Мұғалім болу – бала кезден арманым. Әсіресе, бастауыш сыныптағы бүлдіршіндерге сабақ беру қызықтыратын. Осынау алып арманның жетегінде Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы жоғары колледжге оқуға түстім. Міне, алғашқы жарты жыл да өте шықты. Шындығында педагог болу мен ойлағаннан да күрделі екенін ұғындым. Шәкіртке білім бере отырып, оны ұлт тұтқасын ұстайтын азамат етіп тәрбиелеуге ата-анамен қатар мұғалім де міндетті екенін түсінгендеймін.

Ата-аналарымыздан «қазіргі балалар басқаша», «бұрын біз басқа едік» деген сарындағы сөздерді жиі естиміз. Біз балалықтан әлі ажырамай тұрып, бұл сөздердің мәнін жете түсінбеуіміз мүмкін. Әлбетте, бұл тақырыпты ата-анамен сұхбаттаса отырып өрбітсек те жарасар еді. Дегенмен мені ғана емес оқырмандарды да толғандыратын осынау мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін арнайы маманның пікірі керек деген байламға келдім. «Студенттің педагогпен өзіндік жұмысы» бағыты бойынша тақырыпты ашып, тарқату үшін белгілі ақын, психолог Асылзат Арыстанбекке көкейіміздегі сұрақтарды қойып көрдік.

– Асылзат Арыстанбекқызы, сұхбатқа келіскеніңіз үшін алғыс айтамын! Алғашқы сұрағымыз бала психологиясы жайлы. Бұрынғы мен қазіргінің арасындағы алшақтық. Қазіргі балалар неге тілазар?

– Рақмет, Аяулым! Сұрағың өте орынды. Бұл сұраққа студент қана емес, әлемде сан мыңдаған әлеуметтанушы мен психологтар, тіпті нейробиологтар да бас қатырып жатыр. Адамзаттық дәуір даму үстінде, цифрлы ғалам немесе жасанды интеллект кезеңіне келдік. Оны да жасап жатқан – адам. Ол өзінен өзі пайда болып жатқан жоқ. Бұл игіліктің барлығы келешек ұрпақ үшін жасалуда. Өйткені өзімізден кейінгі ұрпақ жаһанның игілігін көруге дайын күйінде келеді. Біз балаларды «бұлар басқа» деп жазғыра бергеннен гөрі, өзіміз бір қадам алға жылжуымыз керек секілді.

– Гаджетке тәуелді ұрпақ келді деп жатырмыз. Оларға қазіргі білім беру әдістемесімен сабақ өту қаншалықты тиімді?

– Бұл тақырып өте күрделі. Заманына қарай – адамы. Гаджетсіз күніміз қараң сияқты. Өзімнің де кішкентай балаларым бар, оларды телефоннан босату үшін түрлі амал қарастырамын. Кейде амалдарым сәтсіз шығып жатады. Смартфонға тәуелділіктен балалар арасындағы неврологиялық аурулар да өршіп тұр. Көз, омыртқа, психоневроз, өттің қисаюы, аутизм деген сияқты диагноздар екі баланың біріне қойылады. Ойлаңыз енді, телефондағы жарқ-жұрқ еткен бейнелерге көзі үйренген балаға бір бағытқа назар аудару өте қиын. Яғни, сағаттап кітап оқу, жазу, тақтаға қарау – баланы мезі қылады.

– Болашақ мұғалім ретінде айтсам, бұл жауабыңыздан сескеніп қалдым. Сонда қалай сабақ өтеміз?

– Аяулым, сенің таңдаған мамандығың осы болса, қазірден бастап балалар нені жақсы көреді, телефоннан қандай ойын ойнайды, назарын не нәрсеге ұстап тұра алады деген нәрселерді зерттей бастауың керек. Сабақты сонымен ұштастырып, мультфильм персонаждарымен алмастырып, ойнайтын ойындарына сабақ бағдарламасын кірістіре отырып жасаса, тез ұғар ма еді, әрі сабаққа деген қызығушылығы артар ма еді деп ойлаймын. Әрине, бұл әдістерді енгізіп сабақ өтіп жатқан мұғалімнің тәжірбиесімен жолыққан жоқпын. Сондықтан, нәтиженің де қандай болатынын білмеймін. Дегенмен балаларға зияны тимейтін әдіс-тәсілдер арқылы эксперимент жасап көруге болады.

– Қазіргі балалар психологиясы туралы не айтасыз?

– Меніңше, байбалам сала бергеннен пайда жоқ, нақты әрекет керек. Әр дәуірдің баласы алдыңғы ұрпаққа ұқсамайды. Үлкендер тарапынан үнемі көңіл толмаушылық бола береді. Бұл заңды да. Өйткені, үлкендердің сыны кейінгі ұрпақты сымдай тартып, тәртіпті болуға үйретеді. Бірақ тәртіпті болу деген бас шұлғып бәріне көне беру деген сөз емес.

– Сұхбатымыз алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін. Уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет!

Аяулым САҚЫП,
«Бастауыш білім беру педагогикасы»
бөлімінің 1-курс студенті
Жетекшісі: Лаура Ахметова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!