйлесті. Ол 350 мың теңге төлеп, құжаттарын тапсырған. Ал желтоқсанда Венгрияға кетті. Қазір сол жақта қосалқы бөлшек шығаратын зауытта жұмыс істейді. Мен 315 теңге төлеп, қаптаушы болып жұмысқа орналасқым келген. Бірақ кейін мені бұғаттап тастады», – дейді Айнұр Медарова. 

Екібастұз тұрғыны Әлия Қойшина да дәл осы компанияға алданып қалғанын айтады. Әйел күйеуімен бірге Чехияға кетпек болған. Бұл үшін Алматыға келіп, алаяқтарға 1 миллион 350 мың теңге беріпті. 

«Әлгі адам жазасыз қалатынын біледі. Емін-еркін басқаларды алдап жүр. Instagram-парақшасы да әлі жұмыс істейді. Бастапқыда ақшаны қайтаруға уәде берген. Бұл үшін желіде жағымды пікір қалдырсын деді», – дейді Әлия Қойшина. 

Алаяқтар құрбандарын әлеуметтік желі арқылы тартқан. Қазір Алматы, Астана, Шымкент, Атырау мен Екібастұз қалаларында 30-ға жуық адам алданған. Ал еңбекпен қамту орталығының кеңсесі жабық тұр. Полицейлер болса алданған азаматтарға сотқа жүгінуге кеңес берді. 

«Тараптар арасында азаматтық-құқықтық қарым-қатынас болған. Келісімшарт бар. Кейде бір тараптың қызметі екінші тараптың көңілінен шықпауы мүмкін. Мұндай жағдайда полицияға арыз жазуға міндетті емес», – деді Алматы полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек. 

Компания директоры Айназар Қалбаевқа ақшаны қайтару туралы қолхат та жазып беріпті. 19 жастағы жігіттің сөзінше, жақында колледжді аяқтап, университетте білім алу үшін ақша жинамақшы болыпты. Ал компания өкілдері Чехияда жұмыс істегісі келген оған виза рәсімдеп беруге уәде беріпті. Бұл қызметі үшін компания 650 мың теңге сұраған екен. Ақыны төлеу үшін Айназардың туысы несие рәсімдеген. 

«Бір қарағанда компанияның мәртебесі бар болып көрінді, жазылушылар саны көп, жағымды пікір қалдырған. Маған зауытта жұмыс істейтінімді және тамақ пен баспананың тегін екенін айтты. Әрі ақшаны қайтарып беру туралы қолхат та жазды», – деді ол. 

Заңгерлердің айтуынша, мұндай компаниялар қылмыстық жауаптан жалтару үшін әдейі келісімшарт жасайды екен. Егер іс азаматтық-құқықтық негізде қаралса, алаяқтар түрмеге қамалмайды. Оның үстіне алаяқтар бар мүлкін туыстарының атына рәсімдегендіктен, ештеңе тәркіленбейді дейді. 

«Жапа шеккендер ұжымдық арыз жаза алады. Ал прокурорлар арыз негізінде жауап алып, әрі қарай тергейді. Егер қылмыстық құқық бұзушылық анықталса, қылмыстық іс қозғайды», – деді заңгер Ғабит Өмірбеков. 

Мәтін: https://sn.kz/

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!