«Саясат пердесін жамылғанымен саясатқа сия бермейтін жайларды түсінуге әйел ойы зерек келеді» деп жазушы, қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов айтқандай, ел экономикасын өркендетуде әйелдер қауымының қосар үлесі зор. Сонымен қатар, бүгінгі күні әйелдер саясатта, басқару ісінде, кәсіпте табысты қызмет етуде.

Мемлекетімізде гендерлік саясат мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әйелдер арасында шағын және орта кәсіпті дамыту, әйелдердің жағдайын жақсарту, зорлық-зомбылықтан қорғауға арналған шаралар, бұл мәселенің шешімін табуға бағытталған бірқатар нақты жұмыстар атқарылды.

Еліміз егемендік алғалы мемлекеттік басқару саласында талай аруларымыз дара тұлға ретінде айрықша көрінді. Бұл әйел мәртебесін көтеруді тұңғыш жүзеге асыра білген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегінің арқасы.

Елбасының 2005 жылғы 29 қарашада №1677 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған 9 бөлімнен тұратын Гендерлік теңдік стратегиясы әйелдер мен ерлердің өздерінің өмір сүру құқықтарын жынысқа байланысты кемсітусіз іске асыруы үшін жағдай жасауға ықпал етеді.

Осы арқылы әйелдердің саяси-экономикалық ілгері жылжыуы үшін еліміздегі гендерлік саясаттың ұлттық моделі әлеуметтік-экономикалық саясаттың жаңа белесін ашты деуге болады.

Дегенменде қоғамымыздың кемшін тұсы әйелдердің құқығына нұқсан келтіретін жағдайлар да кездесіп тұрады. Мәселен, жанұялық-тұрмыстық қатынастардан туындаған келеңсіз жағдайларда әйелдердің құқығын таптаған ер азаматтар соттан әділ жазасын алады.

Мұндай олқылықтарға жол бермеу мақсатында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» 04.12.2009-жылы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілді. Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқығын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға көмегін тигізеді.

Қазақ халқында әйелдерді ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болған ханымдардың есімі ел тарихында ерекше дараланады. Тұмар, Қызай ана, Домалақ ана, Айғаным, Бопай,Ұмай аналарымыздан бастау алатын даңқты әйелдер қауымының жалғасы әр дәуір сайын артпаса, кеміген емес. Ұлы Отан соғысында Алия, Мәншік, желтоқсанның жалынды жастары Ләззат, Сабиралар елі үшін жаны құрбан болған нәзік жандылар. Ақын Олжас Сүлейменов: «Түркілік қоғамда әйелдерге кең құқықтар берілген, олар мемлекеттік істерге белсене араласқан. Тақтың мұрагерін ана тәрбиелеген» деп айтуының өзі бүгінгі гендерлік теңдік саясатымен үндесіп жатқандай.

Сондықтан жоғарыда айтылған заңдарға барынша назар аударып, тәуелсіз мемлекетіміздің қайсарлы, жігерлі әйелдерін әрқашан қолдап, құрметпен қарайық.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ғ.Бекмамбетов

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!