Кейінгі жылдары ерекше жаңа дәстүр пайда болды – «Gender party». Әлі туылмаған нәрестенің жынысын жариялаудың қызықты әрі креативті жолы қазір үлкен тойға айналды. Мейрамхана жалдап, түрлі түсті шар, арнайы торт пен сан алуан тосын сый арқылы болашақ ата-ана қуанышымен бөліседі.
Мұндай салтанатты шара әлеуметтік желілерде де кеңінен көрсетіліп, көпшіліктің қызығушылығын туғызып жүр. Дегенмен «жаңа дәстүрге» деген көзқарас әртүрлі. Бір тарап оны өмірге қуанышты сәттер сыйлайтын жағымды үрдіс деп есептесе, екінші тарап оны ысырапшылдықтың белгісі ретінде қабылдайды.
Қазір жастар арасында gender party қажетті әрі қызықты іс-шара ретінде танымал. Болашақ ата-ана үшін бұл оқиға үлкен эмоционалды мәнге ие: бала күту процесіндегі маңызды белестердің бірі. Әрине, осы ерекше сәтті қуанышпен атап өту арқылы олар өз сезімдерін жақындарымен бөліседі, бір-бірімен байланысты тереңдетеді. Психологтардың айтуынша, болашақ баланың жынысын жариялау ата-анаға ерекше бір моральдық күш береді, өйткені бұл олардың болашақ рөліне дайындалуына көмектеседі.
Сонымен қатар gender party – бұл тек ата-ана мен жақындардың емес, бүкіл қоғамның бір сәттік көңіл көтеруінің жаңа түрі. Әлеуметтік желіде бала арқылы контент жасап, оқырман жинап жүрген жас ата-ананы жиі кездестіреміз.
Екінші жағынан, бұл дәстүрге сын көзбен қараушылар да жоқ емес. Олар gender party-ді бір жағынан «керексіз және босқа шығындалу» ретінде қарастырады. Әдетте бұл мереке сәнді тойға ұқсайды: қымбат торт, көркем декорациялар, арнайы қонақтар шақырылып, бейнероликтер түсіріледі. Осыған орай көптеген адам бұл ысырапшылдыққа жататынын айтып, ақша мен уақытты осындай шараларға жұмсаудың орнына, сол қаржыны баланың денсаулығы мен болашағына бағыттаған дұрыс деп ойлайды.
Дана халқымыз бала дүниеге келген соң тіл-көзден сақтап, қырқынан шыққанға дейін өзге жанға көрсетпеген. Мұның да астарында баланың әлі де әлсіз денсаулығына деген алаңдаушылық пен сақтық барын аңғарсақ болады.
Баланың дүниеге келуі – әр ата-ана үшін қуанышты оқиға. Бұл кезеңде ата-ана болашақ сәбидіңжынысына емес, денсаулығына, тәрбиесіне, оны қалай жақсы адам етіп өсіру керектігіне мән беруі керек.
Бұл мәселе ислам діні тұрғысынан қарағанда да белгілі бір маңызға ие. Исламда жалпы ысырапшылдық үлкен күнә саналады. Алланың берген байлығын орынсыз жұмсау немесе оны тек дүниелік рахат үшін пайдалану мұсылмандық көзқараста дұрыс емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде адам баласы болашаққа тек Аллаға сенім артып, сабырлық танытуы керектігі айтылған. Осыған байланысты мұсылмандар арасында gender party өткізудің артықшылығы күмән туғызуы мүмкін.
Ислам дінінде баланың жынысын алдын ала анықтау туралы нақты тыйым жоқ, дегенмен барлық жағдайда ысырапшылдықты болдырмау қажеттілігі қатаң ескертіледі. Сол себепті де, мұндай шараларды өткізу кезінде қарапайымдылық пен шектен шықпау маңызды қағида болуы тиіс.
Gender party – заманауи мәдениеттегі жаңа ағымның бірі болғанымен, оны өткізу туралы шешім қабылдағанда әрбір отбасы жеке көзқарастар мен құндылықтарды ескеруі керек.
Осындай заманауи үрдістердің қайсысы қажет, қайсысы артық екенін анықтау – әрбір отбасының өз таңдауы, бірақ кез келген шешім қабылдағанда құндылықтарға, дәстүрлерге және сенімге сай әрекет ету маңызды.
Ал сіздің бұл жаңашыл дәстүрге деген көзқарасыңыз қандай, құрметті оқырман?
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!