Өз өмірін қатерге, басын бәйгеге тігетін жауынгерлік қасиет өрт сөндірушілердің бойынан табылары сөзсіз. Қызыл жалынды қаперге алмай, өмір мен өлім арасында қызметін адал орындайтын мамандық иелері халықтың қаһарманына айналғаны анық.

Фархат Тәжиев – көзсіз ерлік жасаған бейбіт күннің батыры. Ол өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау майоры. Кезекшілік уақытында тәуліктік ауысымға түсіп, өрт сөндіру бөлімдерінің дабыл бойынша шығыстарын байқап, басшылық жасайды. Сондай-ақ өрт сөндірушілердің біліктілігін арттырып, жетекшілік етеді. Осындай бір кезекшілік уақытында, яғни биыл 12 қаңтар күні 21 сағат 40 минутта Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі екі қабатты көп пәтерлі тұрғын үйде өрт оқиғасы бойынша шақырту түседі. Барлау жұмыстарын жүргізу барысында подъезді қою қара түтін басқанын анықтаған. Өзі жетекшілік жасап, бір отбасының анасы мен екі сәбиін қызыл жалын арасынан алып шығып, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды. Жедел әрі тиімді ұйымдастыру нәтижесінде орын алған өрт оқиғасының өзге аймаққа таралуына жол бермеген.

Өрт сөндірушілер – көзінде жалын, бойында қаны тулаған алаштың арқа сүйер азаматтары. Ел басына күн туғанда көмек қолын алғаш созатын батырлар. Халықтың қауіпсіздігі үшін от пен суды кешіп өтетін қайсарлық өрт сөндіруші- құтқарушыларға тән.

Фархат Миранбекұлы ауысым сайын түрлі өрт жағдайларында жетекшілік етеді. 31 тамыз күні Тасбөгет кенті Бозғұлов көшесі №5 мекенжайда орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен ашық жалын шығып, пәтерде балалар мен олардың анасы бар екені анықталған. Фархат батылдық көрсетіп, төрт адамды, яғни анасы мен 9, 4 және 3 жасар балаларды құтқарған. Өскелең ұрпаққа өрт сөндіруші Фархатты өнеге етіп, қандай марапатқа ұсынсақ та лайықты. Себебі ол – тәжірибелі маман.

Мақала жазуға арқау болған, адам өмірінің арашасы Фархат Миранбекұлы 1990 жылы 8 шілдеде Қызылорда қаласында өмірге келген. 2011-2015 жылдар аралығында Көкшетау техникалық инстутуты, қазіргі М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының түлегі. 2015 жылы еңбек жолын Байқоңыр қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы лауазымынан бастаған. Кейін қызметте абыройы артып, №5 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарған. Оның айтуынша, алғашқы қатысқан өрті кеше болғандай көз алдында. Себебі ол – бірінші әрі күрделі өрт еді. Байқоңыр қаласында орналасқан ауқымды, мыңдаған шаршы метрді қамтитын «Еуразия» сауда орталығында өрт шығып, отты тиімді өшіру және адам өмірін құтқару мақсатында көмекке барған.

– Өрт сөндірушілер – маңызы миссияны орындаушылар. Күніне бірнеше өртке шақырту түседі. Адам өмірін және жануарларды құтқару, газ баллонын шығару, бағалы заттарды сақтап қалу секілді жағдайлар орын алып, күрделі өрттер де кездеседі.

Жаңа қызметіме тағайындалғанда мен қатысқан алғашқы өрт Ресей Федерациясында болды. Бұл менің бірінші тәжірибем еді. Кешкі сағат 19:00-де орын алған өрт ертесі сағат 10:00-ге дейін созылды. Ресей Федерациясына көмекке келіп, сауда орталығындағы адамдарды қауіпсіз жерге шығару жұмыстарын жүргіздік. Күн-түн демей екі елдің мамандары ат салысып, өртті ауыздықтады. Ол түн ең ұзақ түн десем де болады. Нағыз арпалыс еді, – дейді өрт сөндіруші.

Азаматтық қорғау саласының қызметкері, өз ісінің шебері Фархат Тәжиев отбасында екі ағайынды. «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады» демекші, кезекшілікке түскен күні анасы тілеуін тілейді. Фархаттың отбасы да бұл саладан алыс емес. Әпкесі де, жан-жары да өрт сөндіру қызметінде радиотелефонист ретінде қызмет атқарады. Отбасында әрі қызметте табысқандар. Сонымен қатар екі бала тәрбиелеп отырған асқар тау әке болашақта балаларының таңдауы осы салаға түссе, қолдайтынын және жауапкершілігін түсіндіретінін айтты. «Себебі ел мүддесі үшін қызмет ету, адам өмірін құтқару – абыройлы міндет» дейді Фархат Миранбекұлы.

Қызыл жалынның беті қашан қайтатынын ешкім білмейді. Кейбір лаулаған отпен арпалыс бірталай сағатқа созылуы мүмкін. Осы уақытта шарпыған оттың арасында қалып қойған жандарды құтқару үшін өрт сөндірушілерге лаулаған жалынның ортасына кіруге тура келеді. Осындай абыройлы әрі арпалысқа толы мамандық иелері халықтың алғысын алып жүргені ақиқат.

Марина САҒИДАТБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!