Қоғам дамуының сан қырлы соқпағында нәзік те, салмақты бір тақырып бар – ол гендерлік теңдік. Бұл – тек әйел мен еркектің құқықтық теңдігі ғана емес, бұл – өзара түсіністік пен сыйластықтың, адамгершілік пен әділеттің өлшемі.
Қазақ даласында ананың орны әрқашан ерекше болған. «Ана – өмірдің бастауы» деп ұғынған халық, әйелге құрмет көрсетуді өзіне міндет санаған. Алайда қазіргі жаһандану дәуірінде бұл ұғымдар жаңа мәнге ие болып келеді. Қазіргі қыз – болашақ көшбасшы, бүгінгі ұл – ертеңгі азамат. Сол себепті де олардың екеуіне тең мүмкіндік беру – уақыт талабы.
Гендерлік теңдік – тек әйелдердің құқығын қорғау ғана емес. Бұл – әрбір адамның өз қабілеті мен еңбегіне қарай бағалануы, жынысына емес, білімі мен біліктілігіне қарап жол ашылуы. Қоғамда ер мен әйел бір-бірін толықтырып, бірдей дәрежеде дамуға үлес қосқанда ғана үйлесім болады.
Мектепте – тең білім, университетте – тең мүмкіндік, жұмыс орнында – тең еңбек пен жалақы. Бұл – жай сөздер емес, бұл – өркениетті елге тән құндылықтар. Жастар бұл ұстанымды ерте бастан бойына сіңіріп, болашақ қоғамның негізін әділетке сүйене отырып қалайды.
Бүгінгі жас – ертеңгі шешім қабылдаушы тұлға. Ол қандай құндылықтарды ұстанса, ертеңгі қоғам да сол бағытта дамиды. Ендеше, жыныстық теңдік тек саясаттың емес, мәдениеттің, білімнің, отбасылық тәрбиенің де өзегі болуы керек.
Өзгеге үлгі болар ел боламыз десек, алдымен бір-бірімізді тыңдауды, түсінуді және құрметтеуді үйренуіміз қажет. Теңдік – бәсеке емес, келісім. Теңдік – жарыс емес, жарасым. Гендерлік теңдік – кемел болашақтың кепілі.
Адина ҰЗАҚБАЙ,
Қызылорда қаласы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!