Көлік министрлігі

Орал қаласына ұшып барған FlyArystan әуе компаниясының басшысы Ричард Леджер 12 жастағы қыздың анасы Жазира Мусинамен кездесіп, отбасыдан кешірім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді.

“Бүгін (жексенбі, 11 тамыз) FlyArystan әуекомпаниясының басшысы Ричард Леджер 21 шілдеде «Астана-Орал» рейсіне жіберілмеген 12 жасар қыз Зере Галиеваның анасымен кездесу үшін арнайы Орал қаласына ұшып келді. Тараптар болған жағдайдың себептерін егжей-тегжейлі талқылады. FlyArystan әуекомпаниясының ресми өкілі қыздың отбасынан кешірім сұрады”, делінген ресми хабарламада.

Кездесуде Көлік министрлігінің қызметкерлері де болған.

Сонымен қатар Леджер Жазира Мусинаның бүкіл отбасына FlyArystan компаниясымен 2024 жылдың соңына дейін тегін ұшу құқығын беретін сертификаттар тарту еткен.

Еске сала кетсек, бұл келеңсіз оқиға 20 шілде күні болған. Топтағы 12 жасар егіз қыздар сенімді адамымен АҚШ-тан қайтып келе жатқан. Олар Астана арқылы Оралға ұшуы тиіс болған. Алайда белгісіз себептермен рейске бір қыз ғана тіркеліп, сыңары әуежайда жалғыз қалып қойған. Компания өкілдері ұшақта орынның жоқтығын сылтау етіп, екінші қызды келесі рейспен Оралға салып жіберетіндеріне сендірген. Алайда ол ертесі күні ғана Оралға ұшып кетті.

Осыған байланысты қыздың анасы әуе компаниясын сотқа берген еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!